Жыл басынан бері интернет-казино қызметінің 350-ден аса дерегі анықталды. Бұл туралы Сенаттағы жастарды қолдау тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жастардың құмар ойындары мен есірткіге тәуелділіктің құрбаны болатын жағдайлары аз емес. Сондықтан бүгінде жастарды осы зиянды дерттерден қорғау мәселесі күн тәртібінде тұр. Бүгінде уәкілетті органдар заңнамада белгіленген тәртіппен тыйым салынған интернет-казиноларды анықтап, бұғаттау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері интернет-казино қызметінің 350-ден аса фактісі анықталды», – деді Е. Тоғжанов.
Оның айтуынша, онлайн-казиноға қарсы күрес бағытында заңнамалық түзетулер жобасы әзірленіп жатыр.
«Атап айтқанда, интернет-казино ұйымдастырушылары тізбесін жүргізу, казиноларға әрі ойын автоматтары залдарына кредит карталары арқылы төлемдер жасауға тыйым салу, сондай-ақ адамдарда кредит тарихы нашар болса, олардан ставка қабылдауға тыйым салу қарастырылып отыр. Интернет-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу мәселелерін ескеріп отырмыз», – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Сонымен қатар, ол жастар арасында есірткі заттарының таралуына қарсы және нашақорлықтың алдын алу бойынша нақты шаралар қабылданып жатқанын да жеткізді. Жыл басынан бері құқық қорғау органдары 1000-нан аса есірткі қылмыстарын анықтаған, оның 734-і есірткіні таратуға қатысты.
«Бұдан бөлек, мыңға жуық есірткі заттарын сатумен айналысқан интернет-магазиндердің жолы кесілді», – деді Е.Тоғжанов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев барлық реформаның түпкі мақсаты жастардың әл-ауқатын арттыруға әрі олардың дамуына жағдай жасауға арналғанын атап өтті.
Сонымен қатар ол университет бітірген түлектерге еңбек нарығында сұраныс жоқ екенін айтты.
Сенатор Нұртөре Жүсіп елдегі ЖОО мен колледждерді бітірген, қолдарында бір емес, бірнеше дипломы бар жастар еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыра алмай отырғанын мәлімдеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!