BAQ.KZ. Жалақының кешіктірілуі, қызметкерді жұмыстан кетуге мәжбүрлеу, артық жұмыс істегені үшін ақы төлемеу және еңбек шартынсыз жұмыс істеу – еңбек нарығындағы ең өзекті мәселелер.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті азаматтардан түскен 51 462 өтінішті қараған. BAQ.KZ тілшісі Қазақстанда қызметкерлердің құқықтарын кім және қалай қорғайтынын анықтап көрді.

Редакцияның сауалына жауап берген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бүгінде еңбек құқықтарының жиі бұзылатынын мәлімдеді. Бұл еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, сондай-ақ халықты жұмыспен қамту салаларында орын алады. Әсіресе жекеменшік секторда, құрылыс, өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін қызметкерлер осал топқа жатады.

Ведомствоның мәліметінше, соңғы деректер негізінде құқықбұзушылықтардың негізгі түрлерін атап өтуге болады. Олар – жалақыны кешіктіру, ресми еңбек шартынсыз жұмыс істеу, үстеме жұмысқа ақы төлемеу, сондай-ақ жұмыс уақыты мен еңбек жағдайына қатысты нормаларды бұзу. Бұл – еңбек заңнамасында бекітілген негізгі кепілдіктер. Аталған талаптардың сақталмауы жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы даулардың басым бөлігіне себеп болып отыр.

Құқық бұзылған жағдайда қайда жүгіну керек?

Министрлік өкілдерінің айтуынша, қызметкердің құқығы бұзылған жағдайда, ең алдымен, жұмыс берушіге жазбаша түрде өтініш жолдап, заңбұзушылықты жоюды талап ету қажет. Сонымен қатар, өтініш берілгенін міндетті түрде тіркеп, дәлелін сақтап қою маңызды. Бұл кейін құқықты қорғауға негіз болады.

Негізгі уәкілетті орган – Мемлекеттік еңбек инспекциясы. Еңбек заңнамасының қандай да бұзылуы бойынша осы органға жүгінуге болады. Өтінішті eGov.kz порталы (eotinish.kz) арқылы онлайн жолдауға, жазбаша түрде немесе аумақтық бөлімшеге жеке барып беруге болады. Инспекция тексеру жүргізуге, нұсқама беруге және жұмыс берушіні жауапкершілікке тартуға құқылы, – деп хабарлады ведомство.

Егер Мемлекеттік еңбек инспекциясының нұсқамасы орындалмаса немесе қызметкер жұмысқа қайта алынуды талап етсе, сотқа жүгінуге болады. Заңсыз жұмыстан босату жағдайында да мәселе тікелей сот тәртібімен қаралады.

2025 жылғы статистика

2025 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті азаматтардан түскен 51 462 өтінішті қарады. Қарау нәтижесінде еңбек заңнамасының 8 742 бұзушылығы анықталды. Оның ішінде 7 287 заңбұзушылық жойылған.

Бұл көрсеткіштер жағдайдың екі қырын көрсетеді. Бір жағынан, өтініштердің көптігі мәселенің жүйелі сипат алғанын аңғартады. Екінші жағынан, анықталған заңбұзушылықтардың басым бөлігі мемлекеттік орган араласқаннан кейін түзелген.

Жұмыс берушілерге қандай шаралар қолданылады?

Еңбек министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғаудың тұрақты құқықтық жүйесі қалыптасқан. Заңнамада еңбекақы төлеу, жұмыс уақыты және жұмыстан босату тәртібі нақты реттелген. Ал мемлекеттік органдар заңбұзушылықтарға әрекет ету үшін жеткілікті өкілеттіктерге ие.

Жалақыны төлемеу, заңсыз үстеме жұмысқа тарту немесе заңсыз жұмыстан шығару фактілері расталған жағдайда жұмыс берушіге міндетті нұсқама беріледі, әкімшілік айыппұл салынады, сот арқылы құқықтарды қорғау және қалпына келтіру шаралары қолданылады. Ведомствоның бағалауынша, Мемлекеттік еңбек инспекциясына және сотқа жүгіну нақты нәтижеге – қарыз жалақыны өндіруге, өтемақы төлеуге және қызметкерді жұмысқа қайта орналастыруға мүмкіндік береді.

Министрлік қолданыстағы тетіктер қызметкерлердің мүддесін тиімді қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, бұл механизмдерді одан әрі жетілдіру және алдын алу шараларын күшейту еңбек тәртібін нығайтып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Заңгерлер тәжірибесі: қоғамда не болып жатыр?

Жағдайға қосымша бағаны құқықтық тәжірибе де береді. Редакциямызға берген сұхбатында “Пономарев және серіктестері” заң компаниясының заңгері Алдан Шариповтың айтуынша, іс жүзінде қызметкерлер көбіне жалақының кешіктірілуі немесе мүлде төленбеуі, заңсыз жұмыстан шығару және “өз еркімен” өтініш жазуға мәжбүрлеу, ақысыз артық жұмыс, еңбек демалысына қатысты мәселелер мен рәсімделмеген еңбек қатынастары бойынша жүгінеді.

