Мейірбек ДАУБАЛАЕВ, адвокат:

Ажырасу мәселесі қашанда өзекті. Себебі бүгінде “үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды” деген түсінік қабылданбайды. Қазіргі таңда бала-шағасының тағдырына, болашағына немқұрайлы қарап, өз қара басының қамын ойлайтындар жетерлік. Бізді “әке орнына әке, ана орнына ана боламын” деген түсінік құртады. Жалпы ажырасу процесі қалай өтеді? Ажырасу тәртібі қандай? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде адвокат Мейірбек Ділдәбекұлынан сұрап көрдік.

– Ерлі-зайыптылардың ажырасуына кедергі болатын нәрселер бар ма?

–  Заң бойынша негізі ешқандай кедергі жоқ, тек тиісті көзделген тәртібі бар. Мәселен, егер ерлі-зайыптылар арасында кәмелет жасына толмаған балалары жоқ жағдайда тікелей АХАТ органдарына тиісті үлгідегі өтініштерімен жүгініп, некені бұзуға болады. Ал кәмелет жасына толмаған балалары бар ерлі-зайыптының некесін бұзу мәселесі тек сотпен қаралады. Бұл жерде өздеріңіз байқап отырғаныңыздай, заңмен кәмелет жасқа толмаған балалары бар отбасыларын сақтап қалуға жағдай жасалған. Жалпы соттың басты міндеті – ол неке бұзу арызы бойынша ажырастыру емес, керісінше барынша отбасыны сақтап калу, некені сақтауға шаралар жасау.

– Ажырасу процесі қанша уақытқа созылады?

– Негізі сот арқылы азаматтық істердің қаралу мерзімі – 2 ай. Алайда неке бұзу істерінің ерекшелігі бар, егер ерлі-зайыптының біреуі сотта некені бұзуға қарсылық білдіріп, некені сақтауға тырысса, сот татуласуға 6 айға дейін мерзім беруі мүмкін. Тәжірибеде сот 1 айдан 3 айға дейін беріп жатады, жалпы орта есеппен сот 2-3 айға созылады.

– Қандай мүлік бөліске түспейді?

– Ортақ материалдық құндылықтардан бөлек, жұбайлар өз алдына жеке мүлікке де иелік ете алады. Әр адамның жекеменшігіне – некеге тұрғанға дейін қол жеткізген заттары; – неке кезінде сыйға алынған мүлік, мұрагерлік жолмен өткен немесе басқа да өтеусіз келісім негізінде алынған; – жеке қолданыс заттары (киім, аяқ киім т.б.) қымбат бұйымдарды қоспағанда; – некенің іс жүзінде тоқтатылуына байланысты бөлек тұрған кезеңде жиналған дүниелер жатады.

– Келіншегінің немесе күйеуінің атынан несие алып, ол төленбей тұрып ажырасып кетсе қалай болады? Мәселен, күйеуіне көлік немесе басқа да жеке заттар алынса, келіншегі өзі төлеуге міндетті ме?

– Ерлі-зайыптылар арасында ортақ мүлікті бөлісу және тараптардың ондағы үлесін анықтау тек сот тәртібі негізінде жүзеге асырылады. Көбіне неке уақытында мүлікті бөлісу бөлек тұру кезінде немесе ерлі-зайыптылардың жеке қарыздары үшін мүліктің қалған бөлігін өндіріп алу мақсатында болады. Мүлікті бөлісу кезінде ортақ неке барысындағы ортақ қарыздары мен несиелері де бөлінеді, егер өзара келісе алмаған жағдайда сот арқылы реттеуге мүмкіншілік бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Мөлдір САБЫРЖАН