Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық ортада көрінбей кеткеніне екі айдан асты. Костенко шахтасындағы қайғылы оқиғаға қатысты оның тарапынан ешқандай реакция болған жоқ.

Блогер Аида Жексен тұңғыш президенттің Қарағандыдағы кеншілердің қазасына байланысты әлі көңіл айтпағанын жеткізді.

«Қарағандыдағы қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлі де көңіл айтпағаны қызық болып тұр. Ол өзі жалпы тірі ме?», – деп жазды ол Telegram-арнасында.

30 тамыз күні Нұрсұлтан Назарбаевтың Instagram желісіндегі ресми аккаунтында Конституция күнімен құттықтауы жарияланды. 

Сол күні ол туралы Беларусь президентінің сайтында да айтылды. Хабарламада Александр Лукашенконың Қазақстанның қазіргі және бұрынғы президенттерімен телефон арқылы сөйлескені жазылған.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен әңгімелесу барысында Беларусь-Қазақстан ынтымақтастығын дамытудың перспективалық бағыттары талқыланды. Ел басшылары халықаралық мәселелер бойынша да пікір алмасты. Сондай-ақ Александр Лукашенко Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлесті», – делінген баспасөз хабарламасында.

Бұған дейін Лукашенко мен Назарбаевтың 25 маусымда телефон арқылы сөйлескені хабарланған болатын.

Айта кетейік, Назарбаев 17 тамызда «Казахстанская» кенішінде болған қайғылы оқиғаға қатысты да көңіл айту хатын жазбады. Экс-президент атынан мұндай соңғы мәтін 11 маусымда ресми сайтында жарияланды. Онда ол Абай облысындағы өртте қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтқан еді.

Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда халық алдына шыққан. Ол Астана опера және балет театрына барып, Қазақстан тұрғындарын келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлауға дауыс берген. 

Ал Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеді. Бұл ретте, Үкібайдың өзінің әлеуметтік желідегі соңғы жазбасы 24 қазанда жарияланғанын айта кетейік. Ол да Қарағандыдағы қайғылы оқиғаға қатысты үн қатпады.

Тұңғыш президенттің кеңсесіне қоңырау шалу да нәтиже бермеді. Жауап берген қызметкер кеңсе бұдан былай жұмыс істемейтінін және Назарбаевқа қатысты сұрақтарға жауап беруге құзырының жоқтығын айтты. Ол сондай-ақ жағдайға түсініктеме бере алатын ешкімді білмейтінін жеткізді.

Дереккөз бен мәтін: stan.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!