Бүгінде қаланың кез келген нүктесінен тиын салып, ойыншық ұтып алуға болатын немесе QR код арқылы төлем жасап, ұруға болатын силометр секілді ойын аппараттарын жиі кездестіреміз. Жалпы ойын бизнесі – казино, ойын автоматтары, тотализаторлар мен букмекерлік кеңселер арқылы елімізде кеңінен таралған. Бір қарағанда қызық әрі уақыт өткізудің тәсілі болғанымен, ойын автоматтары көп адамның өміріне айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін. Бұл құрылғылар тек көңіл көтерудің құралы емес, психологиялық, әлеуметтік және экономикалық салдары бар күрделі мәселе. Мақаламызда осы мәселеге кеңінен тоқталамыз.
ҚҰРДЫМҒА ЖАСАЛҒАН АЛҒАШҚЫ АДЫМ
Ойын автоматтары адам психикасына ерекше әсер етеді. Көптеген адам ойынға алғашқы қадамды жеңіл оймен жасайды: қызығушылық танытады, сәл табысқа қол жеткіземін деген үмітпен ойнай бастайды. Бірақ уақыт өте келе бұл әдет тұрақты сипат алады. Алғашқы ұтылыстардан кейін адам қайта ұмтылып, бір жеңіс тағы да көп пайда әкеледі деп сенеді. Осылайша, ойыншылар өздері байқамастан тәуелділікке душар болады, оны ғылыми тілде «лудомания» деп атайды. Жалпақ тілде айтсақ, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге» бейімделеді.
Қош. Көтергелі отырған тақырыбымыз ойын аппараттарына құмар жастар санының артуы. Жалпы бұл құрылғылардың құны арзан емес. Ұруға арналған силометрдің өзі кем дегенде 800 мың теңгеден жоғары сомманы құрайды. Ал ойыншық, түрлі техникалық заттармен толтырылған ойын аппараттарының бағасы 600 мың теңгеден басталады. Ал ойнау үшін 100 теңге, не одан да көп ақша салуыңыз қажет. Пайда көзінің бар екенін аңғарғандар аталған аппараттарды сатып алу үшін қаражат аямайтын көрінеді. Оның үстіне мұндай құрылғылар адам көп жиналатын қоғамдық орындарда жиі кездеседі. Біз мәселені түп тамырымен жоямыз деп дабыл қағып жүргенде, кейбір «пайдакүнемдер» мүмкіндіктен құр қалғысы келмейді. Өкінішті-ақ… Мәселен, сіз ойыншық толған ойын автоматқа 100 теңге салып ойнайтын болсаңыз, бірінші мүмкіндіктен-ақ ұтып кете алмайсыз. Ойын аппараттарының да басты ерекшелігі осында. Адам психологиялық тұрғыда жеңіске деген құлшыныс пен «жалған намыстың» кесірінен қалай азартқа кіргенін байқамай да қалады.
Қызығушылықпен басталған ойын көп жағдайда жеңілістің ащы дәмімен аяқталады. Алайда ойыншылар қайта ұту мүмкіндігіне сеніп, сол ойынның шырмауына түседі. Әсіресе жеңілген сайын «келесіде міндетті түрде ұтамын» деген иллюзия адам санасын билейді. Бұл психологиялық құбылысты «жақын жеңіс эффектісі» деп атайды, мұнда ойыншы үнемі жетпеген жеңісіне жақын болдым деп, өзіне үміт сыйлайды. Осының салдарынан одан сайын ойнауға құмар болады. Жеңіске деген жалған сенім, бір сәттік қуаныш пен жеңістің жылтыраған елесі ақыры құрдымға тартып тынады.
Кейбір зерттеулер бойынша, ойын автоматы адамның миындағы дофамин гормонының бөлінуін күшейтеді. Бұл гормон жеңіс сәтінде көп бөлініп, адамда бір сәттік қуаныш пен қанағаттану сезімін туғызады. Бірақ уақытша қанағаттану тек тәуелділіктің бастауы екеніне ешкім мән бермейді. Ал ұтылыс жиілей бастағанда, бұл сезім кері әсерге айналуы мүмкін. Нәтижесінде тәуелді ойыншының қаржылық жағдайы нашарлайды, тіпті қарызға белшеден батуы да ғажап емес.
