Санаулы сәттерден кейін ескі жыл есігін жауып, жаңа жылға қадам басамыз. Күнтізбе 2021 жылдың соңғы күндерін санап жатыр. Артта қалған 365 күнде түрлі оқиғаларға қанық болдық. Ендеше қоғам үшін маңызды оқиғалардың тізімін жасақтап, өздеріңізге ұсынсақ.

Сайлау өтті

Өткен жылға өкпе бар ма?

Жыл басы сайлаумен басталды. Халық жергілікті мәслихат және мәжіліс депуттарын сайлады. Сайлаудың нәтижесі «Nur Otan» партиясы – 71,09 %, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы – 10,95%, «Қазақстан Халық партиясыһ» – 9,10 %, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 5,29 %, ADAL саяси партиясы – 3,57 % дауыс жинады. Бұл сайлауға ел қазынасынан 15,3 млрд теңге бөлінген.

Жинақтың бір бөлігін алуға рұқсат етілді

Өткен жылға өкпе бар ма?

2021 жылдың қаңтарынан бастап зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға рұқсат етілді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін 700 мыңнан астам қазақстандық пайдалана алатыны айтылды. Зейнетақы жинағының бір бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделу немесе қаржы компанияларына басқаруға беру үшін алуға рұқсат бар.

Жақында тағы бір жаңалық елдің назарын аударды. Қазақстанда 2022 жылы зейнетақы жинағын шешуге арналған жеткіліктілік шегі артатыны белгілі болды. Шекті меже келесі жылдан бастап ең төменгі жалақының өсуіне байланысты көтеріледі. Бұл шешімге әлеуметтік желі қолданушылары наразылық білдірді.

Президент зейнетақы қорындағы қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.

Ипотекалық бағдарламалар нарықтан шықты

Өткен жылға өкпе бар ма?

Мамыр айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова 2021 және 2022 жылдары «Баспана хит» пен «7-20-25» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларын қаржыландыру тоқтатылатынын мәлімдеді.

Еске салсақ, «Баспана хит» бағдарламасы арқылы азаматтар екінші нарықтан жылдық 10,75 пайызбен, 20 пайыз көлемде алғашқы төлем жасау арқылы 15 жылға дейін тұрғын үй ипотекасын рәсімдей алатын. Ал «7-20-25» арқылы ел тұрғындарына жылдық 7 пайыз, алғашқы жарна 20 пайызбен, 25 жылға дейін ипотека алу мүмкіндігі ұсынылып келді.

Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қандай?

Өткен жылға өкпе бар ма?

1 қаңтардан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері өзгеріп, зейнетақы, жәрдемақылар мен түрлі әлеуметтік төлемдер артты.

2021 жылы ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғыдай 42 500 теңге шеңберінде болды. Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңге шамасында белгіленді. 2020 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 32 668 теңге болған.

Отбасының әрбір мүшесіне тағайындалатын АӘК мөлшері нақты облыс үшін кедейлік шегінің көрсеткішіне байланысты айқындалды, оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына тең (2021 жылы бұл 34 302 теңгені құрады), яғни 34 302-нің 70%-ы 24 011 теңгеге тең. Отбасындағы әрбір адамның табысы осы көрсеткіштен төмен болса, айырмашылық атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін құрайды. Ең төмен күнкөріс деңгейі азық-түлік тауарларының бағасына байланысты әр өңір үшін жеке есептеледі.

«Қара тізімнен» 490 мың адам шықты

Өткен жылға өкпе бар ма?

Мамыр айында Президент микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеуге қатысты маңызды бір заңға қол қойды. Оған сәйкес, кредит тарихын сақтау мерзімі 10 жылдан 5 жылға дейін қысқартылды. Осылайша, қарызын төлеген, бірақ базада қалып қойған адамдар «қара тізімнен» ерте шығарылады.

Сонымен қатар елімізде коллекторлардың қызметін реттейтін түзетулер де қабылданды. Енді оларға коллекторлық агенттікке тіркелмеген, бөтен адамдардың телефон нөмірінен борышкерлерге хабарласуға тыйым салынады. Одан басқа, агенттіктер борышкермен сөйлесудің кез келген процесін бейне және аудио түрінде жазбаға түсіруге міндеттеледі.

Осылайша, бұл норма коллекторлардың борышкермен дөрекі сөйлесуіне немесе заңнаманы бұзуына жол бермейді.

Жаппай вакциналау басталды

Өткен жылға өкпе бар ма?

Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасын егу басталды.

