Жол қауіпсіздік ережесін түсіндіру мақсатында облыста «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы өтуде. 17 мамырда басталған шара 16 маусымға дейін жалғасады.
Бір ай ішінде жол сақшылары ереже бұзушыларды анықтап қана қоймай, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Көшелерге қосымша жол белгілерін орнатуға ұсыныстарын береді.
– Халық көп жиналған аумақтарда, жаяу жүргіншілер өткелдерінде, еріктілермен бірігіп, жол көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы үгіт насихат жұмыстары жүргізілуде. Жалпы тұрғындардың жол ережесін білуіне және сақтауына жақсы баға береміз. Себебі статистикалық мәліметтерге сәйкес, жол-көлік оқиғалары, оның ішінде жаяу жүргіншілер тарапынан жол ережесін бұзу деректері жылдан жылға төмендеуде. Ағымдағы жылдың 4 ай қорытындысымен жол көлік оқиғалары – 12%-ке, жарақат алғандар -6%-ке азайды. Жалпы ауыр дене жарақатын алған жол көлік оқиғалары республикалық маңызы бар тас жолда орын алуда, – деді Қызылорда ОПД басқарма бастығының орынбасары Бақыт Молдабеков.
Департамент жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында күн сәулесінен қуат алатын диодты жарық және қозғалысты реттейтін белгілерді көбейтуге ұсыныс беруде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!