Қазақстандық БАҚ беттерінде спорт саласындағы бірнеше былықтың беті ашылуда. Алғашында қыздар боксы сынның астында қалса, одан кейін дзюдо мен ауыр атлетикадағы жағымсыз ақпаратқа қанық болдық.  Енді бұл қатарға байдарка мен каноэ спорты қосылды.

Олимпиада чемпионы жалақыдан айырылды, пәтерден қуылды

2018 жылы Аргентинада өткен жастар Олимпиадасында қазақ спортының қоржынына тарихи медаль түсті. 16 жастағы Диас Бахраддин байдарка және каноэдан Олимп шыңын бағындырып, кенже қалған спортқа жан бітірді. Олжалы оралған оғланға Қызылорда облысының сол кездегі әкімі, бүгінгі Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартады. Сонымен қатар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы Диастың ерен еңбегін бағалап, 140 мың теңге көлемінде жалақы тағайындайды. Алайда бірнеше ай өткен соң Диастың спорттағы жағдайы құбыла бастады. Бапкердің қателігінен кейін жаттығудан шеттетілді, жарыстарға жіберілмеді. Арада бірер жыл өте салысымен Диас берілген пәтерден, артынша тағайындалған жалақыдан айрылды. Спорттағы сүреңсіз саясаттың құрбаны болған Диас Бахраддин редакцияға келіп, мән-жайды егжей-тегжейлі жеткізді.

ШОШҚА ЕТІН ЖЕУГЕ ДӘРІПТЕЙТІН

2018 жылы Олимпиададан олжалы оралғаннан соң тәубеме келіп, Әбу ханифа мәзхабын ұстанып, 5 уақыт намазға жығылдым.Намазды оқыған сәттен бастап, жеке бапкерім Диана Хазиевамен қарым-қатынасымыз нашарлай бастады. Намаз оқығаным үшін жаттығудан шеттетті. Өйткені жаттықтырушылар жарыс алдында шошқа етін ұсынатын. Әрдайым спортшылар салыны серік етті. Еуропаға жарысқа бара қалсақ, асхана тауық және шошқа етінен тағамдар әзірлейді. Бапкерлер калориясы аз деп тауық етін жеуге рұқсат бермейтін. Мұндай келеңсіздіктерге жол бермедім. Сондықтан жеке жаттықтырушым спортты немесе намазды таңда деп шектеу қойды. Екеуінде қатар алып жүруге рұқсат бермеді. Намаз – спорттық мансабыма кері әсерін тигізбейді деп ойлаймын.

БАРЛЫҚ СИЯПАТТАН АЙЫРЫЛДЫМ

2020 жылы мен үшін оңай соқпады. Бапкерлерім жаттығу мен жарыстардан айырды. Бұл бір Алланың сынағы шығар деп жүрдім. Содан жылдың басында тағайындалған жалақы тоқтатылды. Бірер ай өткеннен кейін сыйға тартқан үйді босатуға тура келді. Негізінде ережеге сәйкес үйді үш жағдайда босатады. Біріншісі, допинг дауына іліксе, екіншіден, облыстан басқа өңірге көшсе, үшіншіден басқа елге қоныс аударса. Бұл қағидалар менің мансабымда бұзылмады.Сәуір айынан бастап спорт басқармасына қарасты Жалаңтөс Баһадүр атындағы Олимпиадалық резерв колледжінен оқудан босатты. Осылайша Олимпиада алтыны көк тиынға татымады. Шыны керек, әкем өмірден өткеннен кейін үйдің тірегіне айналдым. Мен үйдің асыраушысымын. Бұл қиындықтар да артта қалады. Бастысы, жігеріме құм құйылмаса деймін. Спорттағы осындай лас дүниелер кейде қынжылтады.

КӨПТЕГЕН ЕЛДЕН ҰСЫНЫС ТҮСУДЕ

Спорттық мансабымда қысым болғандықтан жан-жағыма қарайлай бастадым. Әлемдегі дамушы елдерде байдарка және каноэ спортының дамуы қарқынды емес. Халықаралық жарыстарда жүлде салып жүрген соң танымалдылыққа ие бола бастадық. Жағдай ушыға бастағаннан кейін өзге елдерден ұсыныс түсті. Нақты айтсам, Түркия, Қырғызстан, Араб әмірлігі секілді мемлекеттер азаматтығын беріп, жағдайымды жасауға ниет білдіріп отыр. Егерде жағдай осы қарқынмен өрбитін болса, отбасыммен бірге қоныс аударуға шешім қабылдауға ниеттімін.  Бұдан басқа амалым жоқ. Мені өзімнің Қазақстаным қажет етпей отыр,  демек, күнкөріс үшін кісі еліне кетуге тура келеді.

Өмір деген үлкен мектеп екен, жас болсам да өзіндік көзқарасым бар, бар мен жоқты ажыратып, әділдік пен әлсіздіктің айырмасын айқындай аламын. Мен ешкімге де реніш айтпаймын, бірақ кеудемде өртенген өкініш ұмытылмайды. Маңдайдан сорғалаған терім, спорттағы нәтижем, қазақ еліне бақ әкелді, енді сол бақ өзіме сор болып тұр. Қайран қазағым, мен сондай халге түстім.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!