Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова пандемия жағдайына сәйкес, онлайн режимінде өтіп жатқан «Алтын дән-2020» шарасына қатысты. Жиынды Қызылорда қаласы мен аудандардан онлайн форматта 300-ге жуық маман көрді.
Шарада аймақ басшысы ауыл шаруашылығы ел экономикасының қозғаушы саласы екенін және мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірдің ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуында оң нәтижелер қалыптасқандығын тілге тиек етті. Сонымен бірге, пандемия кезеңінде су тапшылығының туындауына қарамастан, биылғы жылы әр гектарына орташа 61,8 центнерден өнім алып, 551 мың тоннадан астам Сыр күрішін ел қамбасына құйып, кезекті рекордтық көрсеткіштің жаңарғанын ерекше атап өтті.
Өңірде аграрлық салада өндірілген өнім көлемі 94,4 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайызға артқан. Ал, ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 1,8 есеге, тамақ өнімдерін өндіруге салынған инвестиция 1,6 есеге ұлғайған.
Биыл облыс бойынша барлығы 184,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, жалпы егіс көлемі соңғы бес жылда 16 мың гектарға көбейген.
Суармалы суға байланысты жыл сайынғы мәселелерді ескере келе, қысқа мерзімде ауыл шаруашылығы өндірісін, әсіресе, егіншілік саласын әртараптандыру бағыты қолға алынды. Бұл ретте соңғы бес жылда мал азықтық дақылдар 4 мың гектарға, күріштен басқа дәнді дақылдар 7,5 мың гектарға артқан.
Өңірде әртараптандыруға бағытталған соя, жүгері және бидай дақылдары егісінің көлемін ұлғайтып, аквагельді пайдаланып егілген 80 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 18 центнерден өнім алынды. Сондай-ақ, алдағы кезде күріштің егіс көлемін азайтып 80-85 мың гектарға тұрақтандырып, орнына диверсификациялы дақылдар егу көзделіп отыр.
Шара барысында ауыл шаруашылығы бағытында негізгі табыс түсіретін секторлардың даму перспективалары сөз болып, әрбір ауданның ерекшеліктеріне қарай өнім өндіру мәселесі айтылды. Айталық, келесі жылдың өзінде, Қазалы ауданында жаңбырлатып суғару тәсілімен егілетін 87 гектар жүгері, Жаңақорған ауданында томат пастасы өндірісін ашуға бағытталған 3 мың гектар қызанақ егу бірінші кезекте іске асырылмақ. Ал, Шиелі ауданында пайдаланылған ағын суды қайта қолдану арқылы жаңбырлату тәсілімен 10 мың гектарға жоңышқа дақылы егу қолға алынады.
Өңірдің экономикалық кірісін көбейтуде мал шаруашылығы бағытын дамыту мәселесі де өзекті. Мүйізді ірі қара 4,4%-ға, жылқы 8,5%-ға, түйе 5,3%-ға көбейіп, мал өнімдерінің өндірісі бойынша бүгінгі күнге 26,3 мың тонна ет, 65,2 мың тонна сүт өндіріліп, ет өндірісі 2,5%-ға, сүт өндірісі 2,6%-ға артқан. Аймақтың экспорттық әлеуеті артып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен 17 мемлекетке 22,5 млн.АҚШ долларын құрайтын 66,1 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталған. Оның ішінде, биыл алғаш рет облыстан Германияға 421,5 тонна қамыс, ал Қытай мен Ауғанстанға 391 тонна мақсары майы жөнелтілген.
Ерекше айту керек, Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары аясында бекітілген 287,4 млрд.теңгені құрайтын 265 инвестициялық жобалардың ішінде ауыл шаруашылығы саласында 58,8 млрд.теңгені құрайтын 63 жоба бастау алды.
Бүгінгі күнге, әлеуметтік маңызы бар азықпен қамтамасыз ету мақсатында құны 14 млрд.теңге құрайтын 45 инвестициялық жобаны жүзеге асыру басталса, оның 9 жобасы іске қосылған. Ал, алдағы жылы өңірде қуаттылығы жылына 5 мың тонналық ет комбинаты, Қармақшы ауданында жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы, Шиелі ауданында қуаттылығы 24 тонналық сүт фермасы және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған басқа да жобалар жүзеге асатын болады.
Аймақта ауыл шаруашылығына қажетті су тораптарын қайта қалпына келтіру жұмыстары да жолға қойылған. Мәселен, «2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында «Жиделі су қоймасын қайта жаңғырту» жұмыстарына 450 млн. теңге, «Әйтек су торабын қайта жаңғырту» жобаларына 700 млн.теңге қаржы қаралып, жұмыстар іске асуда. Ал, алдағы кезде жаз маусымындағы су тапшылығын шешу мақсатында «Қараөзек су қоймасы» және Шиелі ауданында қысқы кезеңдегі тасқын суды жинап егістікке пайдаланатын «Күміскеткен» су қоймасын іске асыру міндеті тұр.
Шара соңында аймақ басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін 27 номинация бойынша үздік аудандар мен агроөнеркәсіп саласының озаттарын марапаттады. Олардың қатарында Сырдария ауданынан «Мади Қажы» серіктестігінің директоры Сейткамал Сұлтанов пен Қазалы ауданынан «Рза-Агро» серіктестігінің егіс бригадирі Балғазы Аймағамбетұлы да бар. Сонымен бірге биылғы жылы күріш өндеу зауытын іске қосып, 45 мың тонна күріш ақтап, ішкі және сыртқы нарыққа өнім шығарғаны үшін «Абзал и К» серіктестігінің директоры Мағжан Ералиев «Озат өңдеу кәсіпорны» номинациясын иеленді. Ал, «Озат ауыл шаруашылығы кооперативі» аталымы Шиелі ауданынан «Шиелі төрт түлігі» кооперативінің жетекшісі Сабыр Ермахановқа табысталды. Жиында «Озат комбайншы» номинациясы Жалағаш ауданынан келген «Таң ЛТД» ЖШС комбайншысы Талғат Табынбаевқа бұйырды.
Мұнан бөлек, айрықша еңбек еткен сала ардагерлеріне Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» және «Еңбек ардагері» төсбелгісін табыстады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!