Қазір әлеуметтік желіде осыдан 10 жыл бұрын түскен суреттерін жариялау кезекті «настольгияға» толы трендке айналды. Біз де трендті ескере отырып, өткен он жылдағы өзгерістерге шолу жасауды ұйғардық.

2016 жылдан 2026 жылға дейінгі он жыл – адамзат үшін толқулы, өзгерістерге толы уақыт болды. Бұл онжылдықта ғылым мен техника, мәдениет пен спорт, қоғам мен өмірдің көп саласында талай жаңалық пен феномен өмірге келді. Әр дәуір секілді, бұл кезең де бізді таңғалдырды, шабыттандырды, кейде өзгерістерге жетеледі.

Өмірімізге жасанды интеллект санаулы уақыт бұрын ғана еніп, оның игілін енді көріп бастасақ та, сонау 2016 жылы бұл туралы жиі айтыла бастаған еді. Қазір ЖИ-дің дамығаны сонша, өмірдің кез келген саласында кездеседі. Мысалы, жасанды интеллект негізінде құрылған құралдар ауруларды ерте анықтау (МРТ,ЭКГ аппараттары), тілдерді аудару, бейне контентті өңдеу секілді салаларда адам мүмкіндігін арттырып жатыр. Тіпті қолданыстағы «Алисамыз» да осы ЖИ-дің бөлігі.

2020 жылы әлемді жаулаған COVID- 19 пандемиясы бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқан қаншама халықтың қорқынышы болды. Адамзат тарихында мұндай жаппай вакцина өндірісі бұрын- сонды болмаған жылдамдықпен жүзеге асты. Бұл дерт өткен онжылдықтағы ең тарихи әрі күрделі кезеңнің бірі болып есте қалды.

Сондай-ақ кино мен медиа саласында да бірнеше феномен туғаны мәлім. Мәселен, «Marvel» кинокомпаниясының «Мстители: Финал» фильмі 2019 жылы бүкіл әлем бойынша рекордтық табысқа жетті.

Қазақстандық өнер әлемін айтып өтпеске болмас. Димаш Құдайберген – отандық әнші, дауысының диапазоны мен сахнадағы шеберлігі арқылы әлемдік аренада танылып, халықаралық аудиторияны жаулап алған тума талант. Оның танымалдылығы 2017 жылы «Singer-2017» телевизиялық байқауына қатысқалы тоқтаусыз арта бастады. «Әр қазағым – жалғызым» демекші, қазақтың рухын көтеріп жүрген азаматтың еңбегін жұрт бағалайды. Бұл да қазақ елінің 2016 жылдан бері жеткен ең маңызды жетістіктерінің бірі десек артық айтпаймыз.

Бұл кезеңде әлеуметтік медиа тұтқасы айтарлықтай кеңейді. «Instagram», «Tik- Tok», «YouTube» секілді платформалар жастар мәдениетін анықтайтын басты алаңға айналды. «TikTok»-тың бір ғана жылда миллиардтан астам қолданушысы жинауы – цифрлы коммуникацияның жаңа форматын дүниеге әкелді. «Таланты бар, танысы жоқ» дарын иелері осы платформалардың арқасында танылып, армандарына қол жеткізді.

Әлем чемпионаттары, Олимпиадалар – әрқашан адамзаттағы ең жоғары спорттық рухтың көрінісі. 2021 жылғы Токиода өткен Олимпиада пандемияның қиын шағында өткізілсе де, түрлі рекорд пен жарқын сәттердің арқасында есте қалды. Қазақстан спортшылары да әлем аренасында өзіндік орнын айқындап, ауыр атлетика, бокс секілді салаларда табыстарға жетті.

2020 жылдардағы «Black Lives Matter » қозғалысы әлемдік қоғамдастықты әлеуметтік әділеттілік, тең құқықтар мәселелеріне назар аударуға итермеледі. Бұл қозғалыс расалық теңдік пен адам құқықтарының сақталуын талап ететін көптеген азаматтық бастамаларды тудырды. Қазақстанда да әлеуметтік теңдік, еңбек құқығы сияқты мәселелер қоғам талқылайтын негізгі тақырыптардың біріне айналды.

2016-дан 2026-ға дейінгі он жыл – адамзат тарихында маңызды бетбұрысқа толы уақыт болды. Бұл кезең технологиялық серпіліс, мәдени жаңғыру, қоғамдық өзгерістер мен экологиялық сананың оянуы арқылы ерекшеленді. Алдағы он жылдықтың да келелі жетістіктерге толы боларына сеніміміз мол һәм сол күнге аман-есен жетейік, құрметті оқырман!

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!