Санаулы күндерден кейін 1 маусым – балаларды қорғау күні мерекеленеді. Әрбір ата-ана сәбиіне қуаныш сыйлау үшін ештеңеден аянбайды. Баланың ермегі де, серігі де ойыншық болғандықтан оның түр-түрін алып беруге әркез дайын тұрады.  Балаға ойыншық таңдау барынша ұқыптылықты, жауапкершілікті талап етеді. Себебі ойыншықтың бала денсаулығына тікелей әсері бар. Бүгінде сауда сөрелерінде ойыншықтың сан алуан түрі бар. Сатуға рұқсат етілмеген, техникалық регламенттерге жауап бере алмайтын өнім түрлері бала денсаулығына қауіпті екенін жадыңыздан шығармаңыз.

Қазақстанда балалар ойыншықтарының сапасы мен қауіпсіздігі «Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы» Кедендік одақтың техникалық регламентімен реттеледі. Дәл осы құжат ойыншықтар сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірқатар талаптарды белгілейді.

Ойыншықты таңдау кезінде ең алдымен қамтамасына назар аударыңыз. Онда ойыншықтың атауы, өндірушісі мен оның орналасқан жері, ойыншық арналған баланың жасы, техникалық регламентке сәйкестігі, тұтыну ережелері туралы деректер, өндірілген күні, сақтау мерзімі мен шарттары көрсетіледі. Яғни ойыншықтың қаптамасындағы жазулар өнім туралы толық ақпарат беруі тиіс.

2025 жылы ойыншықтардың қауіпсіздігіне жүргізілген мониторинг шеңберінде зертеуге алынған ойыншық сынамаларының барлығы таңбалау бойынша техникалық регламенттер талаптарына сай болмай шықты.

Сатып аларда ойыншықтың иісіне де мән беру маңызды, бұл арқылы оның сапасын жанама түрде анықтауға болады. Ойыншықтардың өткір, жағымсыз иісі болмауы керек және ойыншықтың боялған бетінің беріктігін тексеру керек. Ойыншықтардың өндірісінде қолданылатын  бояғыш заттар рұқсат етілген шектен жоғары болса, бала денсаулығына қауіпті  болып табылады.

Кішкентай балалар ойыншықпен ойнағанда «дәмін татуға» тырысады, нәтижесінде  сапасыз ойыншық болса оның құрамындағы химиялық заттар ағзаға еніп, аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін. Ойыншықтардың бояуы ағып, жағылып немесе лак заттардың қабыршақтанып, түскенін көрсеңіз, алмағаныңыз жөн.

Назар аударатын тағы бір жағдай – ойыншықтардың үшкір бұрыштары мен қисық шеттерінің болмауы. Себебі мұндай ойыншықтар баланың жарақаттануына әкеп соқтырады.

Ойыншықтың түсі өткір, көз шағылыстыратын, қорқынышты құбыжық түрлерін алмауға тырысу қажет, ол баланың көру сезіміне және психологиясына теріс әсер беруі ықтимал.

Қазақстанның сауда нүктелерінде сатылатын ойыншықтарда өндіруші мемлекетіне қарамастан, жүргізілген зерттеулерге негізделген сәйкестік сертификаты, яғни олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаты болуы шарт. Сәйкестік сертификаттары бүкіл Кеден одағында жарамды болып табылады. Қазіргі таңда базарларда олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын ешбір құжатсыз саудалайтын жағдайлар жоқ емес. Сондықтан ойыншық таңдау кезінде барынша мұқият болып, айтылған кеңестерге сай әрекет етуді ұсынамыз.        

Нарықта ойыншыққа деген сан түрлі ұсыныс болғанымен таңдау Сіздің қолыңызда!

Гульмира Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!