Шекарадан өту уақыты 25 минутқа дейін қысқарады.

1 желтоқсаннан бастап Өзбекстанмен шекарадағы «Қапланбек», «Зангиота» өткізу бекеттері жабылады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының үкіметтері бекіткен екі ел шекарасындағы өткізу пункттерін реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі Жол картасына сәйкес және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мен Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік Кедендік бақылау комитетінің кездесуі аясында тараптар биылғы 1 желтоқсаннан бастап «Қапланбек» және «Зангиота» өткізу бекеттерін қайта құру кезеңінде толық жабуға уағдаласқан.

«Қайта құру қорытындысы бойынша 2-ден 6 жолаққа дейін кеңейту жүргізіледі, «Қапланбек» өткізу пунктінің өткізу қабілеті тәулігіне 200-ден 1000 көлік құралына дейін ұлғайтылады, шекарадан өту уақыты 25 минутқа дейін қысқарады.

Бұдан басқа, көлік құралдарының тоқтаусыз қозғалысы үшін Техникалық бақылаудың бірыңғай өтпелі автоматтандырылған дәліздерін пайдалану жолымен өткізу пунктінде көлік құралдарының қозғалысының барлық циклін автоматтандыру жоспарлануда, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Мемлекеттік кірістер комитеті Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді және ірі тасымалдаушыларды көлік құралдары мен жеке тұлғалардың ағынын шекараның осы учаскесіндегі басқа «Қазығұрт», «Жібек жолы», «Б.Қонысбаев», «Атамекен», «Сырдария» және «Целинный» өткізу пункттеріне Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасына сәйкес қайта бөлу жөнінде ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!