– Балам, маған екі миллион керек. Шыға ма екен?

Қатира апа көзілдірігін сүртіп отырған болып, жанарын төмен салды. Үкіметтің берген зейнетақысына үміттеніп келіп отыр. Пәлен жыл бойына маңдай терін сылып алып, савхозда жұмыс істеген. Жолдасы сушы болды. Өзі – аспаз. Жасы жер ортаға келгенде жолдасы өмірден өткен соң балаларды жеткізу, құтты орнына қондыру деген бейнеттің бәрі жалғыз өзінің мойнына артылған. Содан болса керек, еңсесін бір көтере алмай қойды. Әрі-беріден соң банктің менеджерінің бетіне де тіке қарай алмай отыр. Қазір шықпады десе, салы суға кетіп кері қайтпақ. Қазірдің өзінде итке бір сүйек қарыз. Банктен несие шықса, әйтеуір, азып-ашып бірдеңе қылмақ.

– Апа, сәл күте тұрыңыз. Компьютер қатыңқырап тұр.

Менеджер қыз барынша тырысты. Бетін әжім торлап, өңі қашқан Қатира апаға көзінің астымен қарап қояды. Осынша пұшайман күйге түсірген не нәрсе екенін сұрағысы келді. Бірақ жараның бетін тырнап, жанына бата ма деген де қорқынышы бар.

– Апа, осынша ақшаны не істемексіз? Зейнеткерлерге көбіне бере бермейді. Лимит қойылған. Жағдайыңызды айтсаңыз, басшылыққа кіргізейін, – деді даусы дірілдеп.

Оты сөнген жалғанда жанына демеу болар бір жан табылғандай қуанған қария қыздың қолынан ұстады. Жанардан аққан жас бетін жуған. Әлден уақыттан бері айтуға батылы да бармай тұр еді.

– Балам-ай, өмір ғой. Тағдыр басқа салған екен. Төрт баланы бірдей өсіріп, жеткізіп, марқұм күйеуімнің жоғын білдірмеп едім. Үлкендері үй-жай болған. Енді кішкентайым бар еді… Кеше оқу бітіріп келген. Енді жұмысқа тұрғызуға екі миллион теңге керек болып тұр. Бар шыным осы. Төрден көрге жақынмын, алдап қайтейін?!

Бір уақытта қарияның телефоны шырылдады. Дереу дірілдеген қолымен тұтқаны көтерді.

– Не қылдың?

– Ботам-ау, амансың ба? Алдымен амандық сұрасайық

– Амандығыңды қайтейін, мен жұмысқа тұруым керек. Қатарластарымның барлығы орналасып болды. Сен мені туған екенсің, жұмысқа тұрғызуға міндеттісің.

Арғы жақтан тұтқаны қоя салды.

– Әбден еркелетіп өсіргенмін. Кенжем ғой, – деді ақталған болып Қатира апай.

Жарық өмір сыйлаған анасымен бұлай сөйлескеніне таңырқай қараған менеджер қыз қарияға барынша жылы сөйледі. Тіпті несиеге тапсырыс беріп қойып, ионы күтемін дегенше күту залына апарып, ыстық шай ұсынды. Әңгімелесті. Оның дәл бұлай асты-үстіне түсіп, бәйек болып жүргеніне қасындағы әріптестері мұрнын тыржита қараған. Бірақ менеджер қыз оның ешбіріне мән бермеді. Өйткені олардың ешбірі Қатира апайдың жан дүниесіндегі мұң мен қайғыны түсіне алмас еді…

Қатира апаның үлкен балалары өз алдына үй болып кеткен. Барлығын жақсы оқытты. Тәрбие де берген. Бірақ білім қуған балалардың бірі Америкада тұрады. Сол жақтың салты мен дәстүрін бойына жиған ол бір ағылшын қызбен отасқан. Қазір туған шаңыраққа ат ізін салмағанына да көп болды. Тіпті хабар да алмайды. Тағы бір перзенті дардай бір мекемені басқарады. Анасы мен жарының ойы бір жерден шыға бермеген соң, бір-ақ күнде кетіп тынды. Қазір ол отбасымен Астанада тұрады. Бірақ туған шешесінің бүгінгі хал-жағдайы оны да ойландырмайды. Қызы Қалимаш ауылға тұрмысқа шыққан. Жолдасы да – жалғыз тұяқ. Екеуі бірге жүріп, тырбанып келеді. Өзінің перзенттерін әрең жеткізеді. Қатира апа олардан көмек күтпейді. Қолында болса, бергенді жақсы көреді. Жанында бары кенжетайы ғой. Ол да әлі күнге қарт ананың зейнетақысына күнелтеді. Әңгімесі әлгіндегідей.

– Апа, жауап келді, – деді менеджер қыз.

Қатира апаның қуаныштан жүзі бал-бұл жайнап, бір мәселесі шешілгендей қуанды. Қолына екі қағаз ұстатып, соған қол қойдырып алды да, қолына екі миллион теңгені ұстата салды.

– Апа, әр айдың 10-ы күні несиеңізді мына шот арқылы төлейсіз. Ұмытып кетпеңіз.

«Егер де мен басшы болсам, жұмысқа алғаным үшін ешқашан ақы талап етпеймін» деді ол ішінен.

Қатира апа кеткен соң менеджер қыз оның қол қойған қағазын қоқыс шелекке тастады. Өйткені несиені өзінің атынан рәсімдеген еді… Ал апайға берген шот нөмірі өзінің есепшоты болатын.

Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!