Нұр-Сұлтанда колледж студенттері сабақ үстінде жаңа «шаш үлгісін» жасатқан. Білімгерлердің шашты тақырлау туралы бастамасын тарих пәнінің мұғалімі қолдапты. Ол бұл әрекеті үшін жұмыстан қуылды. Ал студенттер сүйікті ұстаздарын қайтару үшін петиция құрып, телеарнадан көмек сұрады.

Студенттер өз әрекеттерін ұсақ тентектік деп түсіндірді. Айтуларынша, олар Отан қорғаушылар күні қарсаңында биыл әскерге шақырылғандарды осылайша қолдамақ болған. Енді соған бола адамды жұмысынан айыру нағыз әділетсіздік, деп бас көтерді студенттер. Әрі жаңа «шаш үлгісіне» балалардың ата-аналарына да қарсы болмаған. 

«Әкем тым болмағанда ерге ұқсадың, деді. Ал анам оңды көзқараспен қарады», – дейді 1-курс студенті Әділ Жаңабай. 

 «Менің алдыңғы шаш үлгім ешкімге ұнамайтын. Каре еді. Маған бәрі шашыңды қысқарт дейтін. Әрі жігіттердің 7-мамырға орай бастаған идеяларын қолдағым келді», – дейді білімгер Әмір Құсайын. 

Студенттердің айтуынша, жұмысқа небәрі бір жарым ай бұрын келген жас ұстаздың арқасында олардың үлгерімі мен сабаққа қатысуы жақсарған. Мұғалімді жұмыстан шығармау үшін олар петиция құрып, 80 қол жинап үлгерген. Алайда колледж әкімшілігі кәмелетке толмаған білімгерлер арасында мұндай қылыққа жол беруге болмайтынын қатаң түрде ескертті. Мұғалім де өз еркімен жұмыстан кетіпті.

«Студенттердің петиция құрғаны рас. Бірақ бұл педагогтің қалауы екенін түсіндірдік, оны күштеп алып қала алмаймыз. Барлығы екіжақты келісіммен болды. Студенттерді түсінемін. Мұғалім оларға дос сияқты болып кеткен шығар. Бірақ меніңше, бұл ұстаз бен студенттің қарым-қатынасынан гөрі достыққа көбірек ұқсайды»,- дейді колледж директорының оқу-әдістемелік жұмыс бойынша орынбасары Ләззат Ибраева.  

Ал тарих пәнінің мұғалімі білімгерлермен дос болғанның еш айыбы жоқ деп санайды. Десе де, Әділ Нұржанов челленджді сабақ үстінде жасау оңды шешім болмағанымен келіседі. 

«Өз еркіңмен арыз жазбасаң, сені бір баппен шығарамыз, жеке ісіңе кіргіземіз деп қорқытты. Бірақ менің кеткім келмейді. Студенттеріме оларды бітіріп шығаратыныма уәде бердім. Балаларды жақсы көремін», – дейді Әділ Нұржанов. 

Мұғалім колледжден кету туралы арыз жазғанына өкінеді. Ал студенттер өзге білімгерлер мен ата-аналардан қол жинауды жалғастыруда. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!