Елімізде жыл басынан бері Қостанай, Ақтөбе, Алматы облыстарында, мектеп оқушыларының өз-өздеріне қол салу фактілері көптеп тіркелген. Әдетте олардың суицидке баруының себептері белгісіз күйде қалып отыр. Осы тұста балалар психологі Айгүл Асқарқыз жасөспірімдердің өлім туралы ойлауына не себеп болатынын Stan.kz тілшісіне айтып берді. Маман балалардың өмірден түңіліп жүргенін қалай анықтауға болатынын және мұндай жағдайда ата-аналарға не істеу керек екенін түсіндірді.
Психолог бүгінде жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауының бірнеше себептері бар екенін алға тартты.
“Жаңа айфоны болмаса, тозық аяқ киім кисе қатарластары мазақтайды”
Айгүл Асқарқызы солардың бірі қазір қоғамда етек жайған буллинг әрекеттері екенін мысал етті.
“Буллинг көбіне баланың әлеуметтік теңсіздігіне байланысты туындап жатады. Мәселен, басқалар сияқты киіне алмай, өзгелер сияқты жаңа “iphone” телефонын ұстай алмаса, ортасынан кемсітушіліктер басталып кетеді. Ол мектепке аяқ киімі тозып баруы мүмкін. Сол үшін қатарластары басында кекетіп-мұқатып, кейін топтық мазаққа айналып жатады. Ал бала болса келіп, ата-анасынан өзінің қажеттілігін сұрай алмайды. Себебі жағдайды біліп, түсініп тұр. Сосын амалсыз мектепте қорланып жүре береді. Кейін шыдамының шегі таусылғанда өлімнен басқа таңдауы қалмауы мүмкін. Өйткені, өзін қоршаған үйдегі жағдайы да, мектептегі жағдайы да нашар болса онда бала өмірден мән таппайды. 80 пайыз балалар қазір буллингтің құрбаны”, – деді психолог.
Маманның айтуынша, дәл осындай кезеңдерде бала өзін қоршаған екі жақтан тірек іздейді.
“Көбіне ата-ана дастархан басында ұрыс-керіс пен түрлі мәселелерді көтеріп отырады. Кейін баланың тіпті шәй басына келуге құлқы болмайды. Ата-ана материалдық жағдайын жасадым, мектепке барып жүр, демек бәрі жақсы деп топшылап жатады. Алайда оның ішкі жағдайын көбіне түсінуге тырыспаймыз”, – деп қосты маман.
Психологтың айтуынша, әлеуметтік буллингтер, мектептегі зорлық-зомбылық, ата-ана арасындағы жанжал, ажырасу туралы сөздер, жақын адамдарының қайтыс болуы деген сияқты түрлі факторлар бала психологиясына үлкен әсерін береді.
жақсылықпен аяқталатынына сенім пайда болады. Адамда ішкі рухтың мықты болуы өте маңызды. Бұл кез келген өмірлік сынақтарда, оған күш беріп қарсы тұруға, мәселелерді шешуге негіз болады”, – деп атап өтті маман.
“Мама, мені тыңдашы” деген ішкі сигнал”…
Психолог баланың өзгеріп жүргенін кез келген ата-ана түсіне алатынын алға тартты. Дегенмен ең басты қателік көп жағдайда баланың көңіл-күйіне ешкім мән бермей жатады.
“Баланың өмірден түңілуі ашуланшақ, агрессивті қызба мінезінен басталады. Қарсы шығып, жауап қайтарып, ренжуі мүмкін. Демек бұл, “мама, мені тыңдашы” деген баланың ішкі сигналы. Бірақ көбіне ата-аналар мұны түсінбей жатады”, – деді маман.
Айгүл Асқарқызы баламен осы уақытқа дейін сөйлеспей жүріп, кейін кенеттен “кел сырласамыз” деп айту дұрыс емес екенін ескертті. Айтуынша, алдымен баланың назарын да біртіндеп бұру керек екен.
“Бірден мәселеге топ етпеген дұрыс. Мысалы, күнделікті оның киімінің жарасып тұрғанын айтып қызығушылық танытыңыз. Баланың істеп жүрген әрекеттерін оған құнды етіп көрссету керек. “Жарайсың, шынымен мықты болып келе жатсың”, – деген сияқты сөздер айтса ол жаймен сізге ашылуға бейімделеді. Сол кезде бала ақырын-ақырын ата-анасына жақындай бастайды. Кейін оның мәселесіне үңіле білу керек. Өзінің қателігін мойындауға мүмкіндік берген дұрыс”, – деді психолог.
Сөз соңында маман ақпараттың ашық ғасыры да балалардың психологиясына өте құбылмалы әсер қалдырып жатқанын алға тартып, оларды виртуалды өмірге емес, шын өмірге шыңдауға кеңес берді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!