Біздің қоғамда несие алу – қалыпты жағдай. Ол қаржылық жағдайды шешуге көмектесетін оңтайлы құрал. Бірақ несиені өтеу кейде қиын болып жатады. Біреуінің пайызы көп, біреуінің сомасы тым үлкен. Көбіне несиені уақытында төлемеу қаржылық дағдарысқа немесе борышкерлікке әкеуі мүмкін. Сондықтан несиені өтеудің тиімді жолдарын білу маңызды.
Бірінші әдіс – «Аққала» деп аталады. Бұл әдіс бойынша несиені төлеу ең кішкентай қарыздардан басталады. Мәселен, 3 несиесі бар адамның өтеу жолын қарастырып көрейік. Несиеге алынған смартфон – 150 мың теңгені (24 ай), тоңазытқыш – 100 мың теңгені (12 ай), баспалық құрылғы – 35 мың теңгені ( 3 ай) құрайды. Алушының жалақы көлемі – 250 мың теңге. Әр ай сайынғы төлем шамамен 27 мың теңге. Біз аз мөлшерлі несиеден бастаймыз. Алғаш несие 3 айдан кейін өтеледі. Келесі несие төлемінде біз баспалық құрылғыға салынған қаражатты енді тоңазытқыштың өтеміне салып, артығымен төлейміз. Яғни, 8400-дің орнына біз 20 мың теңге төлейміз. Сол кезде біздің екінші несиені өтеуге бастапқы 3 айдан бөлек, 4 ай уақыт керек болады. Кейін ең соңғы несиені өтеу қалады. Екі несие жабылғаннан кейін, біз оның айлық төлемін енді ұялы телефонның қаражатына жұмсаймыз. Смартфонның ай сайынғы төлемі – 6250 теңгенің орнына біз 26250 теңге төлейміз. Сол кезде біздің несиеміз келесі 4 ай көлемінде жабылады. Сонда біз 24 айға алынған несиені 11 ай көлемінде өтей аламыз.
Екінші әдіс – «Қар көшкіні». Ол ең жоғары пайызды несиені өтеуден басталады. Бір мысал қарастырып көрейік. Несие өтеушінің жалақысы – 300 мың теңге. Ол ай сайын 50 мың теңгені несие төлеуге алып қалады. Бірінші несие – ноутбук, сомасы 200 мың теңге (12 ай), пайыздық үлесі – 28%. Екінші – теледидар, құны 150 мың теңге (18 ай), 20% үлесі бар. Үшінші ең аз пайыздысы – микротолқынды пеш, бағасы 50 мың теңге (6 ай). Біз төлемді ноутбуктан бастаймыз. Себебі оның пайыздық үлесі жоғары. Айлық төлем шамамен 33500 теңге. Қалған 16500 теңгені біз ноутбуктың төлемақысына қосамыз. Сонда бізде ноутбукқа айына 33200 теңге салынатын болады. Сол кезде ноутбуктың төлемақысы 6 ай көлемінде бітеді. Онымен қоса микротолқынды пештің несиесі 6 айда төленеді. Сондықтан бізде тек теледидардың ақысын өтеу қалады. Осыған дейін теледидардың 1/3 бөлігі төленді. Ал қалған соманы өтеу үшін 2 ай уақыт қажет болады. Осылай біз 18 айлық несиенің төленетін уақытын 8 айға қысқарттық.
Несиені белгіленген уақытқа дейін өтеу – қаржылық сауаттылықтың белгісі. Бұл тек қарыздан құтылу жолы ғана емес, болашақта сізді қаржылық тұрақтылыққа жетелейтін бірден-бір құрал. Несиеңізді ақылмен жоспарласаңыз, ертеңіңіз сенімді болады!
Мерей ШӘКРАТ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті
Фото: жасанды интеллект көмегімен жасалған
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!