750 миллиард теңгеден астам инвестиция. 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету. Іске қосылған 43 медициналық нысан. Бұл тізбекті әрі қарай кейінгі 3 жылда бой көтерген 21 спорт кешені, жағдайы жақсы 95 пайыз жол мен су жаңа жылу-электр орталығы жалғайды.

Сыр өңірінде атқарылған осы және өзге де жұмыс бойынша жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында журналистермен кездесіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы, атқарылған жұмыстар мен жоспар жайында баяндады.

− Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының, Үкіметтің ерекше қолдауымен Қызылорда облысының экономикасын әртараптандыруға, тұрғындарымыздың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған серпінді жобалар іске асуда. Өздеріңізге белгілі Президент Сыр өңіріне биылғы сапарында облысымызда атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Бұл – біз үшін зор мәртебе, үлкен жауапкершілік, − деп сөз бастаған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы әрі қарай сандарға ден қойды.

− Облыс бюджеті 851 миллиард 300 миллион теңгені құрап, 2021 жылдан бері 246%-ға өсті. Оның 56%-ы әлеуметтік салаға бағытталды. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 миллиард теңге болса, биыл 207 миллиард теңгеге жетіп, 4,4 есе артты.

Бюджет қаражатын оңтайландыру мақсатында 2022 жылдан бастап әлеуметтік салаға терең талдау жүргізілді. Нәтижесінде 108 миллиард теңге қаржы үнемделді. Оның ішінде, білім саласынан 64 миллиард 300 миллион теңге, мәдениет және спорт саласынан 15 миллиард 400 миллион теңге, әлеуметтік қорғау саласынан 8 миллиард 200 миллион теңгенің мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді.

Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандардың құрылыстарын жүргізу барысында демеушілер есебінен ЖСҚ әзірлеу, мектептер жанынан қосымша ғимараттар салу, әлеуметтік мекемелерді «Руханият» орталықтарына шоғырландыру арқылы 20 миллиард 100 миллион теңге қаржы үнемдеу шаралары қабылданды. Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда.

2022-2024 жылдары облыс экономикасына 1 триллион 600 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Ал биыл облысымызға 631 миллиард 400 миллион теңге инвестиция тарту жоспарланған. 11 айдың қорытындысымен 717 миллард 900 миллион теңге инвестиция тартылып, жоспар 13,7% артығымен орындалды. Жыл қорытындысымен 750 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылады. 2021 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 233%-ға артты. Жеке инвестицияның үлесі 70%-ды құрайды, − деді аймақ басшысы.

Инвестициялық жобаларға тоқталсақ, биыл 300 миллиард теңгеден астам қаржыға 27 инвестициялық жоба іске қосылды. Мысалы «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің толық автоматтандырылған кірпіш зауыты ашылды. Зауыт жылына 90 миллион кірпіш шығарып, жергілікті құрылысқа қажетті сұраныстың 90%-ын қамтамасыз етеді. Сол секілді «Қызылорда нан» серіктестігінің нан өндіру кешені іске қосылып, нан-тоқаш, кондитерлік-макарон өнімдерін шығаратын 4 цехы жұмыс істеуде. Мұнан бөлек 14 ірі жоба басталады. Оның қатарында «Шалқия» кен-байыту фабрикасы, кальцийленген сода зауыты, бөтелке шығаратын зауыт, тұрмыстық қатты қалдықтар өңдеу зауыты және тағы басқа жобалар бар.

Сонымен қатар Қызылорда облысы құрылыс көлемі бойынша көшбасшы өңірлердің бірі. Мысалы аймақта 2022 жылдан бері 200-ге жуық халыққа қажетті әлеуметтік нысан салынып, тұрғындардың игілігіне берілген. Кейінгі 3 жылда алғаш рет барлық ауданда жаңадан тұрғын үйлер салынып, 1 800-ге жуық пәтер табысталды. Сонымен қатар биыл 3600 пәтерлік тұрғын үйл салуға бюджеттен 58 миллиард 785 миллион теңге бөлінген. «Біздің ең бірінші міндетіміз – балаларымыздың жан-жақты сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру» деген қағиданы ұстанатын аймақ басшысы брифинг барысында «Білімді қолдау қорының» 8 миллиард 400 миллион теңге қаржысына физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты ел игілігіне табысталғанын айтты.

− Аталған қор есебінен 2 миллиард 333 миллион теңгеге салынған Арал ауданы Мергенсай ауылындағы 150 орындық мектеп жақын күндері пайдалануға беріледі. Қызылорда қаласында құрылысына 11 миллиард теңге қаралған балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» академиясы, Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарында 3 миллиард теңгеден астам қаржыға Оқушылар үйі мен Өнер мектебі, облыс орталығында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының демеушілігімен 2 миллиард 500 миллион теңгеге заманауи Оқушылар сарайы ашылды. «Саутс Ойл» компаниясы музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасын салуға 4 миллиард 800 миллион теңге демеушілік жасады.

