Қызметтегі темірдей тәртіп пен отбасындағы аналық мейірімді қатар алып жүру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін жауапты жол. Аймақта Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ең жас подполковнигі, арнайы есепке алу тобының бас маманы Назерке Молдағалиқызы үшін қызмет – жай жұмыс емес, бала күнгі арман мен қабылдаған антына деген беріктік. Отызында орда бұзып, подполковник шеніне жеткен, тағдырлы саланың темірдей тәртібін де, шаңырақтың жылуын да тең ұстап келе жатқан жан – ерік-жігер мен адалдықтың айқын көрінісі. Құқық қорғау саласындағы болаттай берік һәм қызғалдақтай нәзік жанмен кәсіби қағидалары және отбасы құндылығы жайлы әсерлі әңгіме өрбіттік.
– Назерке Молдағалиқызы, бүгінде өз салаңыздағы ең жас подполковниксіз. Бұл саланы таңдауыңызға не себеп болды? Қандай мамандықта, қай оқу орнында білім алдыңыз?
– Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде ең жас подполковник екенім рас. Бұл саланы таңдаған себебім, бала күнгі арманым еді. Көшеде, қоғамдық орындарда полиция әйел азаматшаларды көрсем, қызыға қарайтынмын. Сол бала күнгі арманым орындалып, бүгінде қызметтемін.
Мектепті тәмамдаған соң Павлодар қаласындағы заң колледжінде «құқықтану» мамандығы бойынша оқуға түстім. Осы жылдар ішінде казармада ер адамдармен бірдей әскери тәртіпте шыңдалып, білім алдым.
– Отыз жастан енді асқан шақта подполковник шеніне жету – үлкен жетістік. Осы жолда қиын кезеңдер болды ма? Қалай еңсердіңіз?
– Әрине, әр саланың өзіне тән қиындығы бар. Алайда құқықтану саласы екі есе жауапкершілікті, темірдей тәртіпті талап ететін жұмыс. Осы мамандыққа дайын болып келгендіктен, мұны қиындық деп қабылдауға болмайды. Біз осы жолда қандай қиындық болса да төзуге, жауапкершілікпен қарауға міндеттіміз.
Оқуды аяқтап, ең алғаш құқық қорғау саласына, яки полиция қызметіне келген уақытта он тоғыз жаста едім. Осы он тоғыз жасымда лейтенант шенін алдым. Біз оқуда ант қабылдадық. Қазақта «антыңа адал бол» деген сөз бар. Қабылдаған антымызға әрқашан жауапкершілікпен қарап, қызметімізді адал атқаруға тиіспіз.

– Арнайы есепке алу тобының бас маманы ретінде күнделікті жұмыс барысы жайлы айтып берсеңіз…
– Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №37, №68, №60 мекемелерінің арнайы есепке алу бөлімдерін ҚР ІІМ-нің қылмыстық атқару жүйесі комитетінің түзеу мекемелерінде ұсталатын адамдардың есебін жүргізу қағидаларын бекіту туралы 2017 жылдың 13 ақпандағы №107 бұйрығына сәйкес қызмет атқарамыз. Яғни осы аталған үш мекемеде ұсталатын сотталғандардың сандық есебін жүргіземіз.
Нақтырақ айтсам, сотталғандардың жаза мерзімі басталуы, аяқталуы, қамауда отырған күндерін есептеу, оны жаза мерзімінен шегеру, сонымен қатар шартты түрде мерзімінен бұрын босату уақыты, жазасын өтеу мерзімнің екіден бірі өтелген жағдайда жазасын жеңіл жаза түріне ауыстыру, жазасын өтеу мерзімінің үштен бірі өтелген жағдайда және тәртібі жақсы болған жағдайда қоныс колониясына ауыстыру жұмыстарымен және сотқа іс құжаттарын дайындаумен айналысамыз.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасында қандай да бір заңнамаға өзгеріс енген жағдайда сол заңнамаға сәйкес сотталғандардың жеке ісін қайта қарап және іс-құжаттарын сотқа қайтадан жібереміз. Сонымен бірге сотталғандардың жеке істері осы арнайы есепке алу бөлімінде сақталады және іс жүргізіледі. Аталған мекемелердегі сотталғандардың жеке куәліктерінің мерзімі өткен болса немесе куәландыратын іс-құжаттары болмаса, біз көші-қон полициясымен бірлесе жұмыстар атқара отырып, №89 бұйрыққа сәйкес қайтадан жеке куәлікті қалпына келтіреміз.