Заңгердің сөзінше, жалақы кешіктірілген жағдайда төлем көбіне бөліп-бөліп беріледі, “ай жабылғаннан кейін төлейміз” деген уәде айтылады немесе “конвертпен” берілген жалақының бір бөлігі қайтарылмай қалады. Мұндайда қызметкерлер жалақы бойынша берешекті, өтемақыны, өсімпұлды немесе айыппұлды өндіріп беруді, сондай-ақ есеп айырысу құжаттарын беруді талап етеді.

Жұмыстан босату даулары кезінде көбіне жұмыс беруші тарапынан “өз еркімен кету” туралы өтініш жазуға қысым жасау, “бап бойынша” жұмыстан шығарамыз деп қорқыту немесе еңбек шартын бұзу рәсімін сақтамау фактілері кездеседі. Мұндай жағдайларда қызметкерлер жұмысқа қайта орналастыруды, жұмыстан босату негізін өзгертуді, амалсыз бос жүрген уақыты үшін төлем төлеуді немесе өтемақы өндіруді талап етеді.

Кең тараған жағдайлардың бірі – ақы төленбейтін артық жұмыс. Қызметкерлер іс жүзінде жұмыс уақытынан тыс немесе демалыс күндері жұмыс істейді, алайда жұмыс уақытының табелі формалды түрде толтырылады. Сондай-ақ еңбек демалысына қатысты да даулар жиі туындайды: демалыс берілмейді, ақысы төленбейді немесе жұмыстан шығарылғанда өтемақысы төленбейді. Бұған қоса, рәсімделмеген еңбек қатынастары да өзекті мәселе. Яғни адам штаттағы қызметкер сияқты жұмыс істейді, бірақ еңбек шарты жоқ немесе азаматтық-құқықтық шартпен рәсімделген.

Шариповтың айтуынша, Қазақстанда сот арқылы өз құқығын қорғау мүмкіндігі бар, әсіресе құжатпен және есеп-қисаппен дәлелдеуге болатын істерде. Көбіне жалақы бойынша берешекті және түпкілікті есеп айырысуды өндіріп алу, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақы төлеу, сондай-ақ жұмыстан шығару тәртібі бұзылған даулар қызметкердің пайдасына шешіледі. Нақты дәлелдер болған жағдайда еңбек қатынастарын тану да мүмкін.

Сонымен қатар “көлеңкелі” жалақы, жазбаша дәлелдердің болмауы, ауызша келісімдер және қызметкердің жағдайын нашарлататын құжаттарға қол қою (оның ішінде “өз еркімен” кету туралы өтініш немесе ешқандай ескертусіз жасалған келісім) тәуекелді арттырады.

Неліктен қызметкерлер соңына дейін бармайды?

Заңгердің байқауынша, заңбұзушылық айқын болған күннің өзінде көптеген қызметкер сотқа дейін жетпейді. Себептері белгілі: мансабына нұқсан келтіруден және «жанжалшыл қызметкер» деген бедел қалыптасуынан қорқу, қаржылық тәуелділік, жұмыс беруші тарапынан психологиялық қысым, дәлелдердің жеткіліксіздігі және мәселе бейбіт түрде шешіледі деген иллюзия.

Жұмыс беруші «кейін есеп айырысамыз» деп уәде беруі мүмкін, ал қызметкер уақыт пен дәлелдерден айырылып қалады. Бұған қоса, жанжалдан кейін қызметкердің корпоративтік поштаға, чаттарға және ішкі жүйелерге қолжетімділігі жабылады. Соның салдарынан дәлелдік база жоғалуы ықтимал.

Қызметкерлер жиі жіберетін қателіктер

Заңгер қызметкердің ұстанымын әлсірететін бірқатар қателіктерге де тоқталды. Атап айтқанда, заңбұзушылықтарды жазбаша түрде тіркемеу, хат-хабарлар мен құжаттарды сақтамау, құқықтық ұстанымның орнына эмоцияға берілу, талаптарды дұрыс тұжырымдамау және процессуалдық мерзімдерді өткізіп алу.

Оның айтуынша, сотқа нақты заңи талаптар қажет. Мысалы, жалақы бойынша берешекті өндіру, жұмыстан босатуды заңсыз деп тану, құжаттарды беруге міндеттеу, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақы өндіру секілді талаптар қойылуы тиіс. Ал “директорды жазалау” сияқты жалпы өтініштер құқықтық нәтиже бермейді.

Еңбек министрлігінің ресми деректері жүйенің жұмыс істеп тұрғанын және заңбұзушылықтардың едәуір бөлігі жойылатынын көрсетеді. Алайда бір жылда 51 мыңнан астам өтініштің түсуі және мыңдаған заңбұзушылықтың расталуы еңбек қатынастары саласында әлі де мәселелер бар екенін аңғартады.

Қазақстанда еңбек құқықтарын қорғау әкімшілік бақылау мен сот арқылы қорғау тетіктерінің үйлесіміне негізделген. Дегенмен бұл механизмдердің тиімділігі көбіне қызметкерлердің құқықтық сауаттылығына, заңбұзушылықтарды дер кезінде тіркеуіне және өз құқықтарын заң аясында қорғауға дайындығына байланысты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!