Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өсімдік ресурстарын қорғау және ел аумағында қауіпті карантиндік зиянкестер мен аурулардың таралуына жол бермеу карантиндік фитосанитариялық шараларды қатаң сақтауға тікелей байланысты.

Карантиндік фитосанитариялық шаралар – бұл өсімдіктерді, өсімдік тектес өнімдерді, тұқымдар мен көшеттерді қауіпті зиянды организмдерден қорғауға бағытталған алдын алу және бақылау іс-шараларының жиынтығы. Бұл талаптарды сақтамау ауыл шаруашылығына елеулі зиян келтіріп, өнім көлемінің азаюына, экологиялық тепе- теңдіктің бұзылуына және экономикалық шығындарға алып келуі мүмкін.

Қазіргі таңда сырттан әкелінетін өсімдік өнімдерінің көлемі артып келеді. Осыған байланысты фитосанитариялық бақылаудың маңызы бұрынғыдан да күшейіп отыр. Карантиндік тексеруден өтпеген көшеттер, тұқымдар немесе өсімдік өнімдері арқылы қауіпті зиянкестер мен аурулар жергілікті алқаптарға таралуы ықтимал. Сондықтан импортталатын және ел ішінде тасымалданатын барлық өсімдік өнімдері міндетті түрде фитосанитариялық тексеруден өтуі тиіс.

Карантиндік талаптарды сақтау – тек бақылаушы органдардың ғана емес, әрбір азаматтың, шаруа қожалығы мен кәсіпкердің ортақ міндеті. Өсімдік өнімдерін сатып алу немесе тасымалдау кезінде фитосанитариялық сертификаттың болуына мән беру, белгісіз көзден алынған көшеттерді отырғызбау – қауіпті жағдайлардың алдын алудың тиімді жолы.

Қорытындылай келе, карантиндік фитосанитариялық шараларды сақтау – елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына және табиғи ресурстарды қорғауға бағытталған маңызды қадам. Әрқайсымыз жауапкершілік танытып, белгіленген талаптарды қатаң сақтасақ, ортақ мақсатқа қол жеткіземіз.

Карантиндік фитосанитариялық шараларды сақтайық – ауыл шаруашылығын бірге қорғайық!

Аралбай ЖАЛҒАСОВ,
ҚР АШМ АӨК МИК Қызылорда облыстық аумақтық
инспекциясы өсімдіктер карантині және фитосанитариялық
бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік
инспекция бөлімінің бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!