«Той – қазақтың қазынасы». Ықылым заманнан халқымыз ұлан-асыр той жасауды үрдіске айналдырып келеді. Әлбетте, пейілі кең, көңілі ақ, ниеті таза халқымыз қуанышын көппен бөлісіп, арқа-жарқа болып, ағайынның басын қосуды құп көреді. Бұрын әр тұсқа киіз үй тігіп, қазан асып, көрші-қолаң, тума-туысты жинап, думандатып той өткізу қонақжайлылық пен кеңдікті айқын көрінісіндей еді. Бай-бағланға ұқсап отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізбесе де, қолындағы барына қанағат етіп, жақсылыққа дастарқан жайып, көп тілегін місе тұтатын. Бәлкім, бүгінгі бәсекенің салған «бүлігі» болар, әйтеуір бірі-бірінен қалмай, дүркіретіп той жасауды дәстүр етіп бекітіп қойғандай. Аста-төк той жасап, көзсіз ұрынудың қажеті бар ма?

Бүгінде бақталастық пен бәсеке бәрінен озып тұр. Тойдың түрі көп. Әсіресе, үйлену тойын өткізу үшін барын салатындар жетіп артылады. Әлбетте, өмірде бір болатын тойға қаларлықтай өткізіп, ұлы тойға ұластыруға болады. Десек те, «ұят боладының» ұясынан шыға алмай, көптің қаңқу сөзіне бола несиеге кіріп, қарыз қармағына ілінудің жөні жоқ секілді. Шашылмай-ақ шағын ғана ұйымдастырып, көрпеге қарай көсілу тиімді. Өзгелер сырттан сөз еткенімен, алдыңызға келіп «кішігірім той жасадың» деп күстаналап, келеке етпесі рас. Несібесін несиеден көріп, той жасайтындар көп. Азық-түліктің аспандаған бағасын қосып, шағым айтып, дастарқан мәзірін қоспағанның өзінде, хан сарайындай кең, салтанаты жарасқан мейрамхана бағасы шарықтап тұр. «Тойдың көркін қыздырып, жақсы жүргізеді» деген асабалар да ауыз ашатын бағаны айтады. Енді оған әнші-бишілерді қосып көріңіз. «Кімнен кеммін?!» деп өзгеден қалыспай­тындар әншілерді, тіпті шетелдік жұлдыздарды шақыруға құмар. Қырсыққанда, көпшілігінде үйдің жөндеу жұмыстары үйлену тойымен қабаттасып кетеді. Қысқасы, «тойдың боларынан боладысы қызық» деп, бәріне жақын қалғанда қозғалып, шашылу да, шаршау да сол уақытта басталады. Ұсақ-түйекті, қалған қажеттіні сөз етпегенде қаржысыз ештеңенің бітпейтіні бесенеден белгілі. Сосын қолдағыны жиыстырып, жетпегеніне банк жағалап жүретін жайы бар.

Несиесіз той жасау мүмкін емес. Көзсіздікке ұрынып, қарызға белшеден батудың керегі жоқ. Ысырапшыл­дықтың ырқына көнбей, салт-дәстүрдің негізін жоғалтпай, әдемі той жасауға болады.

Той деген тап бір «кімнің кім екенін» көрсететін алаңға айналғандай. Әлеуметтік желідегі бейне­жазбалардан асып-тасқан ауқатты адамдардың миллиондап ақша шашып, көздің жауын алар тойларында байлығы да жұртқа жария болады.

«Жұрттан қалмайық» деген ұстанымның карантин кезінде салмағы жойылғандай болды. Бәлкім, расымен деп құптарсыз, мүмкін, амалсыздан деп ақтарсыз… Дүркіретіп той жасап, көп адамның жиналуына тыйым салынғанда ет жақындардың ғана бас қосып, екі жастың некесі қиылып, салт-дәстүрге сай жаңа түскен келіннің беташары өткізілді. Шаш етектен шығын кетпей, қарызға батпай, жөн-жоралғы да ұмытылмады. Сонда «бізде той болмады» деп қиғылық салып, үйленбей қалғандар жоқ. Керісінше, карантин кезінде көбісі шаңырақ көтеріп, бақытты отбасының негізін қалады. Демек, тойдың болуы не болмауы, қарапайым не дүркіреп өтуі бақытты болуға бөгет емес.

Той – таршылықтың емес, тоқшылықтың нышаны. Сонда да жөн-жосықсыз шашылу, ысырапшыл болу да ырысты арттырмайды. Той тақырыбының төңірегінде тиегін ағытар жайт көп. Бұл соның бірі ғана.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Гүлназым БАЛТАБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!