Фото: Parlam.kz

Парламент Мәжілісі депутаттары Ринат Зайытов пен Дәулет Мұқаев орыс тілін тек 5 сыныптан оқыту керек деп бастама көтерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мәжілісте бүгін «Оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңарту» мәселесіне арналған тақырыптық отырыс өткен. Сөз алған Дәулет Мұқаев орыс тілі оқулықтарының тапсырмаларының шамадан тыс ауыр екенін айтты. Оның сөзінше, ата-ана ретінде бастауыш сыныптарға берілген орыс тіліндегі тақпақтарды бала түгілі ересектерге жаттау қиын. 

«Орысша оқитын балаларға жүргізілетін қазақ тілінің оқулығын қарасаңыздар, жеп-жеңіл, бес әріпті қойып, мында «қай әріп жетпей тұр» деп сұрайды. ҰБТ да сондай. Балаларымыздан орыс тілді  филолог дайындап жатқан сияқтымыз. Причастный оборот, деепричастный оборот  деген сөйлемдері бар. Одан кейін өзге де өлеңдерді жаттатып, біз балаларды қинап жатырмыз», – деді Дәулет Мұқаев.

Депутат мектептегі оқулықтарды жеңілдету керек деп есептейтінін айтты.

«Мен өзім ата-ана ретінде Жапонияның принципін ұстанамын. Балаларға бесінші сыныпқа дейін өзге тілді үйреткім келмейді. Тек ана тілі – қазақ тілін үйретіп келем. Бірақ олар ағылшынға келеді де, бірден алфавитті үйреніп кетеді», – дейді ол.

Әріптесінің бұл сөзіне Ринат Зайытов қосылды. 

«Балалардың орыс тілінде оқи алмайтыны менің де басымда бар жағдай. Бесінші сыныпқа дейін тек ана тілінде оқытуға рұқсат беріңіздер. Мен баламды көп тілде оқытқым келмейді. Нәтижесін осы жерде отырған біраз адамдардан көріп отырмын, не қазақша, не орысша сөйлей алмайды», – деді депутат.

Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері депутаттардың бұл бастамасына нақты жауап берген жоқ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!