Қазақ күнтізбесіндегі Наурыз айының орны ерекше. Жыл он екі айдың басы, көктемнің алғашқы айы. Бұл уақытты асыға күтіп, құт мезгіліне балайтындар есте қаларлықтай қасиетті ай деп те жатады. Расында да наурыз айы – табиғаттың жаңғырар, біреудің екеу болар, тіршілік атаулының тірлік танытар мерзімі.
Мәні терең мейрам биыл да ерекше аталып өтпек. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мерекені тойлаудың жаңа форматы, яғни, Наурызнама онкүндігі енгізілген. Осы жылы да сол үрдіс жалғасын тауып, кең көлемде тойланады. Әр күндегі әрбір мереке маңызды һәм ерекше маңызға ие. Ал бұл күндері Сыр өңіріндегі жұрт та жайбырақат жатпасы анық. Тіпті, онкүндік атап өту мақсатындағы түрлі іс- шараның жоспары да бектіліп қойған-ды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз алаңында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов баяндап берді.
– Былтырдан бері елімізде «Наурыз мейрамын атап өтудің тұжырымдамасы» қабылданған. Соған сәйкес Наурызнама онкүндігі 14-23 наурыз аралығында өтеді. Биыл да Наурызнама онкүндігінде әр күнге арнайы тақырыптар бекітілді. Осы бағытта облыс көлемінде 103 іс-шара жоспарланса, оның 38-і облыстық деңгейде өткізіледі. 14 наурыз – «Көрісу күні – Амал мерекесін» атап өтуден «Наурыз» мейрамын тойлау бастау алады. 15 наурыз – «Қайырымдылық күні», 16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні», 17 наурыз – «Шаңырақ күні», 18 наурыз – «Ұлттық киім күні», 19 наурыз – «Жаңару күні», 20 наурыз – «Ұлттық спорт күні», 21 наурыз – «Ынтымақ күні», 22 наурыз – «Жыл басы», 23 наурыз – «Тазару күні» наурызнаманың қорытынды күні жалпыұлттық экологиялық акция ұйымдастырылып, «Тазалық эстафетасы» басталады, – деді Шахмардан Асқарұлы.
Міне, онкүндіктің жоспары осындай. Әрбір күнге тереңірек үңілетін болсақ, 14 наурыз – «Көрісу күні – Амал мерекесін» атап өтуден «Наурыз» мейрамын тойлау бастау алады. Бұл күні 11 облыстық және 5 аудандық деңгейде ауқымды шаралар өтеді.

15 наурыз – «Қайырымдылық күні»
Мұнда цифрлық отбасы картасы негізінде әзірленген тізімге сәйкес мұқтаж жандарға, қарттар үйіне, дағдарыс орталықтарына, жетім балаларға және көпбалалы отбасыларға барып, мерекемен құттықтаулар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, айрықша көзге түскен меценаттар, қайырымдылық ұйымдарының бас- шылары мен еріктілер марапатталады.
16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні»
Бұл күн мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға ар- налады. Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу мақсатында дәстүрлі іс-шаралар, сондай-ақ мәдениет ұйымдарында халықтың салт-дәстүрлерінің (тұсаукесер, бесікке салу, беташар және т.б.) көрсетілімдері мен суретшілер мен мүсіншілердің туындыларының көрме-тұсаукесерлері өткізіледі.
17 наурыз – «Шаңырақ күні»
Шаңырақ күнінде отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұлттық киім киген жастардың неке қию салтанаты өтеді, ал ақсақалдар «Наурыз бата» береді. Сонымен қатар, жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз-базарлық» естелік сыйлықтары табысталып, құттықтау шарасы ұйымдастырылады. Облыс көлемінде 3 ауқымды шара қолға алынып, әрбір аудандарда да жалғасын таппақ.
18 наурыз – «Ұлттық киім күні»
Наурызнаманың онкүндігінде ұлттық киімдерді танымал ету мақсатында сәнді киімдер көрсетілімі мен фестивальдер өткізіледі. «Ұлттық киім күні» тақырыптық челленджі танымал мәдениет қайраткерлері, әртістер, спортшылар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен ұйымдастырылады.
19 наурыз – «Жаңару күні»
«Наурыз елдің заманауи тарихындағы ауқымды өзгерістерге жол ашқан жаңа саяси кезеңнің бастауы» деген идеологеманы түсіндіру үшін сарапшылар тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Бұл күні «өмірдің жаңаруын» бейнелейтін жаппай ағаш отырғызу шаралары өтеді.
20 наурыз – «Ұлттық спорт күні»
Ұлттық спорт күнінде елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар өткізіледі. Оның ішінде 5 облыстық түрлі ауқымды шаралар жоспары бар. Мұндай спорттық іс-шаралар аудандарда да өтетін болады.
21 наурыз – «Ынтымақ күні»
Бұл күні Мемлекет басшысының қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен бейне құттықтауы жарияланады. Күн тәртібін жалпыұлттық телемарафон жалғастырып, өңір тұрғындары мен шетелдегі қандастардың мерекелік құттықтау эстафетасы ұйымдастырылады.
22 наурыз – «Жыл басы»
Мерекелік атмосфераны бұқаралық іс-шаралар мен халықтық мерекелер қалыптастырады. Этноауылдар мен мерекелік жәрмеңкелер ашылып, әр қала мен ауылда «Наурыз нақышымен безендірілген ең тартымды үй», «Ең таза подъезд», «Наурыз стилімен безендірілген ең әдемі көше» сияқты байқаулар өткізіліп, жеңімпаздар марапатталады.
23 наурыз – «Тазару күні»
Наурызнаманың қорытынды күні жалпыұлттық экологиялық акция ұйымдастырылып, «Тазалық эстафетасы» басталады. Арықтарды, аулаларды және мерекеден кейінгі қалдықтардан тазалау шаралары өтеді.
Айта кетейік, 25 ақпаннан 2 наурыз аралығында Сыр өңірінде 200-ге жуық іс-шаралар ұйымдастырылған. Сондай-ақ 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күні аясында облыс көлемінде 173 шара өткен.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!