Фото: Ашық дереккөзден алынды

Елімізде де, бүкіл әлемде де алаңдаушылық тудыратын өзекті мәселелердің бірі – нашақорлықтың таралуы. Бұл құбылыс жеке адамның ғана емес, жалпы ұлттың денсаулығына қауіп төндіреді.  

Нашақорлық – есірткіге немесе психотроптық затқа тәуелділіктен туындаған ауру. Есірткіні қолдану нәтижесінде психикалық және физикалық тәуелділік қалыптасады. Тәуелділіктің қалыптасу жылдамдығы және оның ауырлығы әр түрлі болуы мүмкін. Яғни жасына, қолдану жиілігіне, ағзаның ерекшеліктеріне әсер етеді. Психикалық тәуелділіктің жағдайы адамның есірткінің көмегімен ішкі тепе-теңдікке қол жеткізгісі келетіндігінде және есірткінің әсерін қайта-қайта сезінуге тырысатындығында көрінеді.

Есірткіні сатумен айналысу – қылмыс. Есірткі заттарын қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Нашақорлық өте қорқынышты ауру. Себебі есірткіге әуес адам келесі дозаға ақша іздеп, ұрлыққа, алдауға баруы мүмкін. Осындай қысқа сәт үшін ол саналы түрде, өзін өмірдің барлық қуаныштарынан айырады. Есірткі сатушылар өз «тұтынушыларына», яғни жасөспірім немесе мектеп оқушыларының компаниясына «инеге отырғызу» үшін әдейі бірінші дозаны аз мөлшерде сатып немесе тегін беруі мүмкін. Тіпті есірткінің алғашқы дозасы өлімге әкелуі ықтимал.

Қазіргі таңда жасөспірімдердің осы дертке көп ұшырасып жатқаны белгілі. Жасөспірімдік шақ алкогольді де, басқа да психоактивті заттарды, соның ішінде есірткіні де теріс пайдалану қаупін тудыратын бірқатар биологиялық және психологиялық ерекшеліктермен сипатталады. Есірткіге тәуелділікті емдеу қиын. Бұл жастағы балалар көңіл-күйі өзгермелі, өзін тәуелсіз сезінгісі келеді және әрқашан емге қарсы тұрады. Жасөспірімдерде психоактивті заттарды тұтыну кезінде мінез-құлық пен жағдайдың себепсіз өзгерістері байқалады. Жасөспірімдегі нашақорлықтың көріністері әртүрлі болуы мүмкін, ол есірткі заттарының түріне байланысты. Дегенмен ата-аналар баланың есірткі қабылдайтынын түсінетін жалпы белгілер бар.     Біріншіден, оның мінез-құлқы өзгеріп, оқуға деген қызығушылығын жоғалтады. Сыныптастары мен достарынан алыстап, өтірік айта бастайды. Жаңа «достарымен» көп уақыт өткізіп, агрессивті, ашуланшақ болатыны анық. Ол ата-анасынан аулақ жүреді, ұзын жеңді киім киеді, ал үйден ақша мен құнды заттар жоғалып кетуі мүмкін. Өзгеріс тек мінезде емес, сыртқы түрде де пайда болады. Терісі бозғылт сұрға айналып, киімі мен шашы ұқыпсыз болып, аяқ-қолы ісінеді. Есірткінің жасөспірімнің денесіне әсері ересек адамға қарағанда бірнеше есе күшті. Ең алдымен, ми зардап шегеді. Уақыт өте келе интеллектуалды қабілетін жоғалтып, есте сақтау қабілеті нашарлайды. Есірткіні үнемі қабылдау ағзаның созылмалы улануына себеп. Иммунитет төмендеп, өсу мен даму баяулайды, орталық жүйке жүйесінің жұмысы бұзылады. Сондықтан саулыққа салғырт қарамай, зиянды әрекеттен аулақ болған абзал.

Нұрай АРЫСБЕКОВА,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық

қазақ-түрік университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!