Қазіргі таңда 8 млн 360 мыңға жуық азамат елімізде тіркелген вакциналардың екі компонентін де салдырды. Елімізде 26 сәуірден бастап ресми түрде отандық  «QazVac» вакцинасын халыққа егу басталды. Осылайша Қазақстан әлемде Сovid-19 індетіне қарсы өз вакцинасын әзірлеп, өндіріске шығарған елдердің санатына қосылды. Күні кешеге дейін Денсаулық сақтау министрі болған Алексей Цой Нұр-Сұлтан қаласындағы №9 емханада алғашқылардың бірі болып «QazVac» вакцинасын салдырған болатын.

Бұдан бөлек, 10 қарашада Қазақстан COVID-19-ға қарсы «Pfizer» вакцинасының алғашқы партиясын алды. Қол қойылған келісім аясында Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасының 4 млн 230 мың дозасы сатып алынды. Comirnaty – американдық «Pfizer» компаниясы мен Германияның «BioNTech» технологиялық компаниясы шығарған РНҚ-ға негізделген матрицалық вакцинаның (мРНҚ) сауда атауы. Бұл – Қазақстанда тіркелген алтыншы вакцина. Әзірге ол жүкті және емізулі баласы бар әйелдер мен 12 жастан асқан балаларға тегін салынуда.

 Қуаңшылық, төтенше жағдай және министрлердің отставкаға кетуі

Өткен жылға өкпе бар ма?

Жазда Қазақстанның бірнеше өңірінде жауын жаумай, жер құрғап, қуаңшылық болды. Маңғыстау мен Қызылорда облысында мал қырылды. Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Жер-жерден еріктілер жем-шөп жинап, зардап шеккен өңірлерге жөнелтті. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты отставкаға жіберді.

 26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Жарылыстан 13 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккені, үш кісінің хабар-ошарсыз кеткені хабарланды. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кететіні туралы өтініш беретінін мәлімдеді. 29 тамыз – елімізде Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқандарды аза тұту күні болып жарияланды.

Бір жарым жыл еліміздің денсаулық саласын басқарған Алексей Цой да жақында қызметінен кетті. Мемлекет басшысы Алексей Цойды денсаулық сақтау министрі қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойды. Өз отставкасы туралы министр Facebook парақшасында пікір білдірді. «Бүгін менің азаматтық секторға ауысу және ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы денсаулық сақтауды дамыту туралы шешімім қолдау тапты», – деп жазды Цой әлеуметтік желідегі парақшасында.

Құрметке «құрмет» көрсетілді

Өткен жылға өкпе бар ма?

Жазда Құрмет бастаған ерікті топ Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының қуаңшылық белең алған аудандарына күш біріктіріп, алты вагон шөп жіберді. Өңірлерге жем-шөп жеткізуді ұйымдастырған Шымкент қаласының тұрғыны Құрмет Талапқазының бұл құрметі көпшілікті тәнті етті.

Сырбойылық жастар да Құрмет бастаған ізгі істен шет қалған жоқ. Олар табиғаттың тосын мінезінен, қуаңшылықтан зардап шеккен Арал ауданының шаруаларына қолдау көрсету мақсатында «Жастардан жәрдем» акциясын қолға алып, ауыл-аймақтарда қызу тірліктің ортасында жүрген еді. Осылайша, Құрмет бастап, көп қоштап, еліміздің әр аймағынан келген ерікті жастар ну қамысты орып, қолмен жинады. Аптап ыстық оларға кедергі болған жоқ.

Қуантатыны, бастамашыл жас жақында М.Әуезов атындағы университетке ешқандай емтихансыз оқуға қабылданды, ел бірігіп Құрметке баспана сыйлауға жұмылып жатқанын да естідік.

Алтынсыз Олимпиада

Төрткіл әлем көз тіккен Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасы сәтсіздікке тап болып, тұңғыш рет алтынсыз қайтты.

 Қоржынға 8 қола түсіп, ел спорты сынның астында қалды. 1996 жылдан бері Олимп шыңын бағындырып келген боксшыларымыз да алтынсыз қалды. Үкілеп үміт артқан былғары қолғап шеберлеріміз алтын тұрмақ финалға да шыға алмады. Қазақстандықтар үшін бұл бәсеке «қола жауған» дода ретінде есте қалды.

Бастысы, жүлдесіз емеспіз. Жерлесіміз, бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев Токиодағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.

«Әліппе» қайта оралды, мұғалімдер конкурс арқылы жұмысқа қабылданатын болды…

Өткен жылға өкпе бар ма?

Қыркүйекте қазақстандық оқушылар бір жарым жыл үзілістен соң мектепке келді. 1-сынып оқушылары үшін «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулығы қайта оралды. Бұл оқулықтар 1 қыркүйек күні балаларға салтанатты түрде табысталды. Алғашқы қоңырауға тек 1-сынып оқушылары қатысты.

