Соңғы кезде кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндірісінің көлемі жылдан-жылға қысқарып келеді. Бұл жағдай облыс тұрғындарына да елеулі әсер етеді. Себебі өңірде мұнай-газ саласында 10 мыңға жуық адам жұмыс жасайды. Бұл ретте ірі компанияларда қызмет атқаратын жұмысшылардың жалақысын қысқартпау, еңбек құқықтарын сақтау маңызды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамының ұжымымен кездескенде осы мәселеге ерекше екпін берді.

100-ден аса қызметкермен өткен басқосуда облыс әкімі компанияның әлеуметтік жауапкершілігі мен өңір экономикасын дамытудағы орнын атап өтті.

«Қазіргі таңда «Торғай-Петролеум» компаниясы 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Компания өндірілген мұнайдың 36,2%-ын экспорттады, ал, 2020 жылы экспорт 16,4%-ды құрады, яғни экспорт көлемі 2,2 есеге ұлғайған. Бұдан басқа, «Кеңқияқ-Атырау» реверсін пайдалануға беру арқылы «Торғай-Петролеум» компаниясында мұнай экспортына квота артты. Бүгінгі таңда компания өндіру көлемінің төмендеуі, кен орындарының сулануы секілді қиындықтарға тап болды. Бірақ осы қиындықтарға қарамастан, компания әлеуметтік қолдауға, жұмыс орындарын сақтауға, жұмыскерлердің табысын арттыруға ерекше назар аударуда», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиында «Торғай Петролеум» компаниясының бас директоры Қайрат Арынғазиев әлеуметтік міндеттемелерін орындау барысын баяндады, ал ұжым өкілі Марзия Амраева өндірістегі қызметкерлерді біріктіру және олардың мүдделерін қорғау бойынша кәсіподақ тарапынан атқарылған жұмысты таныстырды.

Кездесу соңында облыс әкімдігі мен «Торғай Петролеум» кәсіпорны және кәсіподақ арасында өзара ынтымақтастық туралы үшжақты Меморандумға қол қойды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!