Облыста жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғау, төтенше жағдайлардың алдын алу және терроризмге қарсы іс-қимыл бағытында кешенді жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық, санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аумақтық қорғаныс пен халықты құлақтандыру жүйесін жетілдіру мәселелері де тұрақты назарда. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Марат Құрманбаев 2025 жылы атқарылған жұмыстарды баяндады.

– Облыс аумағында жылы ауа райының қалыптасуына байланысты көктемгі су тасқыны кезеңі шығынсыз, бірқалыпты жағдайда өтті. Су басу қаупі бар аймақтарға жауапты мекемелер бекітіліп, арнайы техника мен қажетті күш-құралдар әзірленді. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қорлар жеткілікті көлемде қалыптастырылып, ықтимал кезеңде халықты көшіру пункттері дайындыққа келтірілді. Өткен жылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғышы болып табылатын кенелерге қатысты «қолайсыз» деп танылған 111 елді мекенде мал басына, қора-жайлар мен суаттарға көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, облыстық терроризмге қарсы комиссияның 4 отырысы өткізіліп, 12 мәселе қаралды. Комиссия аппараты жанындағы жұмыс тобының 11 отырысында 35 мәселе талқыланып, экстремизм мен терроризм тәуекелдерінің алдын алу бағытында тиісті ұсынымдар әзірленді. Аумақтық қорғаныс саласында әскери міндеттілердің кәсіби даярлығын арттыру мақсатында өткен жылы Арал ауданында «Найза – 2025», Қазалы ауданында «Қалқан – 2025» арнайы-тактикалық оқу-жаттығулары өткізілді. Аталған оқу-жаттығуларға 182 әскери міндетті қатысты. Бұдан бөлек, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аясында тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бағытында да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, майдангер Аштанбай Сағындықовтың бауырластар зиратынан алынған топырағы 80 жылдан кейін туған жеріне жеткізілсе, Псков облысында табылған Қызыл Армия жауынгері Байбол Рахметовтың сүйегі елге әкелініп, Ақсуат ауылдық округіндегі Ж. Махамбетов ауылына жерленді, – деді Марат Ердәулетұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!