Бүгінгі қоғамда адам көбейгенімен, жалғыздықты таңдайтындардың да қатары артып бара жатқаны алаңдатады. Қалада халық тығыз, көшеде көлік қаптаған, әлеуметтік желіде мыңдаған «дос» бар. Бірақ соған қарамастан, көп адамның жүрегі жалғыз. Әркімнің өз әлемі бар. Бұл құбылысты ғалымдар «қоғамдағы оқшаулану феномені» деп атайды. Яғни адамдар бір қоғамда өмір сүрсе де, бір-бірінен алшақ болады.

Кезінде қазақ қоғамында отбасы – тіршіліктің алтын діңгегі саналатын. «Жалғыздық тек құдайға жарасқан» деген түсінік бар еді. Ал бүгінгі буын үшін отбасы құру бұрынғыдай міндет емес, кейде тіпті ауыр жауапкершілік ретінде қабылданады. Қазіргі жастардың бір бөлігі үйленуге асықпайды, бала сүюді кейінге қалдырады, ал кейбірі мүлде жалғыз өмір сүруді таңдауда. Мансап, қаржылық тұрақтылық, жеке еркіндік – көпшілік үшін отбасынан да маңызды құндылық екені рас.

Бұл жай ғана жеке таңдаудың мәселесі ме, әлде қоғамдағы үлкен өзгерістің белгісі ме? Мақалада тарқатамыз.

ЕЛДЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАНДАЙ?

Қазақстанда да отбасы құру үрдісі бұрынғы қарқынмен жүріп жатқан жоқ. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, өткен жылы елдегі жалпы некелесу коэффициенті тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі деңгейге түсіп, 5,62 көрсеткішін құрады. Бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш 0,51 пунктке кеміген. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында некелесу деңгейі 10,1 шамасында болғанын ескерсек, көрсеткіштің уақыт өте келе айтарлықтай төмендегені анық байқалады. Тіпті 2013 жылы 9,89 көрсеткішімен ең жоғары межеге жеткен некелесу динамикасы кейінгі онжылдықта ақырындап бәсеңдеді. Кейінгі он екі жыл ішінде коэффициент 4,27 пунктке төмендеп, бүгінгі деңгейі 1999 жылғы ең төменгі көрсеткішке жақындады.

Статистикаға зер салғанда, 2025 жылы Қазақстанда небәрі 114,5 мың неке тіркелгенін байқадық. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға аз әрі кейінгі 22 жылдағы ең төмен нәтиже. Сарапшылар мұны жастардың отбасы құрудан мүлде бас тартуымен ғана байланыстырмайды. Өйткені некелесу көрсеткішіне халық саны мен неке жасындағы азаматтардың үлесі де әсер етеді. Дегенмен мамандар кейінгі жылдары байқалған екі үрдіске назар аударады. Біріншісі – жастардың некеге кешірек тұруы, екіншісі – ресми тіркелмеген азаматтық немесе діни некелердің көбеюі. Мәселен кейінгі он жылда қазақстандықтардың некеге тұрудағы орташа жасы 27,1-ден 27,9 жасқа дейін өскен. Яғни бүгінгі буын асығыс шешім қабылдағаннан гөрі, алдымен өмірін реттеп, тұрмысын түгендеп алуға бейім. Бұл құбылыс қоғамдағы құндылықтар өзгерісінің тағы бір көрінісі іспетті.

ТАРАЗЫ БАСЫНДА ОТБАСЫ МЕН МАНСАП

Қазіргі заман жастарының өмірлік қалауы бұрынғы буыннан айтарлықтай өзгеше. Бұрын ата-ана баласының үйлі-баранды болғанын басты мақсат деп санаса, бүгінгі жастар алдымен өз орнын табуға тырысады. Жақсы білім, тұрақты жұмыс, жеке пәтер, қаржылық тәуелсіздік – көпшіліктің басты мақсаты. Осылайша, жалғыз жүріп ақ жетістікке жеткенді мәртебе көретін қоғамды қалыптастырудамыз.

Психологтар мұны бірнеше фактормен түсіндіреді. Біріншіден, өмір сүру құны қымбаттады. Үй алу, бала тәрбиелеу, білім беру – барлығы үлкен шығынды талап етеді. Сондықтан жастар алдымен жағдайын жасап алуды ойлайды.

Екіншіден, қоғамда жеке еркіндік құндылығы күшейді. Бұрын «ел не дейді?» деген ой көпшілікті тоқтатса, бүгінгі буын үшін өз қалауы маңыздырақ. Олар үшін некеге тұру – міндет емес, таңдау.

