Бүгін, 2026 жылдың 5 қаңтарында кейбір қазақстандықтар интернет сапасына қатысты өз базынасын білдірген. Осыған қатысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Министрлік жекелеген пайдаланушылар тарапынан интернеттің болмай қалуы бойынша қиындықтардың жүйелі сипатта болмағанын хабарлайды.
«Аталған кезеңде байланыс операторлары желілерінің жұмысында ақау тіркелген жоқ, телекоммуникациялық инфрақұрылым штаттық режимде жұмыс істеді», делінген құзырлы ведомствоның дүйсенбіде таратқан хабарламасында.
Байланыс операторларының ақпараты бойынша, жекелеген пайдаланушылар интернет сапасының уақытша төмендеуіне тап болуы мүмкін. Бұл бірқатар факторларға, соның ішінде келесі себептерге байланысты болуы ықтимал:
- базалық станцияларға түсетін жүктеменің артуы немесе біркелкі болмауы;
- радиоортаның ерекшеліктері мен құрылыс тығыздығы;
- желіні бір уақытта көп абоненттің пайдалануы;
- желінің тұрақтылығы мен сапасын арттыруға бағытталған жоспарлы жұмыстарды жүргізу.
«Негізгі цифрлық мемлекеттік сервистер мен ақпараттық жүйелер жұмысы ақаусыз жалғасты. Жалпы ел бойынша интернет тұрақты жұмыс істеді. Министрлік байланыс операторларымен бірлесіп, желілердің жұмысына бақылау жүргізеді. Қажет болған жағдайда операторлар шұғыл түрде техникалық шаралар қабылдайды», делінген министрлік түсініктемесінде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
