2019 жылдың 27 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін, бюджеттік, салықтық заңнаманы және теміржол көлігі туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Заңды қабылдаудың мақсаты оңалту және банкроттық туралы заңнаманы жетілдіру, микро және шағын бизнес компанияларын табысқа салынатын салықтан үш жыл мерзімге босату және республикалық бюджетті орындауға бақылауды күшейту болып табылады.
Заң рәсімдерді бастамашылық ететіндер үшін нақты және түсінікті критерийлерді белгілеу арқылы оңалтуды және банкроттықты қолдану үшін талаптарды жеңілдетеді.
Банкроттық туралы істі қозғау үшін бизнес субъектісіне міндеттемелердің активтерден тұрақты асатындығы туралы деректерді ұсынуы жеткілікті, бұл оның орнықты төлемге қабілетсіздігін дәлелдейді.
Өз кезегінде, кредитор заңды күшіне енген сот актісі немесе борышкерден ақшаны өндіріп алу туралы атқарушылық құжат немесе борышкердің қарызды тануы негізінде оның алдындағы міндеттемелер орындалмаған кезде борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
Бұл ретте Заң ақшалай міндеттемелердің мөлшеріне және олардың орындалмау ұзақтығына талап қоймайды.
Оңалту рәсімін қолдану және борышкерді банкрот деп тану туралы шешімді сот борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындыны ескере отырып қабылдайды.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік қызметін тоқтатуды болдыртпау үшін өзінің төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру мақсатында оңалтуды қолдану құқығы дара кәсіпкерлерге берілді.
Заңның негізгі бағыттарының бірі банкроттық рәсімін жүргізу мерзімдерін қысқарту және бұл оны жүргізу шығындарын азайтып, кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру деңгейін арттырады.
Бұл үшін Заң кредиторлар жиналысының кейбір өкілеттіктерін кредиторлар комитетіне беруді көздейді.
Банкроттықты міндеттемелерін орындаудан жалтару үшін пайдаланатын тұлғалардың жауапкершілігін күшейту үшін «Әдейі банкроттық» құқық бұзушылығының құрамы нақтыланды.
Оңалтуды және банкроттықты жүзеге асыру бойынша қызметтің сапасын жақсарту мақсатында кәсіпқой бухгалтерлерге біліктілік емтиханын тапсырмай-ақ әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы берілді.
Заң аясында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде микро немесе шағын кәсіпкерлік субъектілері корпоративтік табыс салығын, әлеуметтік салығын, бірыңғай жер салығын төлеуден босатылды.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы З.Жарылқасынова
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!