Наурыз – әлемге жылулық пен қуаныш әкелетін, көне заманнан бері тойланып келе жатқан ұлық мереке. Бес мың жылдық тарихы бар Наурыз мейрамы табиғаттың жаңаруын, жаңа өмірдің бастауын білдіреді. Бұл күні жер-ана бусанып, ағаштар бүршік жарса, адамзат баласы да жаңа өмірге қадам басады.

Наурыз мейрамы – қазақ халқының көшпелі тұрмысындағы маңызды дәстүрлерді сақтай отырып, ұлтымыздың жадында терең орын алған салт. Қыстан аман-есен шыққан халық көктемнің алғашқы күндерін қуанышпен қарсы алып, ұлан-асыр тойлар өткізетін болған. Осы дәстүр бүгінге дейін жалғасын тауып, әрбір көктемде кеңінен тойланады.

Бұл мейрам – тек табиғаттың жаңаруы ғана емес, адамдар арасындағы ынтымақтастық пен бірлікті нығайтатын, барша қазақстандықтарды жақсылыққа шақыратын мереке. Наурыздың маңызы ерекше, өйткені ол барлық ұлт пен ұлыстың өзара татулығын, бейбітшілігін, қайырымдылығын білдіреді.

Қазіргі таңда Наурыз мейрамы еліміздің тәуелсіздігімен бірге ұлттық мереке ретінде толықтай атап өтілуде. Әр қала мен ауылда киізүйлер тігіліп, ұлттық дәстүрлер мен мәдениетіміз дәріптелуде. Бұл күнді барлық қазақстандықтар асыға күтеді, өйткені ол бейбітшілікке, ізгілікке, жаңару мен бірлікке бастайтын ерекше күн.

Наурыз – бұл тек көктемнің келуі ғана емес, ұлттар достығының, адамдар арасындағы сүйіспеншіліктің, өзара құрметтің мерекесі. Елбасының қолдауымен еліміздің барлық өңірлерінде мерекелік шаралар өткізіліп, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениеті ұлықталып келеді.

Ұлттың ұлылығын, дәстүрдің құндылығын танытатын бұл мейрамды ел ішіндегі барлық ұлт өкілдері сағынып, ерекше ықыласпен қарсы алады. Наурыздың маңызы күннен күнге артып, халықты ізгілікке, мейірімділікке, бейбітшілікке шақыруы арқылы оның қадірі арта түсуде.

Наурыз мерекесі барша қазақстандыққа құтты болсын!

М.Ермекбаев,
Мемлекеттік сот орындаушы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!