Жаз жадырап бастал­ғанмен балал­ардың көпқабатты үйден құлау оқиғасы ата-аналарды жабырқатып тастайды.

Екінші, үшінші және одан да жоғары қабаттан құлағандар көбіне терезедегі торды ұстап, оқыс жағдайға ұшырап жатыр. Тұрғындар терезеге тапсырыс беру кезінде москит торды балалардың бойы жетпейтін жеріне орнатса немесе басқа да қалқандар арқылы сақтық шараларын қатаң қадағаласа, терезеден қатер төнбеуші еді. Жазда асыр салып ойнағанның орнына бүлдіршіндер денсаулығына зақым келіп ауруханада жатыр.
Иә, терезелер жаппай ашыла бастағанда қауіп көбейеді. Нендей амал, қандай тәсіл тиімді? Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бар. Мемлекет басшысы құрылыс компанияларына қауіпсіздік нормаларын қатаң күшейтуді де міндеттеді.
– Құрылыс нормаларында қауіпсіздіктің нақты параметрлерін күшейту қажет деп санаймын. Біз, әрине, құрылыс жағдайларын жеңілдетеміз. Бірақ кейбір құрылысшылар мен кәсіпкерлер мұның бәрін теріс пайдаланады. Қосымша қауіпсіздік шараларын қолдану қажет. Балалардың терезеден құлауына алдымен ата-аналар жауапты, әрі бұл қауіпсіздікті қамтамасыз ету әкімдіктің міндеті, – деген еді Президент.
Одан соң Президенттің тапсырмасы құзырлы орындар тарапынан компанияларға тек ұсыныс ретінде ғана айтылды. Бұл ұсыныстың ешбір заңдық тетігі жоқ. Оған себеп – жоғарыда айтқанымыздай, баланың қауіпсіздігіне әуелі ата-ана жауапты. Нұсқаулық алған құрылыс компаниясы оны мүлтіксіз орындайды деу де өтірік. Жүре тыңдайды. Күле шығарып салады. Заңда болмаған соң басын қатырып, босқа әуреге түспейді. Компаниялар үнемшіл. Бұл нұсқауды бекітуге бола ма? Заңгердің айтуынша, ол мүмкін емес.
– Жаз басталса дәрігерлердің кішкентай пациенттерден қолы босамайды. Ал жел қақтыру үшін ашқан терезеден ауып құлаған сәбилердің статистикасы мүлдем қорқынышты. Олардың бірлі-жарымы жарақаттан жеңіл құтылса, бірі мерт болады. Көп жағдайда медицина әлсіз, бала мүгедек болып қалуы мүмкін.
Жоғары қабаттан балалардың абайсызда құлау оқиғалары бойынша тіркелген мәліметтерге сүйенсек, олардың жасы әлі беске де толмаған. Еңбекке жарамды азаматтар арасында мұндай жағдайларға көбінесе құрылыс мамандары ұшырайды. Әсіресе, егде жастағы азаматтар үшін құлаудың салдары өте ауыр болады. Ата-аналарға көпқабатты үйлерде балаларды терезеге жақындатпай, мұқият болуларын ескертеміз, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бөлім бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Жанболат Бақбергенов.
Статистикаға сүйенсек, қайғылы жағдайлардың көбісі ата-ананың қарауынсыз қалғанда немесе салғырттықтан болады. Ойын баласының кез келген нәрсеге әуестеніп, қолды-аяққа тұрмай, мазасыз болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан сәбиіңіздің өміріне қауіп төнбес үшін, оның әр қадамына абай болғаныңыз абзал.
Мәселен, жақында ғана орын алған оқиғадан көпшілік үркіп қалды. Қызылорда қаласында жеті жасар ер бала бесінші қабаттан құлап кетті. Оқиға 12 шілде күні сағат 12:45 шамасында Жаппасбай батыр көшесіндегі көпқабатты үйдің бірінде болған.
– Бес қабатты тұрғын үйдің бесінші қабатынан 2016 жылғы ер бала құлап кеткен. Ол алған дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Тұрғындардан қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Айгүл Нұрманова.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше биыл 12 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Оның арасында біреуі алған дене жарақатынан көз жұмды. Ал өткен жылғы көрсеткіш бойынша 9 жағдай тіркелген.
Мәселе құрылыс сапасын арттыру арқылы шешілетіндей. Пластик терезе салатын кәсіпкерлер жаз шыға жалпы тапсырыстың көбейетінін айтады. Қорғаныс бекіткіштерді орнатуға да өтініш арта түсетін көрінеді. Тіпті «жау кеткен соң қылышын тасқа шабатындар да» бар. Ата-аналардың кейбірі жазатайым оқиға болған соң ғана опық жеп, орнатады екен.
– Кейінгі кезде қауіпсіздік бекіткіштеріне тапсырыстар көбейді. Бағасы аса қымбат емес. Жылдам орнатылады, – дейді жеке кәсіпкер В.Воронов.
Оқиға орнына бірінші болып баратын төтенше жағдайлар департаменті жалпақ елді ескертуден кенде емес. Кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауды жағы талмай жұрттан сұрап-ақ келеді. Терезелерге арнайы бекіткіштер орнатуды да өтінеді. Тек тыңдар құлақ аз.
– Балалардың терезелер мен балкондардан құлауына жол бермеу үшін қараусыз қалдырмау керек. Бала терезенің алдына шыға алмайтындай етіп, жиһаздың барлық түрін ол жерден алып тастау қажет. Москит торы құлаудан қорғануға арналмаған. Сонымен қатар терезені бірнеше сантиметрден артық ашуға мүмкіндік бермейтін арнайы бекіткіштер орнатылуға тиіс. Егер бекіткіш құрылғы орнату мүмкіндігі болмаса, терезенің тұтқасын алып тастап, оны тек қажет жағдайда қолдану керек, – дейді төтеншеліктер.
Қауіп пен қатерді шақырғымыз келмейді. Десек те, бұл мәселе жеке отбасы шеңберінен шығып кетті. Бүтін қоғамның проблемасы деңгейіне көтерілді. Олай болса, қоғам бұл мәселенің алдын алып, ауыр статистиканы тоқтататын шешім шығару үшін нақты шараларды қолға алғаны жөн. Өкініштісі, мұндай қадам күні бүгінге дейін толық жасалған жоқ.

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!