Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті.

Күн тәртібінде «Бизнес қоғам­дастығы мен мемлекеттік органдар арасында тиімді әріптестікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау» және «Құрылыс қызметі саласында сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу туралы» мәселелер қаралды. Ал­ғаш­қы мә­селе бойынша облыс­тық кә­сіп­­керлер палатасы дирек­торы­ның міндетін атқарушы Пір­мұхаммед Сыздықов пен облыс­­­тық кәсіпкерлік және ту­ризм басқармасының басшысы Фер­доуси Қожабергенов баян­дады.

– Өткен жылдан бері «Биз­нестің жол картасы – 2025» мем­лекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлермен банктерге несие алуға өтінім жолдау және шешімін алу тәртібі банк менеджерлерінің қатысуынсыз авто­мат­тан­дырыл­ған «скоринг» бағдар­ламасына ауыстырылды. Жаңа жүйе арқылы кәсіпкерлерге несие беру жөнінде шешім қосымша құжат сұратусыз 10-15 минут уақыт ішінде жасалады. Биыл бағдарлама аясында 7,9 млрд теңгеге несие­лендірілген 666 жобаның ішінде 2,5 млрд теңгені құрайтын 528 жобаға мақұлдама «скоринг» бағдарламасымен берілген, – деді басқарма басшысы Фердоуси Қожабергенов.

Облыс басшысы әкімшілік кедергілерді азайтуда кәсіпкерлік және туризм басқармасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс атқару қажеттігін айтты.

– Пандемияға қарамастан, аймақтағы кәсіпкерлік субъек­тілеріне бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер көрсетіліп келеді. Қазіргі жағдайда тіркелген шағын және орта кәсіп субъек­тілерінің саны 7,7%-ке ұлғайды. Тұрақты жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің саны 7,5 процентке өсті. 2021 жылы мемлекеттік бағдарламалар ая­сын­да шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау үшін бюджеттен 8,1 млрд теңге бөлінді. Бірақ соған қарамастан, әлі де болса, әкімшілік кедергілердің бары рас. Сондықтан облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мүдделі мемлекеттік органдармен бір­лесіп, мемлекеттік бағдар­лама­лар арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау шараларын қамтамасыз етуі тиіс. Кәсіп­кер­лікті қолдау және қорғау үшін әкімшілік кедергілерді азайту бо­йынша мемлекеттік орган­дардың функцияларына мони­торинг жүргізсін, – деді облыс әкімі.

Мұнан соң екінші мәселе бойынша облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бас­қармасының басшысы Бердияр Пірімбетов пен облыс­тық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқар­масының басшысы Мұрат Тілеум­бетов мәлімдеме жасады. Басқарма басшылары сыбайлас жем­қорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағи­да­ларына сәйкес заң бұзушылықты болдырмау, құрылыс саласына бөлінген қаражатты мақсатты әрі тиімді жұмсау, қаржы игеруді жоспарлау және құрылыс нысандарының бекітілген жобаға сәйкес жүргізілуі қатаң бақылауға алынғандығын жеткізді.

Облыс әкімі басқарма басшысы Бердияр Пірімбетовке жүргізіліп жатқан құрылыс объектілерін қол­даныстағы заңнамаларға сәйкес уақы­тында аяқтауды, құрылыс компа­ния­ларын ашық іріктеу және олар жүргізетін жұмыстарға бақылау жасауды және мердігер мен тапсырыс берушілерге бақылау жүргізу мүмкіндіктерін қарастыруды жүктеді. Ал, Мұрат Тілеумбетовке автомобиль жолдарына қатысты анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруді, Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп жол құрылысының сапасына қатысты кемшіліктерге жол берген тұл­ғалардың жауапкершілігін қарау­ды тапсырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!