Қазіргі медиакеңістікте жылдамдық пен жеңілдік жарысып тұр. Біреу бірінші жарияласа болды, сол –жеңімпаз. Ал оның рас-өтірігі кейінгі мәселе. Ақпарат шынайылығынан бұрын, бірінші болып көзге түсу басты мақсатқа айналған заманда өңірлік журналистиканың бағыты мен беделі қандай күйде?

Бұл сұрақ тілшілікті тіршілік еткендердің ғана емес, тұтас қоғамның алдында тұрған сауал. Өйткені аймақтағы тілшінің көтерген мәселесі шын мәнінде биліктің күн тәртібіне шығуы үшін, алдымен оның үні естілуі керек. Ал қазір сол үн – әлсіз. Себебі оны біріктіріп тұрған алаң жоқ, қолдайтын орта жоқ, жеткізетін жүйе жоқ.Осы түйткілдерді ашық қозғау үшін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы бастама көтеріп, «Аймақтағы интернет-журналистиканы дамыту мүмкіндіктері және медиа саланың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Жиынға өңірдегі белді басылымдар мен телеарналардың бас редакторлары, республикалық ақпарат құралдарының аймақтық тілшілері, тәуелсіз авторлар мен жас журналистер қатысты.

Кездесудің басты мақсаты– бір-бірімізді сынау емес, тыңдау. Қатысушылар медианың бүгінгі беталысы туралы пікір алмасып қана қоймай, өзекті мәселелерді бірге көтеріп, оны шешудің жолдарын ұсынды.

Жиынның ашылуында сөз алған ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Дәуренбеков қазіргі медианың ахуалына тоқталып, бұл басқосудың басты мақсаты салтанатты құттықтау емес, өңірлік журналистиканың шынайы проблемаларын ашық айту және оны шешудің нақты жолдарын бірге ойластыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, аймақтағы интернет-журналистиканың дамуына техникалық және материалдық базаның әлсіздігі, контент сапасының біркелкілігі, кәсіби даму мүмкіндіктерінің жетіспеушілігі және тәуелсіз медиажобаларға қолдаудың жоқтығы кедергі болып отыр.

– Біз бұл мәселелерге бейжай қарай алмаймыз. Аймақтағы журналистер үшін жүйелі оқыту курстарын ұйымдастыру, цифрлық медианы дамытуға арналған бірлескен жобалар жасау, редакциялар арасында ынтымақтастықты арттыру, сондай-ақ тәуелсіз бастамаларға құрылымдық қолдау көрсету  бүгінгі күннің нақты қажеттілігіне айналып отыр. Жергілікті журналистиканың дамуы үшін нақты қадамдарға баруға, әріптестік орнатуға және бірге жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Нұрбек Сағатұлы.

Өңірлік журналистиканың өрісі мен өресі

Басқосуда бастама жасаған спикерлер өңірлік журналистиканың түйткілді тұстарын ашық айтып, жүйелі шешімдерге бастайтын нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Qyzylorda телеарнасының бас редакторы Айнұр Тұңғышбаева журналистердің өзекті мәселелерді жеке-дара емес, бірлесе көтеруі тиімді нәтиже беретінін атап өтті. Оның айтуынша, жеке журналист көтерген мәселе көбіне еленбей қалуы мүмкін, ал бірлесе көтерілген үн билікке жетпей қоймайды. «Аймақтағы тілшілерге жетіспейтіні бірлік», деді ол. Сонымен қатар, бүгінгі медиакеңістіктегі келеңсіз үрдістерге де тоқталып өтті. Айнұр Нұрланқызы ChatGPT сынды жасанды интеллект арқылы дайындалып жатқан ақпараттардың бірсарынды бола бастағанына назар аударды. Ол мұның тек стилистикалық мәселе емес, журналистік жауапкершілік пен авторлық ұстанымның әлсіреуіне апаратын жол екеніне басымдық берді. Бас редактордың айтуынша, мұндай тәсілдерден бас тартып, жазуға деген адалдықты, ар-ожданды оятатын көзқарасты күшейту қажет. «Қазір солай жаза салу оңай, бірақ ертең кәсіби журналист ретінде қалыптасуыңа бұл кедергі келтіруі мүмкін», – деді ол.

