Қаражат таппай қысылған сәтте банкке жүгінуді әдетке айналдырдық. Тіпті сөз арасында «Каспий» аман болсын, жақынымыздан жақсы, бірден қаржы бере қояды» деп те әзілдейміз. Расында солай. Туған күніңізде де, мереке күндерінде де сізді бірінші құттықтайтын да осы банк. Әрине осындай ілтипат арқылы банк өз саясатын жүргізеді. Неге десеңіз, қанша жерден жалақыны «Халық» банкінен алсақ та, қарызға ақша қажет болса, пайыздық үстемесіне қарамастан «Каспий» банкке бір бүйіріміз бұрып тұрады емес пе?!

Жалпы қай банктен қаржы алсаңыз да, несие калькуляторына салып, пайыздық үстемені есептеу артық етпейді. Оған қоса, қазір банктердің көпшілігі несие алған сомаңызға қарай комиссия ұстайды. Мысалы, «Халық» банкінен 1 млн қаржы алсаңыз, 80 мың теңгесін жалпы қызмет құнына төлейсіз. Бүгінде қызмет құнын таңдамай, өмірді сақтандыру арқылы аз комиссия төлеуге болады. Бұл жүйенің басқа да артықшылығы бар. Мәселен, несие алған тұста өмірді сақтандырамын десеңіз, 1 млн теңге қаржыға 80 мың теңге емес, 40 мың теңге төлейсіз. Бұл – басты артықшылық. Осы тұста өмірді қандай жағдайлардан сақтандыруға болады деген сұрақ туындайтыны белгілі. Мысалы, кредиті бар адам өмірден өтсе, оның қарызы балаларына міндеттелмейді. Автоматты түрде жойылады. Бір айта кетерлігі, мұндай сақтандыру полисін рәсімдеу процесі міндетті емес. Яғни заңға сәйкес, банктер қарыз алушының мойнына жүктей алмайды. Барлығы ерікті түрде жасалуы тиіс. Сақтандырудан бас тартқыңыз келсе, ол өз еркіңіз. Жоғарыда айтқанымыздай, «Каспий» банкке жүгінуіміздің берден-бір себебі онда алған несиеңізге ешқандай сыйақы ұстамайды. Себебі, бұл банк тұтынушыға 1 миллионнан артық несие бермейді. Сондықтан оны сақтандырудың да қажеті жоқ деп санайды. Бірақ жасырын пайыздармен мұның есесін қайтарады. Мысалы, «Халық» банктен 1 миллион теңгені 12 айға алсаңыз, айына 92 мың 634 теңге төлейсіз. Артық төлем 111 мың 608 теңге. Ал дәл осы соманы «Каспий» банктен алар болсақ, айына 105 мың 630 теңгеден төлеп, үстінен 267 мың 544 теңге қылып қайтарасыз.

Банк статистикасы бойынша, кредиттің жартысынан астамы өмірді сақтандыру қызметінсіз беріледі екен. Десе де, кепілді несие кезінде сақтандыру міндеттелуі мүмкін. Себебі, банктер сақтандыруды ұсыну арқылы бірінші кезекте кредитті қайтармаған жағдайдағы өзіне артылатын тәуекелді есепке алады. Өмір болған соң, түрлі жағдай орын алады. Банктер әдетте кредит алған кезде сақтандыруды бәріне бірден ұсына бермейді. Бірінші кезекте, қарыз алушының жасына қарайды. Егер жасы егде адам болса, оған өмірін сақтандыру ұсынылады. Кей банктер зейнеткерге мүлдем кредит бермейді. Ал кейбірінде несиені төлеп біткен кезде жасы 75-тен аспауы керек деген шарт қояды.

Дамыған елдерде өмірді сақтандыру әдеттегі жағдайға айналған. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан 2019 жылы өмірді сақтандыру сыйақысының ЖІӨ-дегі үлесі бойынша 49 орында. Яғни елдің ЖІӨ көрсеткішінің 1 пайызын ғана сақтандыру сыйақысы құраған. Ал көшбасшы ел саналатын Тайвань, Гонконг, Дания және Сингапурда өмірді сақтандыру қорынан түсетін пайда 10-18 пайыз аралығында. Себебі, дамыған елдер өмірді сақтандыру қызметіне несие алғанда ғана емес, өз қауіпсіздігі үшін жүгінеді. Біздің ел бұл үрдісті халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында кей банктер несие рәсімдеу кезінде сақтандыру түрін енгізу арқылы сұранысты арттырғысы келеді.

Несие алмай да өмірді сақтандыруға болады. Елімізде өмірді сақтандыратын 9 компания бар. Атап айтқанда, «Халык-Life», Nomad-life, Freedom Finance Life, «Еуразия», «Еуропалық сақтандыру компаниясы», Standard Life, Мемлекеттік аннуитеттік компания, «Сентрас Коммеск Life». Сақтандыру сыйақы мөлшері соңғы бес жылда екі есеге өскен. Мысалы, өмірді сақтандыру қорына 2020 жылы 229 млрд теңге қаражат түскен. Мысалға, сіз 20 жылға өмірді жинақтап сақтандыру туралы шарт жасадыңыз делік. Сіз әр жыл сайын сақтандыру компаниясына 100 000 теңге төлейсіз. 20 жылдан кейін 2 000 000 теңге және пайыздар ала отырып, бұл ақшаны балалардың оқуына немесе өзге де мақсатқа жұмсауға болады. Сіз өмірді мерзімді сақтандыру туралы шарт жасай отырып, әр жыл сайын 15000 теңге төлейсіз. Сіз 20 жылдан кейін ештеңе алмайсыз. Алайда егер сақтандыру жағдайы туындаса, сақтандыру сомасы шартта көрсетілген болса, сізге немесе сіздің отбасыңызға 2 000 000 теңге төленеді. Сақтандыру қорына аударған әрбір қаражатыңыздың қорғалуын Ұлттық банк бақылайды. Егер сақтандырылған адам қайтыс болса, оның мұрагері ол қаншалықты жарна салып үлгергеніне қарамастан 30 күн ішінде бүкіл сақтандыру сомасын алады. Егер адам жазатайым оқиғадан жарақат алса, сақтандыру төлемі түпкілікті сомадан пайызбен қайта есептеледі.

♦    Жастарға арналған сақтандыру

Жас болған соң, бұл тақырып турасында ойлай бермейтініміз рас. Жас күніңізден өміріңізді сақтандырудың артықшылығы көп. Сақтандыру шартын жасаған кезде қаншалықты жас болсаңыз, жарна соншалықты аз болады және сіз мерзім аяқталғаннан кейін соншалықты үлкен сома алуға мүмкіндік бар.

Негізінде өмірді сақтандыру банктен бұрын әр азаматтың өзіне қажет. Себебі, елде тұтынушылық несие көлемі жоғары. Оның барлығы сақтандырылмаған. Борышкер азамат денсаулығы сыр беріп, жұмыссыз қалса немесе оқыс жағдайға тап болса, несиені жақындары төлеуі міндетті. Ал қайтыс болса, мұрагерлік арқылы балаларына жүктеледі. Сондықтан әр банктен несие аларда барынша қорғанған абзал.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!