Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті мен ҚМДБ-ның облыстық филиалы, облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласының бас имамы, РАНТ мүшесі, Сыр елінің тумасы Нұрлыбек Күзенбаев №60 мекемеде болып экстремизм және терроризм баптары бойынша сотталған азаматтармен кездесу өткізді. Кездесу 25 азамат қатысты.

Бас имам «Алланы еске алып сабыр ету және тәубеге келу» тақырыбында насихат жүргізді. Ол өз сөзінде: «Алла әр адамды әртүрлі сынақпен сынайды. Сондай-ақ, өзі көтере алатын сынақ береді. Бәлкім, Алла сіздерді осы жермен сынап жатқан болуы мүмкін. Сіздер оған сабырлық танытып, осы мекеменің күн тәртібі мен ережелеріне бағынатын болсаңыздар, Алла сіздерге сол арқылы күнәларыңызды осы дүниеде кешіріп қойуы мүмкін. Байқап қарасам мекеме қызметкерлері сіздерге жақсы қарым-қатынаста. Түрлі мәдени-спорттық ісшаралар мен қатар діни дәрістер де жақсы жолға қойылғандығы байқалады. Мен Ақтөбе қаласындағы және өзге де облыстардағы жаза өтеу мекемелерінде болып жүрмін. Алайда, мына сіздерге жасалынған жағдай мен діни және идеологиялық дәрістердің жүргізілу барысы мені қатты қызықтырды. Ақтөбе қаласына барған соң осы мекемеден алған тәжірибелеріммен бөлісетін боламын», – деді.

Кездесу соңында Қ. есімді азамат:  «Мен осы қалада жазамды өтеп жатырмын.  Енді менің әйел, бала-шағам осы жерге мен үшін көшіп келсе, шариғат бойынша осы қаланың тұрғыны болып саналамын ба, сондай-ақ, діни жоралғыларды тұрғылықты азамат ретінде орындай аламын ба?» – деген сұрақ қойды.

– Әрине, егер де отбасыңыз 14 күннен астам уақыт осы қалада болуды ниет етсе, Ханафи мазхабы бойынша жолаушы үкімінен тұрғылықты адам үкіміне өтеді және барлық діни жоралғыларды осы үкім бойынша жасайды, – деп жауап берді.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!