Әлеуметтік желіде «Блогер Әсел Асқарды Алматыдағы фитнес-клубта ұрған жігіт – грек-рим күресінен қазақстандық балуан Мансұр Шадукаев» деген ақпарат тарады, деп хабарлады turkystan.kz.

Алайда бұл оған жабылған жала болып шықты.

Мұны Massaget.kz тілшісіне оның ағасы Темірлан Шадукаев пен Мансұр Шадукаевтың өзі айтты.

«Мансұр Қостанайда, ал өзім бір аптадан бері шетелде жүрмін. Бұл – қате ақпарат. Біздің бұған қатысымыз жоқ. Мұны нақты айта аламын», – деді Темірлан Шадукаев.

Кейін Мансұрдың өзі ешкімге тиіспегенін айтты.

«Ешкімге тиіскен жоқпын. Мұны қайдан шығарып алған? Бұл кісі мен емес екенімді жазыңызшы. Оны кім ұрғанын білмеймін. Ал өзім өмірімде қызға қол көтеріп көрген емеспін», – деді Мансұр.

Блогер Әсел Асқар да Insatagram-дағы сторисінде өзін ұрған жігіттің Мансұр емес екенін жазып, оған жала жаппауды өтінді.

«Достар, керегі жоқ. Бұл ол емес. Пабликтер, Мансұрдан кешірім сұраңыздар. Жігітке неге жала жауып отырсыздар? Бұл Мансұр Шадукаев емес. Кінәліні талап, ұятқа қалдыратын уақыт келеді. Алайда жазықсыз адамға тиісіп, айыптаудың керегі жоқ» деп жазды блогер сторисінде.

Жазбаны кейінірек Шадукаевтың өзі скриндеп бөліскен. Ал Грек-рим күресі федерациясы бұл жанжал кезінде балуанның Қостанайда болғанын мәлімдеді.

Мансұр Шадукаев – Қостанай облысының тумасы. Ол 2020 жылы Нью-Делиде өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған.

Еске салайық, бұған дейін танымал блогер Әсел Асқар Алматыдағы Royal фитнес-клубында грек-рим күресінен чемпион, кәсіпқой балуан бетінен бірнеше рет ұрғанын айтқан еді. Блогердің жаттығу жасап жатқанын мобилограф видеоға түсіріп жатқан. Ал жанжалға спортшының кадрға түсіп қалғанын ұнатпағаны себеп болса керек.

Алматы сотының баспасөз қызметі ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ұсталып, 15 тәулікке қамалғанын хабарлады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!