Үшіншіден, ақпараттық қоғам адамның ойлау жүйесін өзгертті. Әлеуметтік желілерде мінсіз өмірдің көріністері жиі көрсетіледі. Көпшілік өз өмірін басқалармен салыстырып, «әлі дайын емеспін» деген қорытындыға келеді. Нәтижесінде, отбасын құру кейінге шегеріле береді.

Кейінгі уақытта әлемде «single lifestyle» деп аталатын құбылыс кең тарауда. Яғни, адамдар әдейі жалғыз өмір сүруді таңдайды. Бұл тек жастар арасында емес, орта жастағы адамдар арасында да байқалады.

Әлеуметтанушылар мұны урбанизациямен байланыстырады. Қала өмірі адамның жеке өмірін бірінші орынға шығарады. Әркім өз мақсатымен жүреді, уақыттың көбі жұмысқа кетеді, ал қарым- қатынасқа уақыт табылмайды.

Тағы бір фактор – сенім дағдарысы. Кейбір жастар некені тұрақсыз институт деп қабылдай бастады. Ажырасу статистикасының жоғары болуы да осы ойды күшейтеді. Сондықтан жалғыз жүрген – жаза баспайды деген көзқарас қалыптасуда.

Бірақ бұл таңдау ұзақ мерзімде қоғамға әсер етпей қоймайды. Себебі отбасы – тек жеке өмірдің мәселесі емес, демография мен экономиканың да тірегі.

Неге біз баланс сақтауды ойламаймыз? Бүгінгі қоғамда сананы «мансап пен отбасы – бір-біріне кереғар ұғым» деген түсінік билеп тұр. Көп жастар кәсіби жетістікке жету үшін алдымен жеке өмірін кейінге ысыру керек деп ойлайды. Алайда сарапшылар бұл екі құндылықтың бірін таңдап, екіншісінен бас тарту міндетті емес екенін айтады. Керісінше, дұрыс жоспарланған өмірде мансап пен отбасы бірін-бірі толықтырып, адамның ішкі тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Отбасы – адамға рухани тірек болса, табысты еңбек пен кәсіби даму сол шаңырақтың берекесін арттыра түседі. Қазақ «бір қолымен бесік тербеткен, бір қолымен әлемді тербетеді» деп әйелдің, ал «шаңырақтың тірегі – ер» деп ер азаматтың жауапкершілігін бекер айтпаған. Өмірдің шынайы табысы тек қызметтегі жетістікпен ғана өлшенбейді, ол – жылы ұя, берік отбасы және өзіңді түсінетін жандардың бар болуымен де бағаланады.

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ДЕ ДАБЫЛ ҚАҚТЫ

Жастардың отбасынан бас тартуы кейбір мемлекеттер үшін үлкен демографиялық мәселеге айналды. Еуропа елдері мен Азия осы бір жайт төңірегінде дабыл қағуда.

Мысалы Оңтүстік Кореядағы бала туу көрсеткіші әлем бойынша ең төмен деңгейде. 2023 жылы бір әйелдің өмір бойы орта есеппен дүниеге әкелетін бала саны 1-ге де жетпеген, небәрі 0,72. Бұл халық санын тұрақты ұстап тұру үшін қажет 2,1 деңгейінен бірнеше есе төмен. 2024 жылдан бастап көрсеткіш сәл өсіп, жағдай оңалған. Бірақ мәселе толық шешілмейінше, назардан тыс қалмауы керек.

Мамандар бұл жағдайдың бірнеше себебін атап көрсетеді. Мәселен, қымбат тұрғын үй, ұзақ жұмыс уақыты, бала тәрбиесінің шығыны, мансап пен отбасының үйлеспеуі.

Кореяда көптеген жас «үйленгеннен гөрі жалғыз жүрген оңай» деп санайды. Сондықтан мемлекет түрлі бағдарлама енгізіп, жас отбасыларға қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Бірақ сарапшылардың айтуынша, тек ақша бұл мәселені толық шешпейді. Өйткені мәселе экономикалық қана емес, әлеуметтік құндылықтардың өзгеруінде.

ЖАЛҒЫЗДЫҚҚА ҰМТЫЛМА, ЖАС ДОС!

Қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген сөз бар. Шынында да, қоғамның беріктігі ең алдымен отбасының беріктігіне байланысты.

Жастардың мансапқа ұмтылуы, өзін дамытуы – құптарлық іс. Бірақ өмірдің мәні тек жетістік пен атақта ғана емес. Адам баласы әлеуметтік жаратылыс болғандықтан, жақындық пен жылылыққа мұқтаж.

Бүгінгі жалғыздықтың сәнге айналуы келешек үшін үлкен мәселе болуы мүмкін. Сондықтан отбасы құндылықтарын жаңаша түсіндіріп, жастарға оның маңызын жеткізу – тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Себебі жалғыз ағаш орман болмайды.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!