Фото: видеодан алынды

Кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың үйі сенбіге қараған түні өртенген. Марқұмның туған-туыстары оқиғаның қалай болғанын айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ұлысмедиа жариялаған ақпаратта өрт шамамен түнгі 00.30 уақытында болғаны көрсетілген. Қызыл жалын шарпығанда үйде ешкім болмаған.

Марқұмның туған-туыстары Шерзаттың қазасынан соң қара шаңырақта болған. Өрттен мал аман қалған. Ал итті күйік шалыпты.

Ұлысмедиаға оқиғаның мән-жайын Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы айтып берген.

“Қаржаубайдың өзі бірдеңе дейтіндей жағдайда емес.

Соңғы үш күнде Шерзаттың сыныптастары “көшелеріңізде нөмірі жоқ көліктер жүр” деді. Өрт болмай бір күн бұрын көршілер “сіздің үйлеріңізге нөмірі жоқ көлікпен келгендер кіріп шықты, біз шулап, бәріміз жарықты жақтық, айғайлап едік, тоқтамастан қашып кетті” деп хабар берді. Мектеп балаларының бәрі де бір ауылдан болған соң кімнің қандай көлікті айдайтынын білеміз деп отыр. Балалар “ішіндегі адамдар да бейтаныс, амандасайық деп қасына барып едік, терезені жауып алып, тоқтамай өтіп кетті” деді. Соңғы үш күнде “көліктер жүр” дегенді естідік. ІІМ-ге барып, келгеннен бері осылай болып жатыр, – дейді қарындасы.

Марқұмның туыс әпкесі Перизат Нұрымова ресми органдар өз жұмысын дұрыс атқармағанын айтқан.

“Қарастырып жатыр. Соның “арқасы”. ІІМ-нің, Талғар, облыс әкімдігінің “қарастырып, күшті жұмыс атқарып жатқандарының арқасы”. Үйден айырылып қалдық. Үйді қойшы, жанымыз аман. Бұған дейін күзет қойылған жоқ. Үйге қоймай-ақ қойсын, жоқ дегенде ауылдың басына қойып берсін. Кімнің кіріп шығып жатқанын білсін. Қарапайым халық болып, жолдан өткен көлікті тоқтатып, “кімсің” деп сұрай берсек, есі дұрыс емес деп ойлайды ғой. Ұсталған адамдардың, сол жақтан шыққан адамдардың бәріне көлік қойып беріп қойыпты. Ауылға кіре берісте көлік қойыпты. Сонда біз жанымыз шығып отырғанда біреудің жанын алуға шамамыз жете ме? Мамамыздың өзі бір құлап, бір есін жиып отыр. Заң өкілдеріне ойлануға болады ғой. Бүгін топырлап бәрі жүр. Жүргеннен не пайда? Бәрі біткен соң! Қалғанымыздың жанымызды алып кеткенін күтеміз бе? Сөйтіп, бір төбе болып, үйіп қояйын деген шығар? Заң өкілдері жұмыс істесе бұлай болмайды! Біздің президент Қасым-Жомарт Кемелұлы заң өкілдері қалай жұмыс істейтінін көрсін! Сол кісінің қол астында басшы болып, жұмысшыларының іс-әрекеті осы!” – дейді ол.

Шерзаттың әкесі ауыл маңына күзет қоюды сұраған. Алайда құзырлы орган бұл жағдайды ескермегені де айтылды.

“Жылап-сықтап болдық. Енді қоя салмаймыз. Ақырына дейін барамыз”, – дейді Перизат Нұрымова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!