ОЙЫН БИЗНЕСІНЕ ШЕКТЕУ ҚАЖЕТ
Мемлекет аталған мәселені тоқтату үшін түрлі шараларды қолдануда. Өткен жылдың аяғында Мәдениет және спорт министрлігінің заңға түзетулер енгізуді жоспарлап жатқандығы туралы ақпарат тараған еді. Өзгерістер мынаны қамтиды: құмар ойындарға тек 25 жастан бастап қатысуға рұқсат етіледі (қазір 21 жастан бастап ойнауға болады). Несиесі/ипотекасы бойынша мерзімі өткен қарызы бар азаматтарға, сондай-ақ әскери қызметшілерге ойын ойнауға тыйым салынады. Құмар ойын мекемелерін заңсыз ашу немесе ұстағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі деп күтілуде. Қазақстанда тіркелмеген және KZ домені жоқ шетелдік букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың сайттары мен қосымшалары ел аумағында тыйым салынатын болады. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың сыртқы жарнамасына тыйым салынады. Жарнама тек олардың кеңселерінде, спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімдерінде рұқсат етіледі. Ал медиа-жарнама тек спортқа маманданған БАҚ, интернет-ресурстар, телеарна мен радиостанция арқылы ғана беріледі. Өзгерістерді мақұлдаған күннің өзінде, тоқтау болатыны күмән тудырады.
Қуанышымызға орай, 2025 жылдан бастап, казино, ойын автоматын бизнеске айналдырғандар, тотализаторлар мен букмекерлік кеңселер салық төлеуге міндетті. Бұл құрылым мынадай мекемелерді қамтиды:
Тақырыбымызға арқау болып отырған ойын автоматтары үшін салық мөлшері 60 АЕК, яғни 236 мың теңге болып белгіленген.
Казино – ойын бизнесінің ең танымал түрінің бірі. Ойын үстелі мен карталық ойынды ұйымдастыру арқылы үлкен пайда табатын бұл орындар мемлекетке айтарлықтай салық төлеуге міндетті. Әрбір ойын үстелі үшін салық мөлшері 1 660 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды, бұл 2025 жылы шамамен 6,5 миллион теңге.
Тотализаторлар – спорттық іс-шараларға бәс тігуді ұйымдастыратын орталықтар. Тотализатор кассалары үшін салық 300 АЕК немесе шамамен 1,18 миллион теңге болса, электронды кассалар үшін салық көлемі 4 000 АЕК-ке, яғни 15,7 миллион теңгеге жетеді.
Букмекерлік кеңселерде де ұқсас салық міндеттемелері бар. Әрбір касса үшін 300 АЕК немесе 1,18 миллион теңге, ал электронды кассалар үшін 3 000 АЕК немесе шамамен 11,8 миллион теңге салық төленеді.
Мұндай салық мөлшерлемелері ойын бизнесі субъектілеріне ауыртпалық тудырады. Дегенмен бұл шаралар арқылы мемлекет ойыншылардың санын азайтуға тырысады. Салықтың өсуі және заңды реттеудің қатаңдауы ойыншылардың санын шектеумен қатар, мемлекеттің бюджетіне айтарлықтай кіріс әкеледі.
Ойын автоматтарының зиянын тек заңмен шектеу жеткіліксіз. Басты мәселе – қоғамдағы мәдениет пен сана деңгейін өзгерту. Ойын автоматтарының оңай табыс көзі емес, өмірге қауіп төндіретін әдетке айналатынын түсіндіру керек. Әрбір адам өз ақшасының, уақытының қадірін біліп, ойын автоматтарының пайдасынан гөрі зияны басым екенін сезінуі тиіс.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!