Фото: mededu53.ru
Адам баласы болған соң басың ауырып, балтырың сыздайды емес пе? Ең өкініштісі, қазір аурудың көбейіп кетуі және жас талғамайтындығы. Осы жылдың 5 ақпанында қызым Көркем Әділханқызы Әжіманмен облыстық тері-венерологиялық диспансерінің «Тері» бөліміне түскен болатынбыз. Бөлімге келгеннен аурухана мейіргерлері қызымның барлық жағдайын жасады. Дәрігер қабылдауынан кейін мейіргер дер кезінде жақпа май мен екпелерін қолданып, ем-шараларын бастап кетті.
Қызымның тері ауруының емін осы диспансерден таптық, сол үшін қуанамын. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген ғой, ал ауырып қалып емін тапқанның өзі бір қуаныш. Диспансердің медициналық персоналдарының ішінде мейіргер Салтанат Ануарбекқызы Оспанованы ерекше айтып өткім келеді. Салтанат Ануарбекқызының науқастармен қарым қатынасы өте жақсы. Қызым айтады «салған екпелері тіпті сезілмейді, қолы өте жеңіл екен» дейді. Риза болдым, медицинада осындай кішіпейіл, ақжарқын мінезді мамандар көбейе берсін. Бүгін ауруханадан қызым ауруынан толық айығып шықты. Шүкір Аллаға, бізге ем болды! Диспансердегі барша науқастар аман-есен, құлан-таза айығып отбасына оралуына тілектеспін. “Тері” бөлімінің барша дәрігерлері мен мейірбикелеріне аналық алғысымды білдіремін.
А.ШАУЕНОВА, анасы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!