Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментімен тергелген заңсыз ойын бизнесіне қатысты бес қылмыстық іс бойынша сот үкім кесті. Тергеу барысында Қызылорда қаласының тұрғыны, 58 жастағы Бахыт Досполов ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларында пайдакүнемдік ниетпен, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру мақсатында, жалға пәтер алып, 6 компьютер құрылғысын орнатып, бәс тігу жолымен құмар ойындарын ойнатқандығы анықталды. Сонымен бірге қаланың тағы бір ауданында жалға алған ғимаратта Жарас Бисариев атты азамат 15 дана компьютер құрылғыларын орнатып, ғаламтор желісін пайдалану арқылы интернет-казино құмар ойындарын ойнатқан.
Ал осы жаз айларында 42 жастағы тұрғын Саятқали Сағындықов та Қараманов көшесінен жалға алған мекенжайда ғаламтор желісін пайдаланып «superomatic», оның ішінде «рулетка», «покер», «блек джек» ойындарын ойнатумен айналысқан. Оған қоса азаматша Айгерім Елеукеева жалға алған екі қабатты ғимаратқа 30-дана процессор мен 17-дана монитор орнатып заңсыз қызметін бастаса, Қазбек Сәрсембеков атты қала тұрғыны да 10 компьютермен 6 ай бойы осындай заңсыз жұмыспен айналысып келген. Тергеу кезінде бесеуінің де күнделікті еңбек ақы төлеп, оператор-кассирлерді жұмысқа алғаны белгілі болды.
Аталған азаматтардың ойнатқан ойын түрлері сот компьютер-технологиялық сарапшылар қорытындысымен толық расталды. Қылмыстық әрекеттері олардың мойындауымен, куәгерлер жауабымен және жасырын бақылау хаттамасымен толық дәлелденді.
Нәтижесінде Қызылорда қалалық №2 соты аталған азаматтарды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, Б.Досполов, Ж.Бисариевқа және С.Сағындықовқа 200 (екі жүз) сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындады. Ал А.Елеукеева мен Қ.Сәрсенбековке 200 (екі жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде – 612 600 (алты жүз он екі мың алты жүз ) теңге айыппұл жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, бес ойын орынынан алынған 66 дана процессор, 57 дана монитор, 6 модем, 3 хаб және кассадан алынған 156420 теңге ақша қаражаты мемлекет пайдасына кірістелді.
ҚР ҚМА
Қызылорда облысы бойынша
экономикалық тергеп-тексеру
департаментінің баспасөзі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!