Қоғамда әр адамның еңбек етуге, өз қабілетін жүзеге асыруға тең құқығы бар. Дегенмен, бұл қағида мүгедектігі бар адамдар үшін әрқашан қолжетімді емес. Олар жұмыс істеуге ынталы, қабілетті болса да, еңбек нарығы оларға әлі де толық ашыла қойған жоқ. «Мүмкіндігі шектеулі емес – мүмкіндігі өзгеше» деген ұстаным қоғамда тек ұран ретінде емес, шынайы саясат пен күнделікті тәжірибеге айналуы тиіс.

Нақты жағдай қандай?

  Көптеген елде, соның ішінде Қазақстанда да, мүгедектігі бар азаматтардың жұмыссыздық деңгейі жалпы халыққа қарағанда бірнеше есе жоғары. Бұған бірнеше себеп бар:жұмыс берушілердің стереотиптері мен қорқынышы, инфрақұрылымның (кеңсе, жол, көлік) бейімделмеуікәсіби білім алудағы шектеулер, арнайы қолдау бағдарламаларының жеткіліксіздігі. Мүгедек жандардың көпшілігі жоғары білімді, тәжірибелі, шығармашылық қабілеті мол азаматтар. Олар үйден отырып-ақ қашықтан жұмыс істей алады, IT, аударма, графика, қолөнер сияқты түрлі салаларда табысты еңбек етіп жүр. Бірақ жұмысқа қабылдауда көп жағдайда тек физикалық шектеу емес, қоғамдағы көзқарас тосқауылға айналады.

Не істеу керек?

  Мәселені шешу үшін мынадай бағыттарға басымдық берген жөн: жұмыс берушілерге инклюзивті жұмыс орнын құру бойынша ынталандыру тетіктерін енгізу, мүгедек адамдарға арналған тегін кәсіптік курстар мен гранттар жүйесін дамыту, мемлекеттік және жекеменшік мекемелерге квота арқылы жұмысқа орналастырудың нақты орындалуын қадағалау, қоғамда мүгедек жандарға деген көзқарасты өзгертуге бағытталған ақпараттық науқандар жүргізу.

  Олар мейірімді, көзқарастары, ой-тұжырымдары, түйсіктері бөлек. Бойдағы күш-жігер, іштегі бұлқыныс оларды өмірді ынта-шынтасымен сүюге жетелейді. Табиғатынан талантты, талапты жандардың бұл тобы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Елімізде оларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, кедергісіз орта қалыптастыруға жағдай жасалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда ешкімнің құқығы шектелмеуі керек», деп ерекше күтімді қажет ететін жандарға ыңғайлы орта қалыптас­тыру қажеттігін тапсырды.«Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс. Ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс, бұл – өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз» дейтін азаматтар да жоқ емес. Мәселен, Қарағанды қаласында бертінде ашылған Ten Qogam әлеуметтік бейімдеу орталығы мүмкіндігі шектеулі адамдарға ақпараттық-кеңес беру қызметтерін көрсетіп келеді. Алдағы уақытта Балқаш, Саран, Теміртау, Шахтинск, Абай қалаларында осындай орталықтар ашу жоспарлануда.

   Мүгедектігі бар тұлғаларды жұмыспен қамтудың тағы бір тетігі – арнайы жұмыс орындарын құру. Бұл жоба 2018 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Биыл мұндай жұмыс орындарын құруға 13 млн. теңге қаражат қарастырылды. Әсіресе, есту және көру қабілеттері бұзылған адамдарға арналып ашылды. Әрі бұл топ өкілдерінің жалақысы 60-65-70% көлемінде үш жыл бойы мемлекет тарапынан субсидияланып отырады.

  Мүмкіндігі шектеулі адамдармен қарым-қатынастағы стандарттар және этикет:

  Мүмкіндігі шектеулі адамдар белгілі бір ерекшеліктері бар адамдар. Олардың да басқалар сияқты құрметке, теңдікке және қадір-қасиетке құқығы бар. Сондықтан олармен қарым-қатынас аяушылыққа емес, өзара сыйластық пен түсіністікке негізделуі керек.

  Ыңғайлы және құрметті ортаны құру үшін мүгедектермен қарым-қатынас жасау кезінде белгілі бір этикет стандарттары бар:

  Адаммен оның серігі немесе сурдоаудармашымен емес, тікелей өзімен байланысыңыз. Оны тұлға ретінде құрметтеңіз және онымен тікелей сөйлесіңіз.

  Олармен кездескенде, оған қозғалу қиын болса да, ақырын қол алысыңыз. Бұл қимыл сіздің құрмет пен жақсы ниетіңізді көрсетеді.

  Көмек ұсынғанда, оны сыпайы түрде орындаңыз және оның көмекті қабыл алуын күтіңіз. Әр адамның жеке қалауы мен қажеттіліктерін құрметтеңіз.

  Мүмкіндігі өзгеше жандар – қоғамның толыққанды мүшесі. Олар шеттетуді емес, қолдауды, аяушылықты емес, тең мүмкіндікті қалайды. Шынайы инклюзия – бұл тек мүгедек адамдарға көмек емес, бүкіл қоғамның дамуына жасалған қадам. Себебі әр адам қоғам үшін құнды.

                                       Арайлым Қуанышбекова,

              Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

Фото: egemen.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!