Қазір әлемде экономикалық дамудың тұрақтылығы тек мемлекеттердің ғана емес, қоғамдағы әрбір азаматтың белсенділігіне де тікелей байланысты. Бұл ретте әйелдердің кәсіппен айналысуы жеке табысты ғана арттырып қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өңірдің белсенді дамуына және әлеуметтік теңгерімнің нығаюына ықпал етеді.
Кей облыста әйел кәсіпкерлердің үлесі жоғары, десе де басқа аймақтарда бұл көрсеткіш төмен. Ендеше елдегі, оның ішінде әр облыстағы қаржылық инфрақұрылымның даму деңгейі мен әйел кәсіпкерлердің үлесі арасындағы байланысты қарастырып, өңірлік айырмашылықтарды тереңірек талдап көрейік.
Әуелі демографияға зер салсақ, Қазақстандағы халықтың 51,1%-ын әйелдер құрайды. Ал шағын кәсіптегі үлесі – 48,1%. Әйелдердің басым бөлігі микро немесе шағын бизнеспен айналысады, ал өкінішке қарай, орта бизнес басшыларының арасында нәзік жандардың үлесі төмен. Дегенмен көрсеткіштерде жыл сайынғы өсім байқалады. Зерттеулерге сүйенсек, әйелдердің еңбек нарығы мен кәсіпкерлікке белсенді қатысуы экономиканың өсуін жылдамдатады, бірақ барлық жерде мұндай қабілеттерді пайдалану мүмкіндігі, әрине жоқ. Сондықтан осы зерттеу жұмысының басты мақсаты − географиялық деректі пайдаланып, елдің әртүрлі өңірінде әйелдердің экономикалық және қаржылық жұмыс мүмкіндіктеріндегі айырмашылықтарды анықтап, осы өзгерістерді қалыптастырып жатқан көшбасшылардың идеяларын айқындай отырып, шешу жолдарын қарастыру.
Қазақстанда экономикалық тұрғыдан мықты дамыған өңірлер бар. Олардың қатарына қаржы мен ғылымның орталығы ретінде Астана мен Алматы, сондай-ақ кәсіп саласында белсенді Атырау мен Ақтөбе жатады. Осы тұрғыда облыстардағы әйел кәсіпкерлердің санына, қаржылық ұйымдардың қолжетімділігіне, демографиялық және географиялық дерекке назар аудара отырып, оларды елдің өзге ірі қалаларымен салыстыру маңызды деп ойлаймын.

Тағы да сандарды сөйлетсек, былтырғы дерек бойынша Атырау облысында 32 мың әйел кәсіпкер бар. Бұл барлық бизнес субъектілерінің 58%-ын құрайды. Ақтөбе облысында әйел кәсіпкерлер немесе әйел жетекшілердің үлесі − 56,5%, ал Алматы қаласының форум дерегі бойынша қала бизнесінің 45%-ын әйелдер құрайды. Астана қаласы бойынша 121 203 кәсіпкерлік тіркелген. Өкінішке қарай, оңтүстік өңірлерде, Семей немесе Қарағанды сияқты орта және кіші қалаларға қатысты нақты дерек тіркелмеген. Ашық дереккөз бойынша банк бөлімшелері мен МҚҰ-ның көпшілігі мегаполистерде, ал «Zakon.kz» ақпарат агенттігінің 2019 жылғы дерегінде оңтүстік және солтүстік-батыс облыстарында банк бөлімшелерінің аз орналасқаны жайлы жазылған. Кіші қалаларға қатысты осындай деректің болмауы − бизнес саласының қаншалықты дамығанын көрсетеді.
Өкінішке қарай, кіші облыстар бойынша банктердің орналасуына қатысты нақты сандар немесе пайыздар жоқ. Ал қаржылық инфрақұрылымның тығыздығы жоғары өңірлерде кәсіпкер әйел де көп. Сондықтан шағын қалаларда микронесие пен банк қызметтерінің қолжетімділігін кеңейту қажет. Бұл әйелдерге бастапқы капитал алу кезінде, жеке бренд құру және кәсіп бастау үшін көп мүмкіндікке жол ашады. Жыл сайын банктердің пайызы да өсіп келеді. Бірақ зерттеулер көрсеткендей, кәсіп басындағылардың көбі ер адам.
Осы орайда бірнеше қадам қарастырып көрсек: біріншіден, Қызылорда, Түркістан және Шығыс Қазақстан облысы секілді шағын қалалар мен облыстарда микрокридиттеу, мобильді банкт сервистерін кеңейту, екіншіден, табысты әйел кәсіпкерлердің қатысуымен онлайн немесе офлайн форматта өңірлік менторлық бағдарламалар құру қажет. Келесі қадам − мектептер мен қауымдастықтарда қыздарға арналған қаржылық сауаттылық модульдерін енгізу. Жас буын ақша басқаруды ерте үйренсе, болашақта оларға оңай әрі тиімді болады. Сонымен қатар банк қызметтеріне қолжетімділікті мониторингке енгізу, өңірлер бойынша сервистердің тығыздығын жинап, жыл сайын жариялау керек. Әрі физикалық инфрақұрылымның жоқтығын өтейтін жеңілдіктер мен қолдаулар ұйымдастырып, сауда және брендинг үшін цифрлық платформаларды қолдану да маңызды қадам. Бұл өз кезегінде технологиялардың дамуы әр жыл сай- ын баршаға және экономикаға пайда әкеледі.
Әйел − бизнес пен басқару саласындағы экономиканың бір ғана бөлігі емес, олар қозғаушы күш. Жазылған дерек пен нақты қадамдар әйелдер үшін тең экономикалық мүмкіндікке жету жолдарын айқындайды.
Аянат БАЛҒАБАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
