KAZINFORM – Өскемен қаласында итін үйде жалғыз қалдырып кеткен әйел адамға 39 820 теңге айыппұл салынды.

Осыған байланысты сот ісі қалалық әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі сотта қаралған. Белгілі болғандай, әйел итін үйде қамап, жұмысқа кетіп қалған. Иттің үре бергенінен мезі болған көршісі полиция шақырды. Учаскелік полицей үй жануарларын ұстау талаптарын орындамағаны үшін иттің иесіне әкімшілік хаттама толтырған. 

Сот барысында тәртіп сақшысы өзіне арыз түскенін, мекенжайға келгенде пәтерде ешкімнің жоқтығын, іште иттің үріп жатқанын айтты. Үй жануарларын ұстау және серуендету ережелеріне сәйкес оларды қараусыз қалдыруға жол берілмейді. Сондықтан әйелге 10 АЕК (39 820 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды, – делінген сот материалдарында.

Айта кетейік, бұл заңды екінші рет бұзғандар 20 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!