Бүгінде қаладағы инфраструктураның басым дені электр қуатына тәуелді. Тіпті жарты сағат көлемінде жарықтың өшуі бүтін құрылымның ақауына әкелетінін білеміз. Әсіресе, көпқабатты үйдегі ауыз су, көше жарықшамы мен бағдаршам жұмысы ең осал тұс саналады. Өткен аптада облыс орталығында туындаған электр тапшылығы аталған ойды бекіте түскендей.

24-25 маусым күні Қызылорда қаласының кей бөлігінде жарық өшті. Нәтижесінде ауыз су тоқтап, халықтың бір бөлігі дүкеннен су сатып алуға асықса, қалғаны бос құтыны арқалап, литрлеп су толтыруға шықты. Электр қуатының мұндай ауқымды түрде ажырауы қала тұрғындарын алаңдатып қана қоймай, сала мамандары да ақауды дер кезінде қалпына келтіруге тырысты.

Көп өтпей, орын алған олқылықтың себебі де анықталған еді. Тиісті органдар әлеуметік желідегі ресми парақшасы мен БАҚ-та электр қуатының ажыратылуын түсіндірді. Айтуынша, ауа-райының қолайсыздығына байланысты «KEGOC» компаниясының қосалқы станциясынан шығатын әуе желілерінің бойында ақау пайда болған. Сала мамандары мен жауапты мекемелер апатты ауыздықтау үшін дер кезінде жұмысқа кірісіп, күн-түн қызу тірлік басталған. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Абай Тағыберген өзінің Facebook-тегі парақшасында жазып, халықты дүрлікпеуге шақырды:

«Ауа райының қолайсыздығына байланысты “KEGOC” компаниясының қосалқы станциясынан шығатын әуе желілерінің бойында туындаған ақау салдарынан қала аумағында ауыз су тоқтатылып, электр жарығы өшірілді. Мамандардың шұғыл жұмыстары нәтижесінде ауыз су қайта беріле бастады. Электр жарығын қосу жұмыстары жүріп жатыр.

Осыған байланысты Тасбөгет, Сәулет, Бәйтерек шағын аудандарында электр жарығын беру уақытша тоқтатылды. Облыс орталығында жаңа тұрғын үйлер көптеп салынуда. Ол электр желісіне түсетін жүктеменің жыл санап артуына себепкер болып отыр. Нақты айтсақ, 100 үйге есептелген электр қондырғысы қазір шамамен 300 үйді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қалалық электр желісі жарты ғасырдан астам уақыттан бері халыққа қызмет жасап келеді. Аталған электр желілері қайта жаңғыртуды қажет етеді», – делінген жазбада.

Алғашында апаттың себебін әркім әрқилы топшылағаны жасырын емес. Көбі күннің күрт ысуы салдарынан олқылық орын алды десе, енді бірі кінәні жаз мезгіліндегі электр жүктемесінен іздеген. Ресми дерек соңғы нұсқаны көбірек жақтауда. Мамандар KEGOC компаниясының қосалқы станция­сындағы 35 кВ әуе желісінде жүктеме күрт көбейіп, сымдар қызып, үзіліп кеткен деген пікірде.

Әлеуметтік желіден апатты жағдайды қалпына келтіру жұмысымен «Қызылорда электр тарату тораптары» мекемесінің айналысқанын аңғаруға болады. Мекеме қызметкерлері үздіксіз жұмыс режимін жүргізіп, бірнеше күнде электр энергиясын қалпына келтіруге мүмкіндік алған. Алайда бұл ақау алдағы уақытта қайталанбайды деген сөз емес. Тозығы жеткен жүйелердің қазіргі қалпы салаға салғырт қарауға болмайтынын көрсетуде.

Расында, ақау шыққан алғашқы күннен бастап сала басшылары мен қызметкерлерінің тынымсыз тірлігі байқалды. Тіпті облыс әкімі аталған жағдай тікелей бақылауда екенін білдіріп, құзыретті органдардың жұмысын қадағалауға кірісті. Ал облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов ақау орын алған қосалқы станцияға барып, сала мамандарымен бірге мәселені анықтауды бастаған еді.

Қаладағы бірнеше шағын аудан уақытша электр жарығы мен ауыз сусыз қалғаны туралы ақпарат аймақ ғана емес, республика көлеміне тарап, әлеуметтік желіде түрлі болжам туындады. Осыған орай Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Руслан Нұрмағанбетов те болған жағдайды түсіндіріп, арнайы жиын өткізген болатын. Онда қазіргі жөндеу жұмысының бағыт-бағдары мен алдағы жоспар сараланды.

«Маусым айының 25-26 күні электр желілеріндегі ағытулардың салдарынан  қаланың бірнеше аумақтарында апаттық жағдай орын алды. Сондай-ақ, электр желілерінің ағыту салдарынан су беруде ақаулар болды. Себебі «Бастоған» су беру нысаны электр желілеріне бағынысты. Өздеріңізге белгілі, бірнеше күннен бері күннің қатты ысуы байқалады. Кей жерлерде 45 градусқа дейін ауа температурасы көтерілді. Бұл электр жүйесіне жүктеменің қатты өсуіне әкеліп соқтырады. Қазіргі таңда барлық жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Қала тұрғындарына электр жарығы мен су беру тұрақты», – деді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!