«Ұстаз мәртебесі» газетінің және «Әлімсақ» журналының редакторы Нұрлан Көбегенұлы журналистердің мәселесін депутаттар мінберден нақты көтеруі керектігін ашық қозғады. Ол тек ақпарат алуға қатысты емес, журналистің әлеуметтік мәселелері, яғни – жалақысы, баспанасы, мәртебесі де назардан тыс қалмауы керек екенін атап өтті. «Бүгінде медиада жасы үлкен, өз ісіне адал жандар ғана қалып отыр. Ал жастар неге келмейді? Себебі салада қаржылай тұрақтылық жоқ. Егер жастар еңбегінің әділ бағаланатынына сенсе, олар да осы саладан орын алар еді», деді ол. Ол депутаттардың аймақтарға сапары кезінде жергілікті БАҚ өкілдерімен міндетті түрде кездесу өткізуі тиіс екенін айтты. Бұл ұсынысты жиын барысында ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы қолдап, келешекте партия депутаттарының өңірге келген сапарларында тілшілермен арнайы кездесу ұйымдастырылатынын жеткізді.

Нұрлан Көбегенұлы бұдан бөлек, дәстүрлі БАҚ-та ашық сыни материалдар жариялауға кедергілер бар екенін, ал қоғам үшін маңызды тақырыптарды терең қозғаған жағдайда «ар жақтан біреулер арқан тартып шалып қалатындай» тосқауылдарға тап болатынын жасырмады. «Журналистика қазір көшіріп басумен ғана айналысатын салаға айналып бара жатыр. Бұл қауіпті. Бізге шындықты айту еркіндігі керек», деді ол.

«31 арнаның»аймақтағы меншікті тілшісі Абай Нұржанұлы ақпарат агенттіктерінің жұмысы жүйелі ілгерілеуі үшін аға буын мен жас журналистер арасында байланыс, қолдау және қажет болған жағдайда конструктивті сын болуы керек екенін атап өтті. «Маманның өсуіне сын да, бағыт та қажет. Бұған тек тәжірибе арқылы жетеміз»,  деп атап өтті.

«Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі Әлібек Әбсатұлы билікке мәселелерді тек журналистер емес, депутаттар да нақты көтеріп жеткізіп жүргеніне риза екенін білдіріп, журналистердің бұл істе жұмыла жұмыс істеуін қолдады. «Депутаттық мінберде біз көтеріп жүрген мәселелер айтылып жатса, бұл– журналистикаға деген құрметтің бір көрінісі», деп, ойда жүрген алғысын жеткізлі.

Өңірлік журналистиканың өрісі мен өресі

Жиын соңында ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Сағатұлы барлық пікірлер мен ұсыныстарды қағазға түсіріп, келешекте нақты бастамаларға ұласатынын айтты. жазылған ұсыныстарды тек қағаз күйінде қалдырмай, ұсынысқа айналдыратынын айтты. Көтерілген мәселелерге шолу жасасақ:

– Аймақ журналистерін біріктіріп, арнайы заңды қозғалыс немесе кәсіби бірлестік құру, сол арқылы жүйелі бастамаларды ұсыну;

– 3 ай сайын тұрақты кездесулер өткізіп, көтерілген мәселелерді жинақтап, Парламентке дейін жеткізу жолын қарастыру;

– Журналист мәртебесі мәселесін көтеріп, Масс-медиа туралы заңға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар жинау, бұл ретте журналистерден нақты ұсыныс қабылдауға дайын екенін білдірді;

– Журналистердің біліктілігін арттыру мақсатында семинарлар мен тренингтер ұйымдастыру қажеттігін алға тартты;

– Ресми органдардан ақпарат алу мәселесінде хат алмасу жүйесін жетілдіру, сұратылған мәліметтің уақтылы берілуін заң жүзінде бекіту керектігін айтты;

– Баспана мәселесін ашық көтеріп, оны тек орталық деңгейде емес, жергілікті деңгейде де қарастыру қажет деді;

– Баспасөз хатшыларына қойылатын талаптарды күшейту, оларды жай формалды емес, кәсіби медиамен жұмыс істейтін маман ретінде қайта қарастыру керек деді;

– Маман тапшылығы өзекті мәселе екенін, саланың тартымды болмауы жастарды бұрып жатқанын айтып, жалақыны көтеру арқылы салаға жастарды тартуға болатынын жеткізді.

Осы айтылған ұсыныстар жиын қорытындысымен хаттамаға тіркеліп, алдағы жұмыс бағыттарының негізіне айналатыны айтылды.

Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ,
ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының хатшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!