Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев шығармаларына зер салсақ, ақын келешек ұрпақты өлеңімен тәрбиелейді. Ақынның артында қалған мұрасы арасында қазіргі қордаланған мәселерімен астасып жатқан ой мол. Солардың бірі – «Ой» өлеңі.

Мысалы, онда қолданылған у сөзін алсақ. Қазақ ұғымында «у»-ды жақсылықта қолданбайды. Ол адамның ес-түсін білмей, бір сәттік қуанышқа алданатын шағын баян етіп тұр. Рухани жұтаңдыққа тап қылатынын  ескермейтін кездің болатынын жазған ақын ойы, ең бірінші, сол улануға жетелеп тұрған «рахат» сезімінен бастау алады. Ойланып іс қылмаған жанның өкінішке ұрынатынын жеткізеді.

Жаным ессіз, жаным мас.

Ой улады.

Жүректе зар, көзде жас.

Ой улады,

Көмір болды жүрегім.

Ой улады,

Сарғаямын, сөнемін!

Мағжанның образдық ойлауы нәзік сезімталдығы мен терең білімділіне, ойының өткірлігі мен талғамының биіктігіне құрылған. Суреткер ретінде төңірегінде болып жатқан жайларға салқын қарай алмаған. Оның жақсы да нашар тұсын ой елегінен өткізіп өзінше баға берген.Толғаныс тудырған әлеуметтік ортаның өзгелерге белгісіз құпиясын ашуға, бағасын беруге тырысқан. Алда болатын жағдайды да, болған жайды да образдап бейнелеген. Оған «Еңбек – өлім, жан қанатын қиятын» өлеңінде көз жеткіземіз. Ақынның айтпақ ойы астарлай жұмбақталып, қоғамдық мәселеге философиялық толғаныс жасайды:

Еңбек – өлім, жан қанатын қиятын,

Еңбек –  өлім, жанды ашудан тиятын

Еңбек деген еңбектеген мылқау дию

Жаншып жанның сұлу сынын жоятын.

Ақын ой еңбегі мен физикалық еңбекті салыстыра салмақтап, екеуін таразының екі басына қояды да, философиялық ой қозғайды. Ақынның «еңбек» деп отырғаны – қол еңбегі, «жан» деп отырғаны – ой еңбегі. Енді бірде Мағжан Жұмабаев рухтың  өлмейтін шындық, материяның өтпелі екендігін еске алады. Адам болмысы сенімнен тұрады. Ой – сенім.

«Қызыл тіл кісендеулі қолым емес» деп, өле-өлгенше қазақтың мүддесі мен мұңын жырлап кеткен, сондай-ақ «Өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет туғызған, сөзге жан бітірген, қазақ поэзиясында жаңа өлшеулер шығарған» Мағжан Жұмабаев ақындығының құпиясы оның өз тұсының шындығын дәл бейнелеуінде ғана емес, өлеңнің сиқырлы күшінде. Ол бірде өмірдің күлкісіндей қуанышты бейнелесе, бірде жылаған, қайғы жұтқан қазақтың ішкі сезімін көрсетеді.

Арайлым ӨТЕГЕНҚЫЗЫ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  магистранты.

Данат ЖАНАТАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.к.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!