– Құқық қорғау саласында әйел адам ретінде қызмет атқарудың ерекшеліктері қандай? Нәзік жандарға қойылатын талаптардың ер азаматтарға қарағанда өзгешелігі бар ма?
– Ешқандай өзгешелік жоқ. Әйелдер ер азаматтармен қатар иық тіресе қызмет атқарады. Ешқандай да ерекшелік жоқ. Барлығымыз бірдей ант қабылдағаннан кейін әйел азаматтарды ерекшелеп, ешбір жеңілдік қарастырылмайды. Талап барлығына ортақ!
– Бұл саладағы қыз-келіншектерге қандай қасиеттер қажет деп ойлайсыз?
– Ең бірінші моралді тұрғыда дайын болу керек. Себебі жұмыс барысында әртүрлі жағдаймен бетпе-бет келуі мүмкін. Сол уақыт адамның төзімділігі, сабырлылығы, қызметке деген адалдығы сыналатын, шыңдалатын сәт болады. Жалпы айтқанда моральдық тұрғыда жауапкершілік, адалдық, төзімділік және сабырлылық секілді қасиеттер керек.
Сонымен қатар физикалық тұрғыда да дайын болу қажет. Себебі жұмыс барысында түрлі жағдай кездеседі, әртүрлі ортада, әртүрлі спецконтингенттермен жұмыс істейді. Сондай уақытта адам өзінің әрбір іс-қимылына шешім қабылдай білуі керек. Заңды тұрғыда азаматтардың сұрақтарына жауап бере алуы қажет. Оқуға түсерде дене жаттығуларынан тест тапсыратын болсақ, жұмыс барысында да физикалық дайындық талап етіледі. Мәселен бізде аптасына екі рет дене жаттығулары өтеді. Яки маман жұмысқа келген уақытында моральді және физикалық тұрғыда дайын болып келуі керек.

– Жолдасыңыздың да осы салада қызмет атқаруы сіздің кәсіби жолыңызға қалай әсер етті? Бір салада еңбек еткен ерлі-зайыптылар үшін ортақ түсіністік қаншалықты маңызды?
– Бұл жағдай менің қызметіме оң әсерін тигізіп келеді. Өйткені ол қызметтің жауапкершілігін, тәртібін түсінеді. Сол себепті жұмыстағы қиын сәттерде артық түсіндірудің қажеті болмайды. Қазір ол зейнет демалысында. Өзара келісім арқылы барлығын еңсеріп келеміз.
Екіншіден бір салада еңбек еткеннен кейін, ерлі-зайыптылар үшін ортақ түсіністік аса маңызды. Себебі түнгі кезекшіліктер бар, беймізгіл уақытта дабыл қағып жұмысқа шақырғанда, мейлі түнгі үш, таңғы бес болсын балаларымды жолдасыма қалдырып, қызметке кете аламын. Ол да осы саланың маманы болғандықтан түсіністікпен қарайды.
Екеуміздің де осы салада жұмыс істеуіміз отбасындағы тұрақтылықты сақтауға көмектеседі. Бір-бірімізге ақыл-кеңес беріп, тәжірибе алмасуға да мүмкіндіктер бар. Яғни бұл жеке даму мен қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді. Бір салада еңбек ететін ерлі-зайыптылар үшін сыйластық, сабыр, қолдау, ортақ мақсат – табысты отбасы мен нәтижелі қызметтің негізгі кепілі.
– Үйде мейірімді ана болу мен қызметтегі қатаң тәртіп кейде ішкі тартыс тудырмай ма? Уақыт тапшылығын қалай үйлестіресіз?
– Әрине ішкі тартыс кейде болады. Қызмет барысы талапшылдықты, тәртіпке бағынуды, салқынқандылықты қажет етеді. Ал үйде балаға жылулық, мейірім, түсіністік керек. Бұл екі рөлдің арасында айырмашылық орасан зор. Бүгінде отбасымызда Алла берген үш перзентіміз, екі ұл, бір қызымыз бар. Аналық мейірім мен жұмысты қатар алып жүру маңызды. Қазіргі уақытта қызметтегі эмоцияны үйге алып келмей, үйдің табалдырығын аттаған сәттен бастап ана рөліне ауысып, баламен сапалы уақыт өткізуге тырысамын. Уақыт аздығына қарамастан балаға толық көңіл бөлу, уақыт жетіспеушілігін сездірмеу қажет.
