Аймақта электронды үкімет порталы арқылы онлайн алынатын мемлекеттік қызметтер арасында электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алуең көп сұранысқа ие. Ағымдағы жылдың 6 айының өзінде 140 мыңға жуық қызылордалық электронды цифрлы қолтаңба алған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммунмкациялар қызметінің ақпарат алаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыс бойынша филиалының биылғы жылдың 6 айында атқарған жұмыстарын баяндаған филиал директоры Айнұр Тобаева мәлімдеді. Ең көп көрсетілген қызметтер қатарында көлік құралдарын тіркеу, жеке куәліктер мен төлқұжат беру жұмыстары да бар. Жыл басынан бері 45 мыңнан аса азамат көлік құралдарын тіркесе, 42 мың 662 адам жеке басын куәландыратын құжаттарға ие болған.Халыққа қызмет көрсету орталықтарын, жер кадастрын, жылжымайтын мүлік пен зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтарды бір жүйеге интеграциялау. Бұл 2016 жылдың сәуірінде «Ұлт жоспарына» сәйкес құрылған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басты міндеті. 5 жыл ішінде корпарация мемлекеттік қызметтер алудың бірыңғай платформасына айналып, мемлекеттік реестрде тіркелген 690 қызметтің 95%-дан астамын қамтып отыр. Бұл жерде мемлекеттік қызметтің 97%-ы электронды форматқа ауыстырылған. Корпорация ақпараттық базаларды электрондық форматқа ауыстыру мен процестерді жеңілдету мақсатында бірнеше жобаларды да сәтті жүзеге асырып келеді. Бұл өз кезегінде электронды қызмет көрсету мен халықтың өзіне-өзі қызмет көрсету сапасын арттыратындығы сөзсіз. Мәселен корпорацияның ХҚК бөлімдерінде орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында жыл басынан бері 591 мың азамат қызметтерге қол жеткізген. Бұл өткен жылдың есептік мерзімімен салыстырғанда 30 пайызға артық.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!