Қазіргі уақытта Президент саябағында жыл бойы жұмыс істейтін заманауи балалар тынығу лагері, Ботаникалық білім беру орталығы бой көтеріп келеді. Сондай-ақ жұмысшы мамандарды даярлауға арналған «Құзыреттілік орталығы» ғимараты да басталды, – деді Н.Нәлібаев.

Құрылыс жайын айтқанда жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарынада тоқталған жөн. Жоспар бойынша алдағы үш жылда өңірдегі 51 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Биыл осы мақсатқа облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 9 мектеп қайта жаңғыртудан өтті. Ал кейінгі 3 жылда 21 спорт кешені салынды. Бұл жөнінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

− УЕФА-ның ІV санатты сертификатын алған 11 мың орындық заманауи нысанда ауқымды спорттық шараларды өткізуге барлық мүмкіндік бар. Жаңа стадион 4 қазан күні футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен ашылды.

Аймақта халықтың барлық санатының бұқаралық және кәсіби спортпен шұғылдануына жағдай жасалған. Кейінгі 3 жылда 21 спорт кешені бой көтеріп, ел игілігіне табысталды.

Облыс орталығындағы ірі жобалардың бірі – аумағы 25 мың шаршы метр, құны 20 миллиард 500 миллион теңге болатын көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешені. Бүгінде кешеннің құрылыс алаңындағы жұмыс қарқынды.

«Самұрық Қазына Траст» қорымен бірлесіп салынған «Теннис орталығы», «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Шиелі, Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері ел игілігіне табысталды. Қордың демеушілігімен тағы бір дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Нысан жақын күндері пайдалануға беріледі, – деді.

Бүгінде облыста 1538 спорт ғимараты бар. Халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылу көрсеткіші 56,5%-ға жетті.

Бұдан бөлек облыста ауызсу мәселесі де жолға қойылған. Аймақ басшысының айтуынша, Арал қаласынан 120 шақырым жерде, яғни ең шалғай орналасқан Ақбасты ауылына да су жеткізілген. Мемлекет басшысының ыстық сумен қамту туралы тапсырмасына сәйкес, көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су қосу мәселесі оң шешімін тапты. Осы мақсатқа 26 миллиард 200 миллион теңге бөлініп, 423 тұрғын үйге жоба әзірленді. Жобалар 2 кезеңмен іске асырылуда. Бірінші кезеңде 2024 жылы 186 үйді ыстық сумен қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен 11 миллиард теңге қаржы бөлініп, тұрғын үйлер ыстық суға қосылды. Екінші кезең бойынша 15,2 миллиард теңге қаржыға 237 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтылуда.

− Осы бағытта биыл Үкімет резервінен бөлінген 5 миллиард теңгеге 61 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су жеткізілді. Сондай-ақ арнаулы мемлекеттік қордан 10,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезде тұрғын үйлерді ыстық су жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде, – деді Н.Нәлібаев.

2022-2024 жылдары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 31 миллиард 600 миллион теңгеге 78 ауылдың әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 343 жоба жүзеге асқанын айта кеткен жөн.

Көлік жүргізушілерінің де айы оңынан туды. Себебі биыл жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға жетті. Қызылорда қаласындағы 270 көше қайта жаңғыртылды. Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 50 миллиард 605 миллион теңге бөлініп, 329 шақырым автомобиль жолы, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өтті.

Баспасөз конференциясы кезінде «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолы да айтылды. Жақында ғана осы жолдың облыс аумағындағы 216 шақырымы қайта жаңғыртудан өтті. Мамыр айында Арал қаласында 3 миллиард 140 миллион теңгеге салынған 940 метрлік аспалы көпір ашылса, 1 миллиард 400 миллион теңге жұмсалған Жаңақорған кентіндегі теміржол үстінен өтетін көпір де пайдалануға берілді.

Брифинг соңында аймақ басшысы: «Сіздерге аймағымызда атқарылған жұмыстарды, алдағы жоспар мен жобаларды қысқаша таныстырып өттім. Президентіміздің тапсырмаларын жүйелі түрде іске асырып, әділетті, қуатты, қауіпсіз әрі таза Қазақстан құру жолындағы жұмыстарымызды әрі қарай жалғастыратын боламыз», − деп сөзін қорытындылады. Атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар жан-жақты баяндалғаннан кейін, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан бірқатар нақты әрі өзекті сұрақ қойылып, жиын қорытындыланды.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!