Отбасы – адам өміріндегі ең маңызды құндылық. Оны шағын мемлекет деп танысақ, сол мемлекеттің өсіп, өркендеуіне, сыртқы факторларға қарсы тұруына, ынтымақ пен бірлікке ұюына жауапты ата-ана. Екі жас үйленуді тек ғашығымен бас қосып, бір жастықта ұйықтап, бір үйде тұру деп түсінбеу керек. Отбасын құру үшін екі тарапта да үлкен дайындық болғаны жөн.
Ол қандай дайындық? Отбасын құрар алдында жастар отбасы тақырыбында кемінде бір кітап оқығаны дұрыс деп ойлаймын. Себебі «бәрін білемін» деген шолақ түсінік болашақта көп қателікке ұрындыруы мүмкін. «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді қазақ. Отбасы болуға бел буғандар бұл сөздің астарында үлкен болашақ, сан тарау жолдар мен түрлі сынақтар күтіп тұрғанын, соны бірге көтеру үшін осы сапарға аттанғалы жатқанын түсінуі қажет.
Ресми деректерге сүйенсек, былтыр елімізде қаңтар-желтоқсан аралығында 128,5 мың жұп некесін қиып, 17,7 мың жұп ажырасқан. Ажырасатын жастардың дені бес жылдан астам некеде тұрған 30 бен 34 жас аралығындағылар екен. Екі жаққа кетуге қадамды көбінесе әйел адамдар жасайтын көрінеді. Ал әлемде әрбір 13 секунд сайын 1 отбасы некесін бұзады деген дерек бар.
Әлбетте бойдақтардың отбасын құрғаны жақсы. Алайда некенің соңы ажырасумен аяқталуы көңіл қуантпайды. Әсіресе, бұндай жағдай ортада бала болған кезде өте күрделі мәселеге айналады. Бала үшін ешкім өз әке-шешесінің орнын баса алмайтыны белгілі. Пәк көңіліне кірбің түсіп, толыққанды отбасында өспеген бала жігерсіз, жалтақ болады, айналасына ашу-ызамен қарайтындар да бар. Айта кетейік, мұсылман мемлекеттері арасында Қазақстанда ажырасу коэффиценті тым жоғары. Көрсеткіштің өсуі бірнеше факторларға тікелей байланысты болып келеді. Яғни, тек жастардың үлкен өмірге дайындықсыз келуінен басқа да елдің экономикалық даму жағдайы мен қоғамның әл-ауқаты, ата-ананың немесе басқа туыстардың жас отбасы өміріне көлденең араласуы түрткі болады.
Ажырасудың алдын-алу қарым-қатынасты дұрыс құрудан басталады. Отбасын құру оңай шаруа емес. Психологтардың айтуынша, ажырасудың шектен тыс көбеюі адамдардың өмірлік серік таңдағанда оның жан-дүниесіне үңілмей, сыртқы факторларға қарап қана бағалап таңдауынан болады екен. Сонымен бірге жастардың материалдық қиындық көріп, оған шыдамай екі жаққа кетуі де – басты себептердің бірі-мыс. Ажырасудың алдын алу үшін балаға ата-анасы жастайынан үлгі көрсетіп, мектеп қабырғасында да, арнайы оқу орындарында да отбасы құндылықтары туралы тереңінен түсіндірген жөн. Менталитетімізге сай емес дүниені ұлттық тәлім-тәрбиемізді насихаттау арқылы азайтуға болады деп ойлаймын.
Інжу ЖАҚСЫЛЫҚ,
Қорқыт ата университеті
Журналистика факультетінің
студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!