Бұдан бөлек, Білім және ғылым министрлігінің педагогтерді жұмысқа қабылдау қағидаларына қатысты жаңа бұйрығы ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. Енді жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне жұмысқа қабылдану үшін дипломның болуы жеткіліксіз екенін атап өткен жөн. Олар Ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп, одан әрі мектепте «педагог» бірінші санатын алуға міндетті.

Шыны зауыты іске қосылды

Өткен жылға өкпе бар ма?

Зауыт құрылысын аяқтау облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға бұйырды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерейтой қарсаңында алып өндіріс орнының пеші жағылды. Кәсіпорын жылына 197,1 мың тонна, тәулігіне 600 тонна өнім шығара алады. Бұл арқылы сырттан алатын өнімге деген тәуелділік азаяды, сондай-ақ басқа мемлекеттерге деген экспорттың 30%-ын жүзеге асыруға мүмкіндік тумақ.

Зауытта әлемнің жетекші елдері АҚШ, Италия, Бельгия, Финляндия және Қытайда шығарылған заманауи үлгідегі технологиялар қолданылады. Кәсіпорында табақ шыны, энергия үнемдейтін шыны, айна, ламинатталған шыны, күйдірілген шыны өндіріледі деп күтілуде.

19 миллионнан астық

Өткен жылға өкпе бар ма?

Биылғы жылдың басты жаңалығының бірі – халық санағы. 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілген Ұлттық халық санағына ел тұрғындары белсенді қатысты. Онлайн сауалнамадан халықтың 42,5%-ы өтті, ал жаппай аралап шығу арқылы адамдардың 57,5%-ы санақпен қамтылды. Бұл көрсеткіш онлайн форматта санақтан өтудің орташа еуропалық көрсеткішіне жақындағанын атап өту керек.

Жалпы еліміз жалпыұлттық санаққа 2017 жылдан бері дайындалды. 1999 жылы өткізілген алғашқы жалпыұлттық санақта елімізде 14 981 28, ал 2009 жылы өткізілген екінші жалпыұлттық санақта 16 009 597 адам өмір сүріп жатқаны анықталды. Ал өткен жылға жоспарланған жалпыұлттық санаққа коронавирустың кесірі тиді. Сонымен қатар 2018 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта жалпыұлттық халық санағын өткізуге бюджеттен 9,1 млрд теңге бөлінді. Қомақты қаржының басым бөлігі қызметкерлердің жалақысын төлеуге жұмсалды. Атап көрсетерлігі 1,1 млрд теңгеге 27 412 планшет сатып алынды. Планшеттер алдағы уақытта мемлекеттік органдарға беріледі. Үшінші жалпыұлттық халық санағы барысында 32 500 санақшы сауалнамаға қатысушыларға 84 сұрақ қойды.

 Сұрақтардың арасында «Сіз қанша тірі бала тудыңыз?» деген сияқты құлаққа түрпідей тиетін сауалдар болды. Осындай қызықты сауалдармен есте қалған санақтың нәтижесінде Қазақстан халқы 19 169 550 адамға жетті. Қазақстандықтардың 48,71 пайызы – ерлер, 51,29 пайызы – әйелдер. «Қазақстан халқының орта жасы 31,94 жас» деп көрсетілген. Жалпы халықтың 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 пайызы – 14-28 жас аралығындағы жастар. Еліміздегі қазақтардың үлесі – 70,18 пайызға жеткен. Халықтың 59,05 пайызы, яғни 11 320 410 адам еңбекке жарамды.

2021 жыл – «Балалар әдебиеті» жылы

Өткен жылға өкпе бар ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 22 қазанда өткен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында замана көшіне бейімделген саналы ұрпақ тәрбиелеуде балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру және қазақстандық балалар әдебиеті өкілдеріне қолдау көрсету айтылды.

 Жас жеткіншектерді әлем балалар әдебиеті шығармаларымен таныстыру тапсырмасына сәйкес, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылды «Балалар әдебиеті» жылы деп бекітті. Осы атаулы жыл аясында министрлік ауқымды іс-шараларды жүзеге асырды. Соның бірі – мемлекеттік тапсырыспен 40 кітаптың жарыққа шығуы.

Басылымдар «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» атты кіші бағдарламасы шеңберінде арнайы логотиппен және 120 мың тиражбен басылған және еліміздің барлық кітапханаларына таратылған. Басылып шыққан әдебиеттердің 34-і – отандық қаламгерлер туындысы болса, алтауы – әлем балалар әдебиетінің аудармалары. Атап айтқанда, отандық танымал авторлар Ақселеу Сейдімбек, Герольд Бельгер, Несіпбек Айтұлы, Шәкен Күмісбайұлы, Оразақын Асқар, Салықбай Әбділдәбек, Нағашыбек Қапалбекұлы, Серік Байқонов, Серік Қалиұлы, Заря Жұманова және басқа да талантты авторлардың шығармалары.

Е.ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!