Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың есептік кездесуінің алдындағы тұрғындармен кездесуі Қызылжарма ауылында жалғасты.
Шаһар басшысы қызылжармалықтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдамас бұрын ауылдың өткен жылғы көрсеткіштерін саралап, жетістіктеріне тоқталды.
Қаламен қанаттаса жатқан Қызылжармада 2020 жылы ауыз су жайы реттеліп, 53,6 шақырым жерге су құбырлары жүргізілді. Жарық бағаналары 5 көшеге орнатылып, 14 көше орташа жөндеуден өтсе, 8 көшеге қиыршық тас төселді.
Әр бастама елдің қолдауымен ғана жүзеге асатындығын баса айтқан қала әкімі жыл көлеміндегі мол жетістік ауылдықтардың ауызбіршілігінің бекемдігін, тірлігінің татулығын көрсетті деп атап өтіп, биыл ауыл әкімінің алдына қойылған міндеттер мен атқарылатын жұмыстар жайын ел алдында нақтылап өтті.
Ал ауылымызға газ қашан келеді деген Ақсуат жұртына қала әкімі жоспарға сай жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын айтып «2022 жылы табиғи газды тұтынуларыңызға толық мүмкіндік жасаймыз» – деп, жауап берді.
Елді-мекеннің басты сұрауы, өзекті сауалына айналған мәселеге нақты жауап алған ақсуаттықтар болса, қала әкімінің ауылды гүлдендіріп, дамытуға бағытталған барлық бастамаларына алғыс білдіріп, елмен етене жасаған жұмысына ризашылығын жеткізді.
Соңғы жылдары жол мәселесі шешімін тауып келе жатқан Ақсуатта өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында 16 көше жөндеуден өтті. Оған қосымша «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 1 көшеге тас төселді. 53 шақырым су құбырлары жүргізіліп, Наурыз саяжайы толығымен ауыз сумен қамтылды.
Биыл округке жаңадан қосылған 14 шеткі көшеге қосымша электр желілерін тарту, көшелерді жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
2020 жылы қарқынды жүргізілген жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде бұл саладағы мәселесін толық шешуге мүмкіндік алған Ақжарма ауылдық округі Талдыарал елді-мекеніндегі ауыз су мен кәріз су желілерінің жайын да жолға қойды.
Бұл жұмыстар сіздердің зор сенімдеріңіз бен қолдауларыңыздың арқасында жүзеге асып, мол жетістікке қол жетті деген шаһар басшысы биылғы жоспардың негізгісі Баймұрат батыр ауылына дәрігерлік амбулатория салу мен көшелерді жарықтандыру екендігін атап өтті.
Кездесудің қорытындысында қала әкімі Тәуелсіз елімізді, жаңарған қаламызды дамытудағы іргелі істерге тілекші болып, ортақ іске ой қосқан барша қызылордалықтарға алғыс білдіріп, зейнет жасында болса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, тәрбиелік маңызы зор, тәлімі терең көпшілік мәдени іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болып жүрген үш ауылдың да ардагерлеріне сый-құрмет көрсетіп, ел ертеңіне бей-жай қарамай тындырымды тірлік жасап жүрген белсенді азаматтарды марапаттады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!