Ақтөбе қаласынының Ұзақбай Құлымбетов атындағы №64 мектебінің 10-сынып оқушысы Тұмар Смағұл «NazarAl» қосымшасын ойлап тапты. Осы қосымша арқылы ол жасанды интеллекттің көмегімен мектеп оқушыларына төнген қауіп туралы ақпаратты құзыретті органдарға хабарлауға мүмкіндік алды. Осы орайда ЖИ және IT саласына серпін әкеліп, дарынымен талайды тамсандырған Тұмар Смағұлмен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Бұл қосымшаны ойлап табуға не түрткі болды?

– Қауіпсіздік тақырыбы қазір өзекті мәселе. Әлемде және елімізде болуы мүмкін қауіптен сақтану үшін қауіпсіздік шараларын күшейту маңызды деп есептеймін. Сол себепті технологиялық жетістіктерімізді қолдана отырып, қауіпсіздік бағытында пайдалы дүние ойлап табуға күш салдым. Қосымшаны іске қосқаннан кейін құзырлы органдармен тілдескен едік. Оларға бұл қосымша өте тиімді. Айтуларынша, өте пайдалы бағдарлама.

– «NazarAI» қосымшасында қандай технологиялар мен алгоритмдер қолданылады?

– «NazarAI» қосымшасының негізгі 2 функциясы бар. Біріншісі, оқушының бетін анықтау және танылған оқушы камераға түскен сәтте скрин арқылы «Ата-аналарға хабарлама» атты телеграмм каналға жіберу. Ал екіншісі, оқушы екі қолын жоғарыға көтеріп, қауіп төнгенінен хабардар етсе, оқушының компьютерлік моделі құрастырылып, қол буындары градустары арасында есептеулер жүргізеді. Қосымша қауіпті анықтаған соң, «Дабыл» атты телеграмм каналға скрин жібереді. Бұл телеграмм каналға ішкі істер органдарының арнайы бөлімі және мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары тіркелген.

– Қосымшаны дамытуда қандай кедергілер болды?

– Әрине, қиындықсыз ешқандай жұмыс болмайды. Алайда бұл берілуге себеп емес еді. «NazarAI» үшін камера, интернет желісі және компьютер керек болды. Ал камераның сапасы төмен болғанына байланысты шамалы қиындық тудырды. Дегенмен бұл ойлағанымды жүзеге асыруға кедергі болмады. Қажетті құралдар толыққан соң, қолданбаның жұмысын мектеп оқушыларымен бірлесе тәжірибеден өткіздік. Еңбегіңнің жемісін көргеннен кейін, арқаңнан ауыр жүк түскендей жеңілдік сезінеді екенсің…

– Болашақта «NazarAI»-ды жетілдіру бойынша қандай жоспарыңыз бар?

– Жетекшімізбен қосымшаны дамыту барысында сөз арқылы қауіпті анықтайтын функция қосуды қолға алдық. Мәселен, «құтқарыңдар», «көмектесіңдер» деген кілттік сөздерді қолдану арқылы қосымшаның қауіпті анықтауы үшін жұмыс істеудеміз.

– Тұмар, өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Бағдарламалау мен технологияға деген ынтаңыздың жоғары екенін байқадық. Бұдан басқа қандай қызығушылықтарыңыз бар?

– Мен мектептің белсенді және үздік оқушысымын. Сондай-ақ өзін-өзі басқаруға машықтандыратын парламенттің мүшесімін. Кішкентай кезімнен өзге елдің тілін білуге құмар болып өстім. Білімімді жетілдіріп, бүгінде ағылшын тілін толық меңгеруді қолға алдым. Одан бөлек, курстарға қатысып, өзімді шыңдаймын. Ал технологияға деген қызығушылық 9-сыныптан бастау алып, бүгінде жемісін бірге көріп отырмыз. Оған себеп ҰБТ-да информатика және математика пәндерін таңдамақшымын.

Осы тұста ағайыма деген алғысым шексіз. Себебі оның қолдауы маңызды еді. Тәлімгерім – қабілетімнің дамуына бірден-бір себепкер болған жан. Алдағы уақытта жетекшіммен бірге талай жобаны жүзеге асырамын деп сенемін.

Жалпы қазақстандық өнертапқыштарды қолдап, олардың жағдайын жасау қажет деп ойламын. Олардың бүгінгі бастамалары ел болашағына тікелей әсер етеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Айсара МЕЙРАМБЕКОВА,
10-сынып оқушысы
Зайсан қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!