Уақыт тапшылығын үйлестіру үшін күн тәртібін нақты жоспарлай білу керек. Сондай-ақ отбасы мүшелерінің жұмысыма деген қолдауы мен түсіністігі маңызды. Мәселен анам балаларыма қарасып, менің жоқтығымды білдірмей, балаларды барлық жағынан қамтамасыз етіп, еш алаңсыз жұмыс істеуіме көп еңбегін сіңіріп отыр. Анама басымды иіп тұрып алғысымды білдіргім келеді.
Қорытындылай келе, аналық мейірім мен қызметтік тәртіп бір-біріне қайшы емес. Керісінше, олар бірін-бірі толықтырып, баланы жауапкершілігі жоғары, тәртіпті әрі мейірімді болып өсуіне оң әсер етеді. Баланы тәрбиелеу – өзіңді тәрбиелеуден басталады. Менің таңнан кешке дейін қызметте жүрген еңбегімді, отасыма деген жауапкершілігімді балаларым бойына сіңіріп өседі деген үміттемін.
– Қызмет барысында сізді алға жетелейтін басты қағидаңыз қандай?
– Адалдық пен жауапкершілік! Әрбір шешімім заңға сай, ар-ождан алдында таза болуға тиіс деп есептеймін. Себебі полиция қызметкерлері үшін ең үлкен құндылық – халықтың, қоғамның сенімі. Сонымен қатар мен үшін адамның тағдырына бейжай қарамау маңызды. Әр істің артында адам, отбасы, өмір бар екенін ұмытпау – қызметтегі негізгі ұстанымым. Себебі бізде отырған әрбір сотталғандардың артында отбасы, бала-шағасы бар екенін және олардың қызмет барысында кездесуге келгенде үлкен үмітпен келетіндігін саналы түрде түсінемін. Қандай жағдайда болмасын қызмет барысында әділ шешім қабылдап, заң мен адамгершілік тепе-теңдігін сақтауға тырысамын.
Тағы бір маңызды қағида – үздіксіз даму. Қоғам дамуына қарай заң да өзгереді. Сондықтан өз білімімді, кәсіби деңгейімді үнемі жетілдіру – қызметіме деген құрметтің көрінісі деп білем. Қорытындылай айтқанда мені алға жетелейтін күш – заңға адал қызмет, адамға құрмет. Осы өмірлік әрі кәсіби ұстанымым.

– Осы салада өзіңіз ұстаз тұтқан адамыңыз бар ма?
– Бұл салада 19 жасымнан бастап қызмет атқарып келе жатқанымды атап өттім. Сол уақыттан бастап әріптестерімнің арасында аға буын және басшылардың барлығын да ұстаздарым деп санаймын. Сол кісілердің айтқан тәлім-тәрбиесімен, тәжірибесімен осындай деңгейге жеттім деп есептеймін. Атын атап, түсін түстей алмаймын. Себебі қызмет өтілімдегі 15 жыл ішінде менің қызметіме оң әсер еткен жандар өте көп.
– Өмірде ең жоғары бағалайтын үш құндылығыңызды атап өтсеңіз?
– Ең бірінші – отбасы. Қандай қызмет атқарсам да, қандай жауапкершілік жүктелсе де отбасымның қолдауы мен жылуы – өмірдегі ең үлкен байлығым.
Екінші – адалдық пен ар-ождан. Адал болу, өзіңе де, өзгеге де құрметпен қарау. Қызметте де, күнделікті өмірде де ар-ожданға қарсы келмей әрекет ету – ең басты қағидам.
Үшінші – жауапкершілік. Өз ісіне, сөзіне, қабылдаған шешіміне жауап бере білу – адамды өсіретін ұлы қасиет. Бұл құндылық құқық қорғау саласынан бөлек кез келген сала үшін де маңызды. Осы құндылық мені ана ретінде де, қызметкер ретінде де өмірлік жолымды айқындайды, сонымен қатар бұл құндылықтар өмірлік бағытым мен кәсіби болмысымның негізгі тірегі.
– Рақмет! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!
Сұхбаттасқан Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!