Бүгін күн тағы ыстық болатын секілді. Мықтыбек ұйқыдан ерте тұрып,аулаға су сеуіп, қорадағы тірліктеріне кірісті. Күндегі әдетімен гүлдерге су құйды, қоқыстарды жинады, Ақтабанға тамағын берді. Аздап қолы босаған сәтте ұялы телефонын алып әр түрлі жаңалықтарды қарай бастады. Кей елдерде соғыс, атыс, шабыс, жылаған аналар мен балалар… Неткен сұмдық?! Осы кезде Мықтыбектің ойына егер мен батыр болсам деген қиял ұялады…

Мықтыбек – сұңғақ бойлы, ірі денелі, мықты әскери қызметкер.Әскери қызметте жүргеніне де 10 шақты жылдың жүзі болған.Ол тек өз елінде, Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемге ерекше қасиеттерімен танымал болып үлгерген.

Бүгін де таңертең оның дыбыс қабылдағыш құралына ерекше дабыл келді. Дереу құрылғының тетігін басса, көршілес елдердің біріне зұлым күштердің басып кіргені, аспанды қаратүнек басып, халықты үрей билегені жөнінде хабар келіп түсіпті. Әп сәтте барлық қару-жарағын, арнайы сауыт-сайманын тағынып, алтын түстес дулығасын киіп, күміс белдігінің тетігін басып қалғанда зымырандай ұшып өзіне қажетті нүктеге дөп түсті.

 Айнала тас қараңғы.Қыбырлаған жан жоқ. Құдды бір тіршілік жоқ қалаға келгендей.Тірі жанның бәрі жан сауғалып тығылып қалыпты. Мықтыбек жау көзіне түспес үшін өзінің жылтыр шапанын жамылды, оның ғажабы – Мықтыбек ғайыпқа айналады. Айналасын барлап қараса, елді үрейде ұстап отырған арам пиғылды жат ғаламшарлықтар екен. Өздерінің түрі де ұсқынсыз.

Едірейген көздері, қалқан құлақтары, абажадай үлкен қолдары мен аяқтары және бұдыр басқан шойындай қара беттеріне қараудың өзі жиіркенішті еді. Олардың көптігі сондай, тіпті, сан жетпейді. Мықтыбек бұларға қандай тұзақ құрсам екен деп ойланды. Кенет оның ұсақ геймер құралы есіне түсті. Оны қолына ала салып,қажет бағдарламасын ашып, зілді дауысымен әмір берді.

– Мына құбыжықтарды жүз есеге кішірейт, – деуі сол екен құрылғы іске қосылып, барлық жатғаламшарлықтар, бағанағы алып құбыжықтар, кішкентай жәндіктерге айналып шыға келді.

Бұл ретте Мықтыбек тек зұлым ғаламшарлықтарға ғана әсер ететін бағдарламаны ғана қолдануды ұмытпады. Әйтпесе қаланың тұрғындарына да зияны тиер ме  еді? Кім білсін?

   Мықтыбек олардың барлығын бір үлкен құтыға арнайы әуен арқылы шақырып, жинап алды да, құтының аузын жауып, теңіз түбіне лақтырып жіберді. Осы сәтте күн жарқырап шығып, қала тұрғындары қалыпты өмірлеріне қайта оралды. Олар Мықтыбекке алғыстарын жаудыра бастады. Қала әміршісі барлық тұрғынды алаңға жинап,барша халықтың атынан Мықтыбектің омырауына «Каhарман қазақ ұлы»  деген төсбелгіні жарқыратып тақты. Бұл төсбелгі Мықтыбектің омырауындағы көптеген төсбелгілермен қатар қатарында жарқырай түсті.

Ол айналасына бір көз тастап, жүздерінде алғыс пен ризашылықтың белгісі бар тұрғындарды көрді. Олармен қош айтысып, өз еліне асыға қайтуға бет алды.

Туған жеріне келгенде, құс ұшса қанаты талатын, тұлпар шапса тұяғы талатын кең байтақ қазақ даласында туылғанына және де бұл елде мәңгі бейбітшілік пен татулық орнағанына кеудесін мақтаныш сезімі кернеді. Осы тәтті қиялдың жетегінде тұрып: «Мен бақытты елдің ұланымын!» – деп айқайлап жібергенін де байқамай қалды.

Рамазан СЫРҒАБАЕВ,

Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандырылған мектеп оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!