Мүліктің меншік иелері бірлестігі мемлекеттік тіркелген кезінен бастап құрылды деп есептеледі және заңды тұлға құқықтарына ие болады. Мүліктің меншік иелері бірлестігін мемлекеттік тіркеуді әділет органдары Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырады.

Мүліктің меншік иелері бірлестігін мемлекеттік тіркеу үшін әділет органдарына:

  1. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініш;
  2. жиналыс хаттамасы;
  3. мүліктің меншік иелері бірлестігінің жарғысы;
  4. заңды тұлғаны мемлекеттік тіркегені үшін бюджетке тіркеу алымы төленгенін растайтын квитанция немесе өзге де құжат ұсынылады.

Мүліктің меншік иелері бірлестігіне өзі сатып алған, өзі міндеттемелері бойынша жауап беретін мүлік меншік құқығымен тиесілі болады.

Мүліктің меншік иелері бірлестігі пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың, орынтұрақ орындарының, қоймалардың меншік иелерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың, орынтұрақ орындарының, қоймалардың меншік иелері мүліктің меншік иелері бірлестігінің борыштары бойынша жауап бермейді.

Мүліктің меншік иелері бірлестігінің жарғысында:

  • мүліктің меншік иелері бірлестігінің атауы, қызмет нысанасы мен мақсаттары, орналасқан жері;
  • басқару органдарының құрылымы, оларды қалыптастыру тәртібі және құзыреті;
  • пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың, орынтұрақ орындарының, қоймалардың меншік иелерінің құқықтары мен міндеттері;
  • мүліктің меншік иелері бірлестігінің мүлкін қалыптастыру көздері;
  • мүліктің меншік иелері бірлестігінің жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;
  • мүліктің меншік иелері бірлестігі таратылған жағдайда мүлікті пайдалану тәртібі, оны қайта ұйымдастыру және қызметін тоқтату шарттары көзделуге тиіс.

Мүліктің меншік иелері бірлестігі өз қызметін үлгілік жарғы негізінде жүзеге асыруға құқылы.

Е.Тажикенов
Қызылорда облысының Әділет
департаментінің бөлім басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!