Көне тарихқа көз жүгіртсек, тұлпардың тұяғы шаңды көтерген, ұлы даланы дүбірге бөлеген ұлттық спорттың тамыры тереңде екенін білеміз. Демек, мұның Наурызнамаға арнайы күн болып бекітілгені бекер емес. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі тобының ұйымдастыруымен спорттық сайыс өтіп, қызметкерлер өзара бақ сынасты.

Ұлттық ойынды ұлықтауды мақсат еткен іс-шараның шымылдығы Әнұранмен ашылды. Содан соң мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары әділет майоры Тұрымбетов Мирамбек Ұзақұлы айтулы күннің маңызын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Қызметкерлер қол күресу, ләңгі тебу, арқан тартыс және гір көтеру бойынша сынға түсті. Тартысты додада тартынбағаны олардың табандылығын айғақтағандай. Темірдей төзімділік танытқан қызметкерлердің жүзінен қайсарлық пен сенім анық сезілді. Сондықтан, жігер жеңісті жақындата түсті десек қателеспейміз.

Сайыс қорытындысында намысты қолдан бермей, үздік нәтиже көрсеткен қызметкерлер марапатталды.

Бұл спорттық іс-шара – ұлт мұрасын дәріптеумен қатар, ұжым арасындағы бірлікті нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға үлкен серпін бергені сөзсіз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!